Басты ақпарат

БІЗДЕ ОТАН БІРЕУ, ОЛ – ҚАЗАҚСТАН

Кең ауқымды шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед, сенатор Сәрсенбай Еңсегенов, қазақстандық ауған жауынгерлері қауымдастығы төрағасының орынбасары, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл, «ҚР Қарулы күштері ардагерлері» ҚБ төрағасы, «Халық қаһарманы» Бақытжан Ертаев, рәміздер жөніндегі республикалық комис­сияның мүшелері Серік Еркімбеков және ҚР мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков арнайы келді.

Ұлттық құндылықтар ұлықталған күн

Форумның алғашқы күні республиканың түкпір-түкіпірінен келген 200-ге тарта делегат Атыраудың мұражайларын, тарихи және мәдени орындарын аралап, мәдени іс-шараларға қатысты.

Егемен елдің рухы – Мемлекеттік Әнұран шырқалып, елдің тұтастығын паш ететін Ел­таң­басы жарқыраған, көкте Туы желбіреген сал­танатты форум бұған дейін түркі тектес халықтардың рухани орталығы – Түркістанда бастау алып, Алаштың рухани орталығы – Семей, Павлодар, Қостанай мен Астана қалаларында жалғасқан еді. Ал, Атырауда өткен форумда үш мыңға жуық қатысушы болды.

Атырау форумы «Біздің Ту, Біздің Ел­таңба, Біздің Әнұран» атты патриоттық ак­­ция­дан бастауын алды. Жер-жерден жинал­ған жұртшылықпен бірге сап түзеген авто­жүр­гізушілер, байкерлер мен салт аттылар «Ақжайық» қонақ үйі алдынан ені – 10 метр, ұзындығы – 20 метр болатын мемлекеттік рәміздеріміз Елтаңба мен Туды салтанатты түрде алып жүріп, орталық Исатай-Махамбет алаңына барып, Астана уақытымен сағат 11.00-де Туды тұғырға көтерді. Бұл кезде бір уақытта еліміздің барлық өңірінде Мемлекеттік әнұран орындалып, мемлекеттік рәміздерді салтанатты алып жүрумен патриоттық шаралар ұйымдастырылған-ды.

Атыраудағы орталық алаңға жиылған жұрт республиканың барлық халқымен бірге бір мезетте егемен елдің рухы – Мемлекеттік Әнұранды бір кісідей шырқады. Ерекше Елтаңба, асқақ Ту және айбынды Әнұран жұртшылықтың рухын көтеріп, кеуделеріне отаншылдық сезімін ұялатты.

– Рәмізіміз 1992 жылдың 4 маусымында көтерілді. Бұлар – менің тұмарым. Себе­бі, ша­ңырақ – елімнің татулығы, бірлігі мен болашағы. Шаңыраққа көз тіксең, көк аспан, көк бұлттарды көресің. «Бастаудың суы лайланса, су таусылады. Рух лайланса, ел тұншығады» деген ата-бабаларымыздан қалған асыл сөз бар. Бастаудың суын –
рухымызды сақтауымыз қажет. Бүгінде егемен елміз, көк Туымыз желбіреп тұр көгімізде, Ел ұранымыз бен таңбамызға көз сүйсінеді. Көкке қалықтаған байрағымыздағы күн бізге бақыт, жарық сыйлайды. Ол – мәңгіліктің белгісі. Ал, қыран – қаһармандығымызды айғақтайды, – деп жүрекжарды лебізін білдірген «Халық қаһарманы», ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев патриоттық форумды жоғары деңгейде ұйымдастырып отырған облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетовтың еңбегіне жеміс тіледі.

