Жаңалықтар

Біздің мақсат – әріптестерімізді үйрету

Кеше Астанаға арнайы келген ресейлік маман еліміздің әр аймағынан келген акушер-гинеколог мамандарға шеберлік дәрісін өткізді. Үзілісті пайдалана отырып, ғалымды аз-кем әңгімеге тартқан едік. 

Виктор Стуров, Новосібір мемлекеттік медицина университетінің гематолог дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор:

– Виктор Геннадьевич, басқосуда қандай тақырыптар талқыланды?
– Акушерлік және гинекология саласын жетіл­діру жөніндегі халықаралық семинар аясында өткен шеберлік дәрісінде көптеген тақырыптар қарастырылды.
Бүгінгі таңда әйелдер арасында кездесетін ауру түрлері белең алуда. Жүктілік кезіндегі гес­тоз
ауруы – қазіргі акушерлік саладағы өзекті проб­леманың бірі. Әйелдердің жүктілік ке­зіндегі ас­қынған ауру түрі, ол ана ішіндегі нә­рестенің ең маңызды органдары мен жүйке жүйесі қызметінің бұзылуына әкеледі. Өздеріңіз білесіздер, бұрын әйелдер арасында жатырдан қан кету басты мә­селе болса, бүгінде, керісінше, ұйып қалу жиілеп кетті. Бұрын тәжірибеде мұндай ауру түрлері жиі кездеспегендіктен, мамандар кейде басқа аурумен шатастырып жатады.
Сондықтан мұндай ауруларды анықтаудың диаг­ностикасын жетілдіру керек деп ойлаймын. Ананы бала босанғаннан кейін емес, бала туғанға дейінгі денсаулығын зерделеу қажеттілігін қолға алған жөн.

– Мұндай аурулардың көбеюіне не себеп деп ойлайсыз?
– Біріншіден, қазіргі жастар арасында гормональді препараттарды ерте бастан қолдану көп кездеседі. Бұл өз кезегінде жүктілік кезінде түрлі ауруларды тудырады. Нәтижесінде іштегі балаға да кері әсерін тигізеді. Екіншіден, экологиялық жағдай деп айтар едім. Әсіресе, Қазақстанда Семей сияқты экологиялық қолайсыздық қалыптасқан ортада ана мен балада кездесетін түрлі қан аурулары зардабын тигізіп келеді. Медицина қызметкерлеріне арналған шеберлік дәрісінде акушерлік саладағы диагностика, профилактикалық жұмыстар, емдеу ісі жөніндегі мәселелер кеңінен талқыланды.

– Қазақстанда диагностикалық зерттеу қалай дамыған?
– Рас, Қазақстанда медицина қарқынды дамып келеді. Себебі, мұнда заманауи жабдықтар, жоғары сапада қызмет көрсететін клиникалар бар. Медициналық кластер қалыптасқан деп айтуға болады. Тек Астананың өзінде қаншама орталықтар жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз – әріптестерге өз білгенімізді үйрету, тәжірибемізбен бөлісу. Мұнда да жоғары санатты гематолог, гемостазио­лог дәрігерлер бар. Білікті мамандар көп болса, диагностика саласы да алға қадам басатыны сөзсіз. Біздің алғашқы қадамымыз да сол, жас акушер мамандарға осы салада кездесетін ауру түрлерін анықтаудың, емдеудің жолдарын көрсету, пікір алмасу. Бұл ретте орталықта ұйымдастырылып отырған халықаралық семинарлардың берері мол деп ойлаймын. Астанада осындай шеберлік дәрістері жиі ұйымдастырылып тұрса, екі ел арасындағы медициналық ахуал одан әрі жақ­саратыны сөзсіз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button