Елорда тынысы

Бізге де «Астана кубогы» керек

25 қазан – Республика күніне орай «Elorda Aqparat» медиахолдингінің ұйымдастыруымен журналистер мен қаламгерлер арасында өткен бильярд турнирінде  бильярдтан 2 дүркін әлем чемпионы атанған Ернар Чимбаев төреші болды. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, жарыстың әредігінде Алматыдан арнайы келген төрешіні әңгімеге тартып, жеңіс жолы мен бильярдтың пайдасы туралы ой бөлісуге де уақыт таптық.

Алдымен Республика күніне орай  журналистер мен қаламгерлер арасында бильярдтан турнир өткеніне дән ризашылығын білдірген ол бильярд спортын дамыту туралы ойын да ортаға салды. «Ең әуелі турнирдің еліміздегі мәртебелі мереке – Республика күніне туралануы және оған Астана қаласы әкімдігінің қолдау көрсетуі бильярд спортын дамытуға жасалған үлкен қолдау деп білемін. «Elorda Aqparat» медиахолдингі басшысы Олжас Сыдықбек хабарласып, бильярдтан турнир өткізетінін айтып, төреші болуға шақырғанда, бірден қуана келістім. Өйткені бұл – бильярд спортына жасалған үлкен қолдау. Әрине, бильярдты әркім ойнайды, әртүрлі жарыс өтуі мүмкін, бірақ бүгінгідей қалам ұстаған ақсақалдарымыздың, ағаларымыздың додаға белсене қатысуының мәні зор. Әсіресе, қазақ тарихы мен әдебиетіне, мәдениетіне үлкен үлес қосқан Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, Несіпбек Айтұлы, Уәлихан Қалижанұлы, Мейрамбек Бесбаев сынды елге танымал адамдардың келуі бұл жарыстың беделін биіктетіп, мерейін асырды. Қаламгерлердің бильярд ойнайтыны – бұрыннан келе жатқан үрдіс, Ғабит Мүсіреповтен тартып, кешегі Ақселеу Сейдімбекке дейін бильярдтың шебері болған» деді ол ағынан ақтарылып.

Бильярд – жай ғана ойын емес, спорт. Жалындаған жастардан бастап қалтылдаған қарттарға дейін қызығатын бұл ойын түрі әуелде корольдар мен императорлардың, ақсүйектердің ойыны саналса, бұл күнде барлық адамға қолжетімді. Бейімің болып, қызығушылық танытсаң, кез келген уақытта ойнауға мүмкіндік бар. Қазақстанда да бұл спорт түрі жақсы дамып келеді, былайша айтқанда, ақ таяқты ұстап мал баққан ұлттың ұрпағы қазір тас­таяқпен де бүкіл әлемге танылып жүр десек, солардың қатарында Ернар Чимбаевтың аты алдымен аталады.

Ернар Чимбаев 1988 жылы Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында дүниеге келген. Нүкістегі құқықтану колледжін бітірген. 1999 жылы отбасымен бірге Қазақстанға көшіп келіп, Алматыға қоныстанған. 15 жасынан бастап тастаяқты қолға алған ол арада екі жыл бильярд ойнамай кетіпті.

«Бұл спортқа 15 жасымда қызығып, 17 жасқа дейін ойнадым. Аралықта екі жыл тастап кеттім де, 19 жасымда таяқты қайта қолға алдым. 2010 жылы «комбинация­лық пирамида» бойынша әлем чемпионатының финалында қырғызстандық Қаныбек Сағын­баевты жеңіп, жиырма екі жасымда әлем чемпионы атандым. Жеңіс жолым да «кері» бағыт бойынша жалғасты. Алдымен әлем чем­пионы атанып, кейін Қазақстанда чемпион атандым» дейді ол.

Ернардың бильярдтағы жеңісі мұнымен тоқтаған жоқ. 11 жылдан кейін, яғни 2021 жылы Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өткен әлем чемпионатында «еркін пирамида» бойынша 3 дүркін әлем чемпионы Никита Ливаданы 7:4 есебімен ұтып, екінші мәрте чемпион атанды.