– Патриотизм саяси ұғым емес, ол – мәдени, тарихи түсінік, – дейді Алматы қаласынан қа­тысқан делегат, Ауған соғысы ардагері Әскер­бай Әлпейісов. – Әр адам өзінің шыққан тегін, өмір-салтын, дүниетанымын өмір сүру тәртібіне байланысты бойына сіңіріп, сол бойынша қазіргі заманның ағымына сәйкес жоғары түсінікті санасына жинақтап, ізгілікті іс жасай алса, нағыз патриот – осы. Еліне, жеріне, халқына деген боямасыз, ішкі таза сезім. Бүгінгідей бастамалардың елімізде кеңінен қанат жаюына жол ашатын, жастардың рухани жағынан өсуіне серпін беретін форум өте қажет. Өйткені, адам өз қатарына қарап, бой түзеу арқылы ой-санасын жаңғыртады, жақсылыққа ұмтылады. Сөйтіп, қоғамның дамуына ықпал етеді. Мұндай кең көлемді шараларды балабақшадан бастап ұйымдастыру керек. Өйткені, баланы қалай бағып, өсірсең ол солай өседі емес пе?! – деп сөзін аяқтады ол.

– Бүгін еліміздің мәртебесін асқақтар қуа­нышты күн! Әсіресе, жас ұрпақ үшін маңызды күн! Қазақстанымыз жасай берсін! Ел алдында тұрған болашақ жоспарларын бірге жүзеге асырайық! Елімізде жетім бала болмасын!,- дейді 110 жетім баланы бауырына басқан «Нұр» қайырымдылық балалар үйінің директоры Тұяқ Есқожина.
Танымал спортшы, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионы Денис Тен де форумның жас­тарға беретіні мол екенін жасырмады: «Мен Атырау қаласына алғаш рет келіп тұрмын. Мұндай ауқымды шараға да алғаш қатысуым. Бұл жиынға шақырылғаныма өте қуаныштымын. Бойымда отаншылдық сезімі толып, толқып тұрмын. Әсіресе, мемлекетіміздің әнұранын аса жақсы көремін».

Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмiтiн, арман-тiлегiн жеткiзетiн ерекше құнды белгiлер – Ұлттық рәміздерімізді ұлықтап, жас­тарды отансүйгіштікке баулитын «Менің Қазақстаным» атты республикалық VІ пат­риоттар форумы осылай басталды.

«Жыл патриоттары» марапатталды

Егемендігіміздің берік нышаны – Мем­лекеттік рәміздер күні өткен Қазақстан пат­риоттарының VI форумының салтанатты жиынына Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед арнайы қатысып, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кең-байтақ еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған отаншыл жастарға жолдаған құттықтауын жеткізді.

Онда «Мемлекеттік рәміздеріміз – Ту, Ел­таңба және Әнұран – Тәуелсіздігімізді әйгілейтін, барша қазақстандықтардың бірлігін танытатын қасиетті де маңызы зор бейне-нышандар. Шынайы патриотизм мен Отанға деген сүйіспеншілік оның Мемлекеттік рәміздерін қастерлеуден басталады.

Ежелгі заманнан бері Отанына адал ұлдардың айбынды ерліктері, атамекенге деген шексіз ықыласы кейінгі ұрпаққа елі мен жерін сүюдің жарқын үлгісін көрсетіп берді. Форум жастар бастамасына серпін беріп, ұлы мұраттарға ұмтылған Қазақстан қоғамын біріктірер айтулы оқиға ретінде өтеді деп сенемін» делінген.

