Қала мен Сала

Бізге де ағаш егу мерекесі қажет

Жер бетіндегі барлық тіршілік иесі ауасыз өмір сүре алмайтыны ақиқат болса, сол ауаны сүзгіден өткізіп тазалайтын, денсаулыққа залалды газдарды, шаң-тозаңды тартып алып, орнына оттегі бөліп шығаратын құдіретті күштің бірі – ағаш. Даланың әрін, қаланың сәнін келтіріп, шуылды азайтатын, желді тосып, ықтасын болатын да осы өсімдік. Мабақтай күннің табадай қақтаған ыстығынан, сақылдаған сары аяздың үскірігінен қорғап, ылғалдылықты, табиғаттың тепе-теңдігін сақтап тұрған да – ағаштар мен бұта-бүргендер.

Ауаның сүзгіші – ағаш

Экономикалық пайдасымен қатар ағаштың адам денсаулығына да пайдасы мол екендігі баршамыз­ға мектеп қабырғасынан белгілі. Мәселен, фотосинтез процесінде ағаш пен бұта-бүргендердің жапырақтары шаң-тозаңның 72 пайы­зы мен күкірт қос тотығының 60 пайызын сіміріп, бактерияларды өлтіретін биологиялық белсенді заттарды бөліп шығарады екен. Үндістанның Калькутта университетінің профессорлары 50 жыл көктеген бір ағаштың құны 31200 долларға тең келетін оттегі өндіріп, ауа ластануының алдын алуда 62500 долларлық құн жарататынын есептеп шыққан. Міне, бұдан бір түп ағаш егудің қоршаған орта үшін қаншалық пайдалы екені анық көрініп тұрса да, мұның бәрі айтылып қана қалатын құрғақ нау­қанға айналып барады. Әншейін ағаш егу, орман отырғызу мемлекеттің немесе жергілікті әкімшілік орындардың ғана міндеті сияқты. Ешбір мектептің немесе жоғары оқу орындарының түлектері көктемгі ағаш егу мезгілінде арнаулы ағаш егу науқанына жұмылдырылмайды. Әсілі, оқушыларға еңбек сабағы ретінде әр жылы көктемде бір күн ағаш егуді міндеттесек, бұл, бір жағынан, жасөспірімдердің бо­йында еңбексүйгіштік асыл қасиетті қалыптастырса, екінші жақтан, олардың санасында табиғатты аялау, қоршаған ортаны қорғау ұғымын да оятады. Сонымен қатар, ағаш егу адамды гуманизмге тәрбиелеп, эгоизмнен арылуға жетелейді. Одан да маңыз­дысы, мемлекеттің көгалдандыру жұмысы да жандана түседі.
Көп елде ағаш егу мерекесі барАҚШ экс-президенті Франклин Рузвельт «Бір елдің өркениеттік көрсеткіші өмір сүрген өңірінде ағаш егу мәдениетін қалыптастыр­ған, қалыптастырмағанымен өлшенеді» депті. Сосын да шығар, қазір әлемнің көптеген елі ағаш егу мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнаулы бір күнді ағаш егу мерекесі етіп белгілеген.
БҰҰ-ның санағына қарағанда, әлемде 50-ден аса ағаш егу мерекесі бар екен. Әр елдің жағрапиялық жағдайының ұқсамауына байланысты бұл елдерде мерекенің уақыты да, аты да ұқсамайды. Мәселен, Жапонияда «Жасылдандыру апталығы» болса, Израильде «Ағаш егу – жаңа жыл күні», Мьянмада «Ағаш егу айы», Исландияда «Оқушылар ағаш егу күні», Үндістанда «Мемлекеттік ағаш егу мерекесі», Францияда «Мемлекеттік ағаш егу күні», Канадада «Орман апталығы» деп аталады. Тіпті Уганда, Коста-Рика, Намибия, Танзания елдерінің де ағаш егу күндері бар. Жаңа Қытай социалистік мемлекеті құрылған соң, болат қорыту өнеркәсібінде Ұлыбритания мен АҚШ-ты қуып жетеміз деп бүкіл орманын отқа жаққан Қытай да 1979 жылы әр жылдың 12 наурызын ағаш егу мерекесі етіп белгіледі. Содан бері жыл сайын мектеп оқушыларын тартып, мемлекет қызметкерлеріне дейін ағаш егу науқанына қатысатын бұл елде 2015 жылдың соңына дейін 144 миллион адам міндетті ағаш егу науқанына қатысып, 69 миллион түптен артық ағаш егілген. Егер Қазақстанда да тәуелсіздік алғаннан бері арнаулы бір күнді ағаш егу мерекесі етіп белгілеп, оқушыларды, қызметкерлерді және еріктілерді жұмылдырсақ, олардың біреуі бір түптен отырғызды деп есептесек те, қазірге дейін аз дегенде 18 миллион түп ағаш егіліп, 30 мың гектар жер жасыл желек жамылмас па еді?!

Тал егу де – ата дәстүріміз

Әрине, Қазақстанда соңғы кездері көгалдандыру жұмысына баса мән беріліп отыр. Қыруар жерге орман отырғызылды. Мысалға, ел астанасын алып айтсақ, 1997 жылдан бастап елорданың ішін және сыртын орманмен көмкеру мақсатында Елбасы Н.Назарбаев «Жасыл белдеу» бастамасын көтерді. Аталған жоба бойынша 2020 жылға дейін Нұр-Сұлтан қаласының төңірегіндегі жасыл желекті аумақтың көлемін 100 мың гектар жерге жеткізу жоспарланған. Қазірге дейін бұл жоспар тиянақты орындалып, ел астанасының төңірегі орманды алқапқа айналды. Бұдан бөлек, қала әкімдігі де көгалдандыру қызметіне айрықша ден қойып, ағаш егуді, қаланы жасылдандыруға маңызды қызмет ретінде қарап келеді. Қала тұрғындары да сенбілік шара ретінде ерікті ағаш егу қимылына атсалысып жатыр. Тек биылдың өзінде бас қала төріне 13 мың түптен артық ағаш отырғызылды. Бірақ бұл көп өңірі қуаң, орманы шалаң Қазақстан үшін аздық ететіні анық. Оның үстіне, қазір ағаш егу науқаны ірі қалалар төңірегінде ғана жүріп, аудан, ауылдардағы елді мекендерде жасылдандыру жұмысы жақсы жанданбай тұр. Осы тұрғыдан алғанда, ел бойынша заңды түрде ағаш егу күнін белгілеп, оны әр облыс жағрапиялық жағдайына, климаттық ерекшелігіне қарай міндетті түрде атқарса әрі оған жалпы халықты жұмылдыруға талпынса, нұр үстіне нұр болар еді. Өйткені біз «Атаңнан мал қалғанша, ұрпағың саялайтын тал қалсын» деп түйіндеп, жыл басы – әз Наурызда бұлақтың көзін ашып, ағаш егу сынды игі дәстүрді қалыптастырған ұлттың ұрпағымыз ғой.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button