Басты ақпаратЖаңа Қазақстан

Біздің таңдауымыз – өңірлік ықпалдастық

Әлемдегі геосаяси ахуал тұрақсыз болып тұрған кезеңде тұтастық пен бірлік, өзара сенім мен достық бәрінен де маңызды екеніне көзіміз жетті. Өткен аптада Астанада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуі өңірдегі алты елдің бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, толыққанды ықпалдастықты қалайтынын анық көрсетті. Бұл қадам – әлемдік экономика мен саясаттағы жаңа басты ойыншы – Орталық Азияның жаңа бет-бейнесінің қалыптасып, жаһанның назарын өзіне аударғанын дәлелдеді.

Төрт мәселенің түйінін тарқатты

Осы алқалы жиынның алдында «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Орталық Азияның ренессансы: орнықты даму және өркендеу жолы» атты мақаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы он жыл Орталық Азияның болашағын айқындайтын кезең болатынын, осынау тарихи мүмкіндікті қаншалықты тиімді пайдалана алатынымыз тек өзімізге байланысты екенін атап көрсетті. Президент осы мақаласында төрт негізгі мәселенің мәнісіне терең бойлап, түйінін тарқатып берді. Олар – даму мақсаттарының ортақтығы, дамудың жаңа кезеңіндегі аймақтың атқаратын рөлі, өзара ықпалдастықтың жаңа форматы, өңірлік ықпалдастықтың келешегі.

«Дамудың жаңа тарихи кезеңінде елдеріміз көптеген сынақ пен қиындықты бастан өткерді. Дегенмен Орталық Азия республикалары «қалып­таспаған мемлекеттердің» қатарына немесе failed states деп аталатын топқа қосылады деген пес­симистік болжам расталған жоқ. Аймақтағы елдер өздерінің қалыптасқан дербес мемлекет екенін дәлелдеп, халықаралық қауымдастықтағы лайықты орнын алды. Халықтарымыздың бірлігі мен даналығының арқасында біз өзіміздің аумақтық тұтастығымызды, еркіндігіміз бен егемендігімізді нығайттық. Бүгінде өңірдегі әрбір елдің мемлекеттік құрылыс, нарықтық экономиканы дамыту, мәдени мұрасын қалпына келтіру, ұлттық бірегейлігін қалыптас­тыру ісінде өзіндік тәжірибесі бар десек, артық айтқандық емес» дей келе Мемлекет басшысы өңірдегі елдердің ұлттық экономикасының дамуы, мемлекет­аралық қатынастардың жаңа деңгейге көтерілуіне нақты мысалдар келтіріп, дәйекті ой-пайымдарын ортаға салды.

Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев күн сайын аймақтың жаһандық деңгейдегі рөлінің артып, бақ-беделінің өсіп келе жатқанын тоқталды. «ОА плюс» форматындағы жаңа диалог орындарының пайда болуы Орталық Азияның халықаралық саясат субъектісі ретіндегі саяси салмағы арта түскенін аңғартады. Осыған дейін мұндай форматта 9 саммит және жоғары деңгейдегі кездесу өтті. Кейінгі екі жылда «ОА – РФ» (Астана), «ОА – ҚХР» (Сиань), «ОА – АҚШ» (Нью-Йорк), «ОА – ГФР» (Берлин) бірінші саммиттері, ОА және Еуропалық Одақ мемлекеттері басшыларының екі кездесуі (Астана, Шолпан-Ата), «ОА – ПШАМЫК» (Жидда) бірінші саммиті, сондай-ақ «ОА – Үндістан» саммиті (онлайн форматта) өткізілді. Биыл Астанада алғаш рет «ОА – Жапония» саммиті өтеді. Осы форматтағы өзара ықпалдастыққа басқа да елдер, халықаралық ұйым­дар қызығушылық танытып отырғанын атап өткен жөн. Осылайша, өңірдің әлемдік арена субъектісі ретіндегі орнын бекітуге маңызды қадам жасалып жатыр» деп жазады Президент. Мемлекет басшысы Орталық Азияны Еуропа мен Азияның арасындағы көпір ретінде ғана емес, халықаралық қатынастар саласында жаһандық деңгейдегі жаңа орталыққа айналуға қабілетті жеке ойыншы ретінде танытатын уақыт келгеніне сенімді екенін қадап айтты.