Биыл 23-27 тамызда Мәскеуде бильярд спорты бойынша «Әлем кубогы» – Кремль кубогы мәртебесі бар халықаралық турнир өткен болатын. Аталмыш турнирге әлемнің 9 елінен, атап айтқанда, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Беларусь, Украина, Армения, Молдова, Өзбекстан, Корея елінен 392 адам қатысып, жарыс 3 пән («біріктірілген пирамида», «еркін пирамида» және «бассейн») бойынша өткізілді. Осы жарыста да Ернар Чимбаев қарсыласын 5:2 есебімен жеңіп, 1-орын алған болатын.

– Біздің елде де неге Мәскеудегі сияқты халықаралық турнир өткізбеске?! Бүгінгі жарыс сондай ірі доданың бастамасы болуы да мүмкін. Өйткені жан-жақты қолдау болса мұндай жарыс өткізу қиын емес. Біздің елде де бильярд спортын дамытуға ден қою керек. «Астана кубогы», «Алматы кубогы», «Қазақстан кубогы» сияқты жарыстар бізде де өтуі керек. Осындай ірі жарыстар өткізбесек, бильярд спортын дамыту қиын. Көрші ел Ресейде айына бірнеше ірі жарыс өтіп тұрады. Қазақстанда бұл үрдіс әлі толық қалыптасып болған жоқ, – деді Ернар Чимбаев.

Бильярд ойынының денсаулыққа пайдасы мен ерекшелігі туралы да тоқталған Ернар Чимбаев азаматтарды айына кемінде бір рет бильярд ойнауға барып тұруға шақырды.

«Бильярд – спорт. Өз басым бильярдтан көп нәрсе үйрендім. Мысалы, бір кездесуге орта есеппен бір жарым сағат уақыт кетеді. Ол жерде әр соққыңызды жоспарлайсыз. Бұл төзімді болуды талап етеді. Бұл – ақыл-ой, дене әрекеті ұштасқан спорт. Сіз 2-3 шақырым жүрсеңіз, аздан соң жалығып кетуіңіз мүмкін. Ал ­бильярд үстелінің басында есіл-дертің шарды түсіруге ауып жүріп, қанша шақырым жүргеніңді ұмытып кетесің. Екі-үш сағат ойнасаңыз, бірнеше шақырым жол жүргендей энергия сарп етесіз. Оның үстіне ойын барысында шалқаясыз, еңкейесіз, сығалайсыз, қырындап тұрып шар соғасыз – бүкіл дене әрекеттенеді, басқа нәрсені ұмытып, назарыңыз шоғырланады. Бильярд ойнаған адам ауруын да ұмытып кетеді. Көздің де қызметін жақсартады. Сондықтан бильярд ойнап тұрған дұрыс. Бұл – жас талғамайтын тамаша спорт!» деді ол.

Бильярд ойыны физикалық тұрғыдан жақсы сезінуге пайдалы ингредиенттерге толы. Бильярд ойнаған кезде тыныс алудың өзі өзгереді, деміңізді ішіңізге тартасыз, осылайша әрбір инсультте оңтайлы концентрацияға орын жасау үшін ішіңіз жиырылады. Бұл ойын денеңіздегі бұлшық еттерге, сондай-ақ оның тепе-теңдігіне де әсер етеді.

«Қарасы мен көзіңнің ағы сынды,

Жақындатар жақсылар

алысыңды.

Соққылардан қашасың

жаның ыршып,

Зырылдаған бильярдтың шары сынды…» деп ақын Ибрагим Иса «Бильярд» деген өлеңінде айтқандай, бильярд – достарыңмен, жақсы араласқың келген адамдармен кездесудің жақсы тәсілі, былайша айтқанда, бұл ойын қоғамдық қарым-қатынас шеңберін кеңейтіп, жұмыс өнімділігіңізді де арттырады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button