Басты ақпарат

Біздің балалар көшеде неге қазақша сөйлемейді?

Қазақшасы кем елорданың қара балаларының орысша сарнап тұратыны әбден ақжемі шыққан, жазуға да қиын тақырып екені рас. Оңтүстікте қазақша сөйлеп жүрген балалар осында келсе болды орысша сайрап кетеді. Егер үйде әжесінің бесік жырын тыңдап өссе, ертегі тыңдап ұйқыға кетсе өйтпес еді дейсің, бірақ олардың көбінің әжелері алыс­та. Амал жоқ, қарадомалақ «Nickelodeon» ұсынған мультфильмді көріп, «Карусельдің» әлдиімен ұйықтайды, одан қалса қолындағы смартфонында самсаған мультфильм. Бәрі орысша. Түрі ғана қазақ қалалық ата-­әжелердің немересімен орысша тілдескені қанша ерсі көрінсе де оған да көз үйреніп болды.

Анасы қай тілде сөйлесе,бала сол тілде сөйлейді

Нұр-Сұлтан қалалық №76 мектептің мұғалімі, педагогикаға 28 жылын арнаған Меруерт Темірова мәселе ата-анада екенін айтады:
– Баланың қазақша сөй­леуі отбасына байланысты. Егер ата-ана тек қазақша сөйлесе бала қайда кетеді? Мүлдем орысша сөйлемей, таза қазақша сөйлейтін ата-аналардың балалары да таза қазақша сөйлейді, бірақ ондай отбасылар өте аз. Өзім сабақта балаларды үнемі өзара қазақша сөйлеуге шақырамын, ұлтымыздан шыққан ұлы адамдар туралы айтамын. Осындай тәрбие үйде де болуы керек. Өйткені бала анасының ғана тілінде сөйлейді, ана тілі деп аталуының өзі осыдан. Әйтпесе неге әке тілі деген жоқ? Егер үйде аналар, қазақ келіншектері таза қазақша сөйлесе, онда қоғам қазақша сөйлей бастар еді, қазақ әйелдері өздерінің қолында үлкен мүмкіндік барын білмейді, себебі ертеден кешке дейін тірліктің соңында жүр. Үйде шешесі орысша тілдеседі, қоғамдық көлікте, кез келген жерде бала тек орыс тілін естиді.

Қазақша сөйлетукүрделі мәселеемес

Қаладағы қазақ баласы неге орысшаға бейім екенін, бұл жағдайда бала психологиясына не әсер ететінін психологтан да сұрап көрдік.
Шұғыла Дуанаева, балалар психологы, Нұр-Мүбәрәк университетінің аға оқытушысы, PhD докторанты:
– Қазақ мектебінде оқитын балалардың орысша сөйлеуінің себебі – ақпараттық кеңістіктің орысша болуынан. Миымыздағы сөйлеуге қатысты ойды сөзге алмастыратын психикалық процестер орысша жүргендіктен сөз де орысша болады. Сондықтан ең алдымен орысша ойлау мәселесін қолға алу керек. Егер отбасында үнемі қазақша сөйлесе, мектептегі, көшедегі коммуникация қанша жерден орысша болса да балаға үйдегі тәрбие қатты әсер етеді, сондықтан әр ата-ана өздері қазақша сөйлесе бұл соншалықты күрделі мәселе емес. Бүгінгі таңда ата-ана мен бала үй жағдайында қарым-қатынасқа түспейді, әке-шеше таңертеңнен кешке дейін жұмыста, бала мектепте.

Өз тілін білмейдідеп уайымдапжүрген кім бар?

Мақаланы дайындау барысында біраз ата-ананы сөзге тартып көрдік. «Үйде қазақша сөйле десек те, ортаға байланысты орысша сөйлейді» деп уәж айтқандар да, «қазақ тілімен ешқайда бармайды, орысша мен ағылшын білгеннен қор болмайды, қазақ мектебінде білім сапасы төмен, ертең латын тіліне көшкен кезде баламыздың миы ашып қалуы мүмкін, онсыз да оқулықтардың тіліне бала түгіл, өзіміз түсінбейміз» деген де ата-аналар табылды.
Рахат Әбенованың екі баласы № 59 мектептің қазақ класында оқиды, өзі ағылшын тілінің маманы:
– Мойындаймын, балалардың тілі орысша шықты, әкелері орыс тілді. Оның үстіне қасындағы балаларға қарайды, орта солай, қарап тұрсаң қазіргі балалар қазақша сөйлегісі келмейді, құлқы жоқ, өз тілін білмегеннің масқара жағдай екенін айтамын, қазақша сөйлеңдер деп әдеби кітаптар сатып әкеліп отырам, қазір үйде шамалап сөйлейтін болды. Бірақ тек менің ғана шамам келмей жатыр, ойын алаңы, мектеп, араласатын ортасы түгел орысша сөйлейді, ол үшін барлық қазақтар өз балаларына қарауы керек, қазір балаға үйден ұлттық тәрбие берілмейтін болды, балам өз тілін білмей қалар-ау деп уайымдап жүрген ешкім жоқ, бәрі жұмыстың соңында кетті, әйтеуір ақша тапса, баланың қарны тоқ болса болды. Балаларым мектептің оқулықтарындағы көп сөзді түсінбейді, менен сұрайды, ерінбей түсіндірем. Оқулықтарды қарап отырып өзім де қынжылам, тілі ауыр, тікелей аударма жасайды, оқулық деген бірнеше тексеруден өтуі керек.