Сонымен қатар Президент белсенді саяси диалог пен ізгі ниет бесжақты ықпалдас­тықты дамыту ісінде маңыз­ды ұйыстырушы факторға айналғанына назар аударды. «Өңірдегі мемлекеттер бір-бірінің тәуелсіздігін, егемендігін және аумақтық тұтас­тығын құрметтеу, келіспеу­шіліктер туындай қалса оны бейбіт жолмен шешу сияқты іргелі қағидаттарға негізделген ынтымақтастықтың Орталық Азияға ғана тән бірегей үлгісін қалыптастырды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

«Өңірлік ықпалдастықтың келешегі туралы жалпы пайым» деп аталатын бөлімде Мемлекет басшысы өңірдің және оны мекен еткен халықтардың тағдырын айқындайтын бірқатар маңызды мақсат-міндеттерге жеке-жеке тоқталды. «Қазақстанның сыртқы саясатындағы басым бағыттың бірі – тепе-теңдікті сақтауға ұмтылу. Біз әрдайым «Бейбітшілік бәрінен қымбат» деген қағиданы ұстанамыз. Қазақстан әлем қоғамдастығының жауапты мүшесі ретінде халықаралық құқық қағидаттарын қатаң сақтау, егемендікті құрметтеу және шекараның тұтастығына қол сұқпау қажет деп санайды» дей келе Президент ұзақ мерзімге даму мен өркендеудің алғышарты – бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселесіне айрықша көңіл бөлді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, Орталық Азияның айналасында күрделі әскери-саяси ахуал сақталып отырған қазіргі жағдайда қорғаныс саясаты мен қауіпсіздік саласында бірлесе әрекет жасау қажеттігі туындайды. Өңірлік қауіпсіздік жүйесін құру, оның ішінде Орталық Азияның қауіпсіздігіне байланыс­ты сын-қатерлер тізімін және оның алдын алу шараларын әзірлеу мәселесі өте өзекті. Президент сондай-ақ, экономикалық әлеуетімізді одан әрі арттыру, ықпалдастықты тереңдету, өңірдің жер жүзіндегі ең маңызды көлік-логис­тика және транзит хабтардың біріне айналуы, су, энергетика және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ортақ ұстанымдарды әзірлеу, ғылым-білім саласындағы ынтымақтастықты тереңдету, бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланыстарын үйлестіру негізінде елдеріміздің өркениеттік бірегейлігін қалыптастыру сияқты мәселелерге қатысты нақты пайымдарын ашық жеткізеді.

«Геосаяси белгісіздік белең алып, әлемдік тәртіптің қалыптасқан үлгісі ыдырап тұрған қазіргі жағдайда бұл – шын мәнінде, бірден-бір оңтайлы тәсіл. Біздің болашағымыз бірлігімізді нығайтуға, өзара сенімді арттыруға және барша әлемге ашық болуға байланыс­ты. Осы қағидаттардың негізінде ғана біз Орталық Азия­ның серпінді, инновациялық және мәдени бай өңір ретіндегі ренессансын қамтамасыз ете аламыз. Өңірлік бірлік парадигмасын күшейту қазіргі және болашақтағы сын-қатерлерге барынша лайықты жауап болады, жағымсыз үрдіс­терді тежеуге қатысты ортақ ұстанымдарды әзірлеуге мүмкіндік береді, кез келген сырт­қы күшке қарсы тұруға қажетті пәрменді шаралардың негізіне айналады» деп ой түйін­дейді Мемлекет басшысы.

Алтыншы кездесудің нәтижесі қандай?