Бұдан соң, шараның ең басты оқиғасы – еліміздегі «Жыл патриоттарын» бес номинация бойынша марапаттау болды. Олардың арасында спортшылар, дәрігерлер, жас ғалымдар, ұстаздар мен дәрігерлер, құтқарушылар және Ішкі істер органдарының қызметкерлері бар. «Әлем таныған Қазақстан!» номинациясында өз ісіне сүйіспеншілігін, Отанға деген сезіммен астастырған, талантына әлем таңдай қаққан тарланбоздар марапатталды. Сайыпқырандарға арнайы сыйлықты табыс еткен Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков «шаңырақ биік болсын деген бейнелеу орындалды, бүгінде Елтаңбамызда көрсетілгеніндей, тереземіз тең, шаңырағымыз кең мемлекет болдық» деп, жастарға ақ жол тіледі. Аталмыш номинация бойынша, «Жыл патриоты» атанғандардың ішінде мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Денис Тен де болды. Қуанышын бізбен бөліскен Денис «бүгін мен Америкада болуым керек еді. Бірақ, мен қалдым. Өйткені, өз Отанымның патриоты атану – мен үшін үлкен мәртебе, барлық сыйлықтардан да қымбат» деген ол алдағы жоспарларымен де бөлісті. Мәнерлеп сырғанау шеберін алда Қытайда өтетін әлем кубогымен қатар, Сочи олимпиадасы күтіп тұр. «Еліңнің намысын қорғаудан, еліңнің абыройын асқақтатудан асқан бақыт жоқ. Туған еліңнің Туы көкте желбіреп, Әнұраны әуелеген сәтте ет-жүрегіңді ерекше сезім билейді. Елге деген сағыныштың тәтті сезімі кеудеңді кернеп тұрады. Мұның бәрін сезіндіретін бір нәрсе – көкте желбіреген көк байрақтың құдіреті мен әуелеген Әнұранның қуаты. Сочи олимпиадасында елім үшін тағы ерекше сый жасаймын деп ойлаймын», – деді сайыпқыран спортшы.

«Асқақ азаматтық» номинациясы бойынша сын сағатта нағыз азаматқа тән іс жасаған бүгінгінің қаһармандары марапатталды. Ме­йірімділік, қайырымдылық, бір сөзбен айт­қанда, өз халқына қалтқысыз қызмет етуді өмірлік бойтұмар еткендерге сыйлықты саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов табыстады. Олардың арасында Шығыс Қазақстан облысынан келген криминалдық полицияның жедел уәкілі Ерлан Рүстемов, анасының жүрегін мұқтаж адамға беріп, өзгенің өмірін сақтауға септігін тигізген Игорь Воротников, қостанайлық полицей Ерік Қоянбаев та болды.

«Жан жүрегім – Қазақстан!» Шынайы пат­риотизмнің асқақ шыңынан көрінгендерді Халық Қаһарманы, Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев марапаттады.

– Біздің бабаларымыз тұмадай тұнық бастау суы лайланса, су таусылады, рух лайланса, ел тұншығады» дейді. Құдайға шүкір, қаншама қиындықты бастан өткерсе де, қазақтың рухы мұқалған кезі жоқ. Керісінше, намысы қайрала түсті. Сол намысы, рухы мықты бабаларымыз бізге осынау ұлан-ғайыр жерді аманаттап, Қазақ елінің тәуелсіз мемлекет болуын аңсап өтті. Енді, міне, бабалар армандаған тәуелсіз ел болғанымызға 22 жылға аяқ басты, өзіміздің Мемлекеттік Әнұранымыз, Туымыз бар. Еліміз әлемге танылды, Елбасымыздың шетелдерге сапары кезінде, әлемдік спорт додаларында қазақтың Әнұраны шырқалып, көк байрағы жиі көтерілетін мерейлі күніміз көбейді. Осынау абыройымыз асқақтаған, мерейіміз тасыған қуанышты күндеріміз азаймағай, елін, жерін сүйетін азаматтарымыздың рухы мұқалмағай», – дей келе халық қалаулысы «Жыл патриоты» төсбелгісін табыстады. Атаулы сыйлықты иегер­лері – екі дүркін Азия чемпионы Шалқар Жола­манов, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік наг­радасының иегері Майдан Құсайынов атанды.

«Өрге қанат қаққан Қазақстан!» номинациясын журналист Оксана Питерс табыстады. Арнаулы сыйлық иеленгендердің арасында шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаева, зымыран жанармайының жаңа түрін ойлап тапқан атыраулық оқушы Гауһар Заиденова да болды.