Сарқыт Исабекова, зейнеткер:

– Өмірімнің 43 жылын мектепке бердім, осы қала Қазақстанның астанасы болғанда қуанып, қазақтың жаңа астанасында тіліміздің көсегесі көгерер деп күткен едім. Жарайды, мен қартайған адаммын, жасым болса 84-те, бірақ кейінгі жастар, менің немерелерім мен шөберелеріме обал болды. Олар қазақша әрең үйреніп жүргенде енді басқа тілдердің үстемдігі қосылды.

Смағұл Елубаев, жазушы:

– Нұр-Сұлтан қаласы – қоғамның локомотиві, соған қарап басқа қалалар да орыс­тана ма деген қауіп бар. Ең алдымен конституциялық баптан құтылу керек, ол заңды енгізген заман басқа еді, 1989 жылы біз әлі тәуелсіздік алмадық. Ол кезде қазақ 39 пайыз еді, енді 73 пайыз, демографиялық ахуал­ды ескеріп, конституциялық реформа жасау керек. Парламент мемлекеттік тілде заң қабылдау керек, мемлекеттік тілді қорғай алмады, қор қылды, бұл масқара! Тәуелсіздікті не үшін жариялайды ұлттар? Ұлт өзін-өзі сақтау үшін жариялайды ғой. Ал біз не істедік? Отыз жылдың ішінде отыз ауыз сөз үйренбеген қазақтар толып жатыр. Кезінде Жириновскийдің айт­қанына күліп едік, енді шетелге шыққан жастар өз тілін білмей күлкі болып, аулада ойнап жүрген балалардың бәрі орысша сөйлеп жүр. «Астана ақшамы» газетінен хабарласып тұрмын дедің бе, онда астаналықтарға ең оңай жолын айтайын – кеше мен Алматы әкімі Б.Сағын­таевқа 6 айға тілдік мораторий қою жайында ұсыныс айттым. ҚР Президенті де алты айға орысша сөйлеуге мораторий жарияласа, бүкіл аппарат ұйқысынан оянып, қазақша сөйлеп кетеді.

Қазақ тіліне сұраныс азайып бара жатыр

Бастауыштың бірнеше мұғалімін сөзге тартқанымызда олар сабақ процесінде тілі орысша шыққан балаға қазақша сабақ түсіндіріп, қазақша жауап алудың өздері үшін қосымша салмақ екенін жеткізді.
Айсұлу Қыртанова, Нұр-Сұлтан қалалық №59 мектеп-лицейдің бас­тауыш сынып мұғалімі:
– Биылдың өзінде мектеп табалдырығын аттағандар үшін 6 қазақ сыныбы, 8 орыс сыныбы ашылды. Өзіміз де не болып бара жатыр деп ойланып қалдық. Осыдан 4-5 жыл бұрын қазақша сабақ айта алмай қиналған балаларым айналайын болып қалды, қазіргі балалардың тілдері өте нашар. Менің ойымша, теледидардан баланың жас ерекшелігіне сай қазақ тілінде қызықты бағдарламалардың болмауы да бір себеп. Бір «Балапан» каналымен қазіргі балаларды алдай алмаймыз. Оның өзін ұзақ дегенде 15-20 минут қараса рақмет. Оқулықтың тілі күрделі. Ал кітап оқу мәдениеті мүлдем жоқ. Балалар мүлдем кітап бетін ашпайды. Ата-ана ертегі, әңгіме, жаңылтпаш жаттатып, оқытып, өздері қай жерде де қазақша сөйлесе балаға одан артық үлгінің керегі жоқ. Оның үстіне бұл ғасыр цифрлы технология ғасыры дейміз. 1 жастан бастап смартфонға құштар балалар өсіп келеді. Телефондардың барлық функциясын қазақшалап, тек қана қазақша көруге ғана қолжетімділік орнату керек.

