Мәдениет

Бізге керегі – сала құлаш сөз емес, нәтиже тудыратын әрекет

Белгілі театр режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов – өнерге шын берілген жан. Осыдан отыз екі жыл бұрын, студенттік шақта қойған тырнақалды туындысы – Дулат Исабековтің «Тыныштық күзетінде» спектаклінен бастап осы күндерге дейін комедия, драма, трагедия сынды сан алуан жанрдағы шетел және қазақ классиктерінің, қазақ драматургтерінің шығармаларын сахналады. 8 қыркүйек күні өзі қызмет істейтін Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында режиссердің 60 жылдық мерейтойына орай «Саналы ғұмыр – сахнам» атты шығармашылық кеші өтеді. Ширек ғасырдан астам еңбегінің жемісін сол жерден көруге болады. Кешінің қарсаңында біз режиссермен кездесіп, өміріне айналған өнері жайлы сұхбаттастық.

– Нұрлан аға, өнер жолы­ңызды актерліктен бас­тап, режиссерлікке ауысқан екенсіз. Оның себебі қандай? Актерлік сіздің жан дүниеңізге тарлық етіп, кеңістік керек болды ма?
– Алматы мемлекеттік театр және көркемсурет институтындағы Хадиша Бөкееваның сыныбын бітірген соң, Әуезов театрында үш-төрт жыл актер болып жұмыс істедім. Актерлікке бой керек. Кейде үлкен даналық ойыңнан бойың, түрің асып кетеді. Театрда сондай үстемдік бар.
– Сонда өзіңізді актер ретінде қорашсындыңыз ба?
– Мұны жасырмаймын, ол да бар. Актер ретінде сахнаның ауқымы маған тарлық еткен жоқ. Мен Асанәлі Әшімов, Әнуар Молдабеков, Тұңғышбай Жаманқұлов, Құман Тастанбеков, Әнуар Боранбаев сынды сахна саңлақтарына қызықтым. Олармен сахнада бірге рөлдерді сомдадым. Бірақ кезегімді, өз уақытымды күту керек болды. Шынын айтқанда, соны күте алмадым. Сөйтіп режиссерлікке кеттім. Бірі екіншісіне себеп болатын жағдайлар болады. Режиссер деген кім? Ол – ұйымдасты­рушы. Ұйымдас­тыру қа­білетіме, режиссура арқылы ойымды жеткізе алатыныма сендім.
– Мына сөзі­ңізден кейін есіме театр сынының сардары Әшірбек Сығай түсіп отыр. Бұл кісі де басында актер болған ғой. Сынға келуіне Сағат Әшімбаев пен Оралхан Бөкей түрткі болыпты. Сіздің режиссураға келуіңізге әсерін тигізген сондай адамдар болды ма?
– Өмірімдегі бақытқа бөленген сәттерімнің бірін айтып берейін. Театрда актер болып жұмыс істеймін. Әзірбайжан Мәмбетов бір спектакль қойып жатты. Қасына келдім де: «Мына жерде былай істесек қалай болады?» деген ұсыныс айттым. Ол менің айтқаныма құлақ асып, ұсынысымды қабылдады. Сонда төбем көкке жеткендей болды. Спектакльді өзім қойып жатқандай сезіндім. Бұл жағдай режиссураға келуіме сөзсіз әсер етті. Кез келгеннің қолынан келмейтін істерді жасады. Сондықтан қазір де ұстазыма еліктеп, «Әзікең мынаған не дейтін еді?» деп ойлап тұрам.
– Сіз кезінде Ғабит Мүсіреповтің «Ақан сері–Ақтоқты» спектаклін сахналадыңыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын Әуезов театрында қо­йылған бұл спектакль наразылық тудырып, дінге қарсы элементтер бар деп мансұқталғанын білетін боларсыз. Осыған режиссер ретінде көзқарасыңыз қандай?
– Мұхтар Әуезов Абайды алып қалып, Құнанбайды құрбандыққа шалғандай Ғабит Мүсіреповтің шығармасында Науан хазірет те Ақан сері үшін жағымсыз кейіпкер болып көрсетілді ме деп кейде ойлаймын. Автор Ақанның әнін, серінің жан дүниесін паш еткісі келді ме деймін. Сөз жоқ, Науанды олай қорлауға болмайды. Елдің есін жидыру үшін қатты кеткен шығар. Ақан – ақын, жаны нәзік адам. Бірақ Мүсіреповті сынау үшін оның деңгейіне көтерілу керек. Бұл шығармашылық дүние ғой, оған соншама неге шүйлігеміз? Бұл – надандықтың бір көрінісі. Егер кейіпкер аты Науан емес, Қайырбек болғанда онда ешқандай дау тумас еді.
– Кеңес заманында өнер мен әдебиет саясатпен бірге жүретін. Осы өнер мен саясатты араластыруға қалай қарайсыз? Мысалға, «Есігімді қаққан кім?» спектаклін алайықшы.
– «Саясатқа сен араласпасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар ғой. Шығармашылық адамының өз ұстанымдары деген де болады. Керек болса, біз мемлекеттік тапсырысты орындаймыз. «Есігімді қаққан кім?» спектаклі менің ұстанымыма сәйкес келді. Жат елдің дәстүрін ұстанып, өзіңнің салт-дәстүрле­ріңді жоққа шығарып, ұлттық аспабыңды өртеу деген не масқара?! Сондықтан бұл қо­йылымды қойдым. Оның үстіне, қалам­ақы да алдым. Мұнда бастысы, «дінді саудаға салма, оған жол бермеймін» деген ой айтылып отыр.
– Сіздің соңғы қойған спектакльдеріңіздің бірі – «Әміре» драмасы. Оған қалай келгені­ңізді айтып берсеңіз.
– Астанадан бұрын Семейдегі бір драматургке Әміре жайлы пьеса жазғызғанмын. Оны сол қалада қойдым. Кейіннен Рақымжан Отарбаевқа қолқа салдым. Мұның себебі, Рақымжанның Мұстафа Шоқай туралы пьесасы бар. Ол Әміреден басталады. Драматург жиырма күндей ойланды. Отарбаевтың басқа драматургтерден бір артықшылығы – ол
әрекет тудыратын сөздерді табады, тіліп жазады. Бізге керегі де құ­лаштаған сөздер емес, әрекет тудыратын әңгіме. Драматургияның сөзі бөлек. Сосын ғой Дулат Исабековтің: «700 жазушымыз бар, 34 драматург шықпай жатыр» деп айтатыны.
– Бес жыл бұрын сіз Жүсіпбек Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ драма театрының директоры болып таға­йындалдыңыз. Сол қызметтен неге кеттіңіз? Шенеунік болу қолымнан келмейді деп ойладыңыз ба?
– Біріншіден, мен кешігіп барып директор болдым. Ол уақытта елу жастан асқанмын. Қаржылық, менеджерлік жағынан артта қалып қойғанмын. Шығармашылықпен бәрін иландырып алып шығам деп ойладым. Алайда оның нюанстары көп екен. Жоғарғы қызметті жастау кезінен бастаған дұрыс. Жастарға өзім де осыны үнемі айтам. Не керек, бір жылдан кейін директорлық қызметті тастап, шығармашылыққа оралдым.
– Өзіміз де сізді шенеуніктік орынтаққа қимай, шығармашылықта жүргеніңізді қалаймыз. Шығармашылық кешіңізге сәттілік тілейміз! Ақтарыла айтқан әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button