Ең кішкентай номинант Бибісара Асаубаева бүгінде бар болғаны тоғыз жаста. Шахматпен 4 жастан бастап айналысып келетін бұл ойын түріне атасы баулығанын айтады. «Бірде теледидардан Александр Костынюкті марапаттап жатқан сәтті көріп қалдым. Сол сәттен бастап, шахматпен айналысуға деген құштарлығым оянды. Күні бүгінге дейін түрлі деңгейдегі 12 алтын, 1 күміс медаль иелендім. Соның ішіндегі 4 алтын медаль халықаралық деңгейде. Бірақ, бүгінгі сыйлықтың мен үшін маңызы ерекше. Елімнің патриоты екендігімді мақтан тұтамын», – дейді ол.

Ресейлік ғалымдардың таңдайын қақтырған атыраулық номинант Гауһар Заиденова бүгінде жұмысының көрші ел ғалымдары тарапынан әрі қарай зерттеліп жатқандығын айтады. Қуа­нышымен бөліскен ол: «Елбасы айтқандай, еліміздің болашағы жастардың қолында. Яғни, елімнің ертеңі мен үшін де маңызды. Осыдан тоқтамай, тек әрі қарай өзімді дамытып, әрі қарай өзімді көрсеткім келеді», – дейді.

«Ұлттық мәдениет, дәстүрді дамытудағы үлесі үшін» номинанттарына сыйлықты жазушы, композитор, Қазақстан мен Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Илья Жақанов табыстады. Номинанттардың арасында белгілі продюсер Қыдырәлі Болманов та болды. Қыдырәлінің бастамасымен өмірге келген қазақы қуыршақтарды айтпағанның өзінде, бір ғана «Ұлытау» жобасының күллі қазақты, қазақ мәдениеті мен қазақтың болмысын әлемге танытқаны әмбеге аян.
Бүгінгінің батырларын марапаттаған салтанатты шарада Қазақстанның эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева, Айгүл Үлкенбаева, Ерболат Құдайберген, «Алашұлы» және «Кеш YОU» топтары өнер көрсетті.

Мемлекеттік рәміздер – ел мерейі

Мемлекетіміз бен егемендігіміздің берік негізі саналатын Рәміздер күніне орай өткен республикалық патриоттар форумы Атырау политехникалық колледжі қабырғасындағы кездесу кешіне ұласты. Әр өңірден келген делегаттардың басын қосқан жиын барысында рәміздер тарихы кең талқыға салынып, түрлі ұсыныс-тілектер айтылды.

Алдымен, атыраулықтардың бастамасымен жүзеге асырылған салтанатты шара ұйымдастырушылары мен еліміздің әр түкпі­рінен келген қатысушыларға алғыс айтқан ҚР Мемлекеттік Елтаңбасы авторларының бірі Жандарбек Мәлібекұлы: «Бұл менің Атырауға алғаш рет келуім. Әсем қаланың келбетін көріп, еліміздің қалыптасып, еңсесін тіктегеніне куә болып отырмын» деген шынайы лебізін жеткізді.

Төл теңгеміздің авторы, еліміздің бас дизай­нері, ҚР дизайнерлер одағының президенті Тимур Сүлейменов: «Әуелгі баста осындай ұсыныс келіп түскен сәтте бойымды қорқыныш пен қуаныш қатар биледі. Қызығы мен қиындығы қатар өрілген, жауапкершілігі мол жұмыстың нәтижесінде «теңге» деп аталатын ұлттық валютамыз өмірге келді»,- дейді. Айта кетелік, Тимур Бимашұлы мемлекеттік рәміздердің де тұжырымдамасын жасауға атсалысқан. Еліміздің әр түкпіріндегі, әсіресе, Астана мен Алматыдағы бірнеше әсем ғимараттарға қол­таңбасын қалдырған дизайнер.