Оқулықтар да олпы-солпы

Мұғалім оқулық мәселесін бекер көтеріп отырған жоқ. Кешегі өткен тамыз конференциясында Білім министрі А.Аймағамбетов орыс тілінен қазақшаға аударылған оқулықтардың сапасын сынға алды. «Жауапты тұлғалар, оқулықты әзірлеушілер, олардың үстінен қараушылар бірінші кезекте орыс және ағылшын тіліндегі нұсқаларының дұрыс болуына баса мән бергенге ұқсайды. Ал мемлекеттік тілдегі нұсқасы «әйтеуір бар болса болды» деген немқұрайдылықтың құрбаны болған сыңайлы» деді. Осындай оқулықтан кейін балалар қазақша оқуға құштар бола ма? Мәтіннің сөйлемін үш қайтара оқып барып әрең түсінетін болған соң ата-­ана­лар баланы да, өзін де қи­намай орыс класына бере салғанды оңай көреді.

Мемлекеттік тіл кімге керек?

Тап бүгін қазақ тіліне қарсы бөгет жоқ, өзіміздің немкеттілігіміз ғана сор.
– Кілең қазақ, неге орысша сөйлейсіңдер? – дегеніме ұл:
– Осылай ыңғайлы әрі қазақша сөйлесең басқалар сені орысша білмейді, отсталый деп ойлайды, – деп жауап берді.
Шамасы тек біздің ұл ғана емес, осы Нұр-Сұлтандағы мекемелерде отырған қазақ жастарының бәрі солай ойлайтын шығар, әйтеуір, қазақша бірнәрсе сұрасаң, орысша жауап береді ғой. Олар атақты балерина Майя Плисецкаяның біздің бейшаралығымызды мүсіркеп, орысша сөйлеуге құмарлығымыздан жиіркенгенін білмейтін де шығар. Сенбесеңіз, ютубты ашып қараңыз. «Қазақтың орысқа осылай жіпсіз байлануы, құлдық санасы, орысқа құлай берілгендігі, орысша акцентсіз сөйлеуге тырысып, маймылдай сайқымазақтануы – қандай жиіркенішті, қандай өкінішті опасыздық!» депті Плисецкая. Тәуелсіздік алғаннан бері дүниеге келген қазақ жастарының 70 пайызы орысша сөйлейді екен деген деректі де көзіміз шалды. Осы Нұр-Сұлтанда қазақтардың пәтерін жөндеп жүрген өзбектер де неше жылдан бері осы жерде жүрсе де тек өз тілінде түсініседі. Орысша білмесем тапсырыс түспей қалар деп орысша сайрап кеткен өзбек көрмедік. Біз болсақ қазір айлығымыздан жырып, балаларды ағылшын үйрететін курстарға оқытып жатырмыз. Санада тәуелсіздік болмағасын сол, әйтеуір, елдің соңына қалмасын, тілден қиналмасын дейміз. Баяғыда әкелеріміз орысша білмей қалады деп бізді уайымдайтын, енді біз баламыз ағылшынша білмей қалмасын деп жанталасамыз. Үйдің маңындағы «ИNDIGO» тіл мектебіне хабарласқаны­мызда ағылшын тілі топтарына адам толық, қытай тілін оқытатын топтың да бірнешеу екенін білдік. Ал қазақ тілін үйренем деушілер… әзірге тым аз.

P.S: Зерттеуші мамандардың пі­кірінше, 2050 жылы ағыл­шын тілінің орнын қы­тай тілі басуы мүмкін екен. Қытайда ханзу тілін жете білмеген, мектепті ханзуша бітірмегендерге жұмыс табу, қызметтік сатыларда көтерілу мүлдем мүмкін емес. Қытай елшісі Чжоу Ли осыдан үш жыл бұрын баспасөзге берген сұхбатында «Қазақстанда қытай тілінің мектептерде оқытылуы жыл өткен са­йын ұлғайып келеді, бірнеше Конфуций институты ашылды. Қазақ қытай компаниясында жұмыс істейтінін мақтан етеді. Бұл қытай тілін үйренуге негізгі қозғаушы күшке айналды» деп қуанышын білдірген болатын. Олар қуанатын шығар, бірақ біз қуана алмаймыз. Саны көп болса да, бірыңғай ағылшын тілінде сөйлейтін Үндістан да өздерінің хинди тілінің беделін көтеру үшін жаңа заң жобасын шығарды. «Көп қорқытады, терең батырады» демекші, әрі саны көп, әрі экономикасы қуатты тап солардың тілі жоғалмас еді… Ал біз ше? Балаларымызды қазақша сөйлете алмай отырғанда біздің кімге өкпеміз бар?!

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button