Иә, бұған дейін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Астанада, Ташкентте, Түрікменбашыда, Шолпан-­Атада, Душанбеде бес консультативтік кездесуі өтті. Мемлекет басшысы аталған мақаласында осы бес кездесудің нәтижесінде өңірлік ықпалдастық барынша тереңдеп, кеңейе түскенін атап айтты.

«2018 жылы Астанада өткен алғашқы кездесуде өңірдегі бес елдің ықпалдастығына қатысты негізгі бағыттар айқындалды. Соның арқасында өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы байланыстар жандана түсті.

2019 жылы Ташкенттегі екінші кездесуде Орталық Азия көшбасшылары өңірлік ықпалдастықты нығайта түсетін болашағы зор бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда, Қазақстан ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қою, сондай-ақ өңір елдерінің Қауіпсіздік кеңестері хатшыларының тұрақты кездесуін өткізу қажеттігі туралы ұсыныс білдірді. Саммиттерді өткізу регламентінің қабылдануы басқосудың маңызды нәтижесі болғаны даусыз. 2021 жылы Түрікменбашы қаласындағы үшінші саммит өте мазмұнды өтті. Мемлекет басшылары Парламентаралық форум мен Жастар форумын шақыру, Іскерлік кеңес құру туралы бастама көтерді. Консультативтік кездесулер символикасының бекітілуі де айтулы қадам. 2022 жылы Шолпан-Атада өткен төртінші кездесудің басты саяси қорытындысы ретінде ХХІ ғасырда Орталық Азияны дамыту үшін Достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы бесжақты шартқа қол қою рәсімінің басталуын, сондай-ақ Орталық Азияның «Жасыл күн тәртібі» бағдарламасының және көпжақты форматтар аясындағы ықпалдастық тұжырымдамасының бекітілуін айтуға болады. 2023 жылы Душанбедегі мерейтойлық бесінші кездесуде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерінің форматын институттандыру жолында алғашқы қадам жасалды. Елдердің көшбасшылары Ұлттық үйлестірушілер кеңесін (Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулері істері бойынша) құру туралы шешім қабылдады» деп тарқатып жазды әр саммиттің тарихын, онда қабылданған нақты шешімдерді Президент.

Ал алтыншы басқосуда екі маңызды құжат: Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуінің қорытындысы бойынша Орталық Азия мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі; «Орталық Азия – 2040» аймақтық кооперацияны дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Сондай-ақ Орталық Азия мемлекет басшыларының Бірлескен мәлімдемесі арқылы мынадай екі құжатқа қол қойылды: 1. Аймақтық ынтымақтастықты дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған Жол картасы. 2. Орталық Азия мемлекеттерінің өндірістік кооперациясын дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылға дейінгі Аймақтық ынтымақтасты дамытудың жол картасы өзара ықпалдастық тетіктерін жетілдіру тұрғысынан айтулы оқиға болғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, бұл құжат үкіметтердің үйлесімді жұмысын жетілдіреді және осы алаңда ұсынылған бастамалардың орындалу барысына бақылауды күшейтеді. Ал «Орталық Азия – 2040» өңірлік кооперациясын дамытуға бағытталған тағы бір маңызды құжат – Орталық Азия мемлекеттерінің өндірістік кооперациясын дамыту бойынша 2025-2027 жылдарға арналған іс-қимыл жоспары. Мемлекет басшысы осы және өзге де іс-шаралар халықтарымыздың игілігі жолындағы жан-жақты аймақтық ықпалдастыққа бәріміздің бейілді екенімізді көрсететінін мәлімдеді.

Бұдан бөлек, Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI Консультативтік кездесуі аясында ресми делегация мүшелері мынадай құжаттарға қол қойды:

  1. Орталық Азия мемлекеттерінде көлік-логистикалық орталықтарын дамыту жөнінде өзара түсіністік туралы меморандум;
  2. Орталық Азия мемлекеттері энергетика министрлерінің бірінші кездесуінің қорытындысы бойынша коммюнике;
  3. Орталық Азия мемлекеттері көлік министрлерінің екінші кездесуінің Астана коммюникесі.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button