– Мемлекеттік рәміздер – кез келген елдің қайталанбас дара белгісі. Әнұран да дәл солай. «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның Әнұраны Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша, 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет ол 2006 жылы 11 қаңтарда Мемлекет басшысының салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды. Мәтінін белгілі ақын Жұмекен Нәжімеденов пен Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жазғаны белгілі. Естігенде рух беретін, жігеріңді жанитын тамаша туындының музыкасын жазған – дарынды да дара Шәмші ағамыздың орны бөлек, – дейді мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия мүшесі, белгілі композитор, Қазақ ұлттық өнер академиясының бірінші проректоры Серік Еркінбеков.

Көптің көкейінде қалар тағылымды кездесуді Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов: «Бүгін – еліміз үшін ерекше күннің бірі. Дүниежүзіндегі бірнеше ұлттың ішінде екі жүзге жуығы ғана өз мемлекетін құрған. Сол елдердің арасында тәуелсіз Қазақстан Республикасы бар. Ата-бабаларымыздың жанын аямай қорғап, кейінгі буынға аманат еткен ұлан-ғайыр еліміздің мемлекеттік рәміздерін өз қолдарымен жасаған ағаларымыз ортамызда отыр», – деп қорытындылады:

– Бүгін біздің басымызды құрауға себеп болып отырған тек мемлекеттік рәміздер ғана емес, оның астарында тәуелсіздігіміз тұр, – дейді Сәрсенбай Құрманұлы. – Сондықтан, осынау мейрам – еңселі егемендігіміз бен тәуел­сіздігіміздің мерекесі. Мемлекет болғасын рәміз­дері болуы шарт. Ресми түрдегі үш мемлекеттік рәмізімізбен қатар, бейресми төртінші белгіміз бар, ол – ана тілі. Рәміздер мен ана тілімізді құрметтеу – бәрімізге міндет, әр қазақ үшін қа­сиетті де қастерлі ұғымдар. Әр адам осы қағи­датты ешқашан есінен шығармауы керек.

Абзал жандардың игі істері жас ұрпаққа үлгі болып, оларды білім мен ізденіске тартып, елі мен жерін сүюге тәрбиелеуге үлес қосары сөзсіз. Бұл әсерлі кездесуге қатысқан жастардың жүздерінен анық білініп тұрды.

Жайық бетіндегі жұлдызды түн

«Менің Қазақстаным!» ұранымен ұйым­дастырылған патриоттар форумы шең­беріндегі шараның соңғысы кешқұрым су бетінде моторлы қайықтардың түрлі көрініс көрсеткен «лазерлік шоуына» жалғасты.

Кейін, қолдарына көк Туды желбіретіп ұстаған шерушілер су бетінде салтанатпен жүріп өтті. Жайық өзенінің Балықшы мен Жұмыскер кенттерін бір-біріне жалғайтын, автомобиль көпірінің тұсынан бастауын алған шерушілер Тұрғын үй қалашығы тұсындағы автокөпірге келіп аяқталды.

Бір сәт дарияның беті бейне сахнаға айналуы кешті тамашалауға келген көрермендердің көкірегіне отаншылдық сезімін ұялатты. Атырау өңірінің өнерпаздары мен еліміздің эстрадасы жұлдыздарының қатысуымен концерт берілді. Бұлардың бәріне де егемендігіміз бен тәуелсіздігімізді танытатын, соның басты айшықтары болып табылатын мемлекеттік рәміздеріміз арқау етілді.

Әсіресе, судың бетіне түсіріліп, сан алуан құбылған реңгке бөлеген түрлі-түсті жарықтар, лазерлер «Қазақстан, алға, биіктерге самға!», «Менің Қазақстаным – менің Отаным!», «Жасай бер, Қазақстан!», «Мемлекеттік рәміздер – мақтанышым!» болып, айдын төсіне жазылды. Отаншылдық сезімге бөлеген сөздер көрермендерді рухтандырып, мақтаныш сезіміне бөлеп, мерейлендірді.

Шараның соңы өзен бетінен сәулеленіп көрінген мерекелік отшашумен мәресіне жетті.

Нұргүл НАСЫР

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button