Қала мен Сала

Бизнес әліппесін меңгерген мұғалім

Елімізде кәсіпкерлікпен айналысу үшін қолайлы жағдай жасалған. Осы ретте талай жанның асқақ арманын ақиқатқа айналдырған «Бастау Бизнес» жобасының орны ерекше. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолға алған бұл жоба соңғы жылдары халықтың бизнеске деген қызығушылығын оятты.

[smartslider3 slider=3465]

Жобаны оқығандар үшін бизнес-жоспарды әзірлеуге көмек көрсетіледі және қаржылай грант беріледі. Осыны ұтымды пайдаланғандардың бірі – елордалық Ұлжан Мырзагелдиева. Ол «Бастау Бизнес» жобасы арқылы бизнес әліппесін меңгеріп, мемлекеттен грант алған. Бүгінгі таңда ­Нұр-Сұлтан қаласындағы Bilim ALL оқу орталығын басқарады. Жақында екінші филиалын ашуды жоспарлап отыр.

– Негізгі мамандығым – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Осы уақытқа дейін мектепте жұмыс істедім. Бірақ ол кезде жалақы аз болды әрі балаларыма көңіл бөлуге уақыт келіспегендіктен, мектептен кетіп қалдым. Бір күні автобуста екі әйел кісінің «Атамекен» жобасы туралы айтқанын естіп қалдым. Үйге келіп, анықтама телефонын тауып хабарластым. Сөйтіп, 2019 жылы қарашада соңғы лекпен 24 күндік бизнес-жоспарға байланысты тегін курсқа жазылдым. Әрқайсысымызға 18 мың шәкіртақы төленді. Бір топта 70 адам оқыдық. Курс соңында бизнес-жобамызды қорғадық. Сәтті шыққан жобаларға 505 мың теңге грант берді. Менің алғаш ұсынған массаж кабинетін ашу туралы жобам грантты жеңіп алды. Желтоқсанда кәсіпті бастадық. Қызметкерлердің бір айлық жалақысын берген соң, пандемия басталып кетті. Әрі қарай жалғастырмадық. Ойланып жүргенде, өзіме жақын саланы байқап көргім келді. Себебі мамандығым мұғалім болған соң балаларға жақын саланы таңдағым келді. Осылайша өз қаражатыма көпбалалы аналармен бірлесіп, Байқоңыр ауданынан қанатқақты жоба ретінде оқу орталығын аштық. Сосын «Бастау Бизнес» жобасы берген 505 мың теңге сертификатымен «Жол картасы-2025» жобасына қатысуға мүмкіндік бар екенін естідім. Яғни бизнесті кеңейтуге болады. Осы жобаға қатысып, жазда 5 млн грант ұттым. Кейін қанатқақты жоба ретінде ашылған орталықта қарашада сұраныс болып, Сарыарқа ауданындағы осы Bilim ALL оқу орталығының жұмысына кірістік, – деді кәсіпкер.

Қазір орталықта 115 отбасыдан 208 бала тегін үйірмелерге қатысады. Бір отбасындағы 5 бала қатысатындар да бар екен. Мұнда мектепалды даярлық, шешендік өнер, гитара, домбыра, вокал, шахмат, ағылшын тілі бойынша сабақ жүргізіледі.

– Негізі, «Әрекетке – берекет» деген рас. Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан көмек көп беріледі. Мәселен, бастапқыда Сарыарқа ауданының әкімдігі ғимараттарды тегін берді. Кейін 2-3 айдан соң өзіміз реттелдік. Соның арқасында осы жылы ғимарат алып, екінші филиалымызды ашайын деп отырмыз. Екінші орталығымыз дәстүрлі ән мектебі болады. Онда балаларды айтыс, жыраулыққа баулығымыз келеді, – деді орталық басшысы.

«Атамекен» жобасы берген бұл гранттарды кәсіпкерлер қайтармайды. Тек уақытылы есебін беріп отырады. Бұл да кәсіп бастаушыларға көмек десек болады.

– Бүгінгі таңда орталықта 15 мұғалім жұмыс істейді. Жұмыспен қамту орталығы жіберген 10 маман және бұрыннан істеп келе жатқан 5 мұғалім бар. Әлеуметтік жобаларды қолдау үшін жұмыспен қамту орталығы мамандар жіберіп отырады. Олардың айлығы – 91 мың теңге. Барлығы мемлекет тарапынан төленеді. Келген жас мамандар бізден тәжірибе жинап, әрі қарай еңбек жолын жалғастыра береді, – дейді Ұлжан Мырзагелдиева.

Орталықта ерекше қажеттілігі бар балалар мен көпбалалы отбасы балалары тегін қатысады. Бала саны көп болғандықтан, қосымша орынға тіркеп қояды. Орталыққа қатысушылардың өз ережесі бар. Яғни оқушы 3 күн сабаққа себепсіз қатыспаса, орнына қосымша орындағы бала қатысады. Бұл ереже алдын ала ескертіледі.

– Бір күні оқушым қыста аяғын сындырып алған. Содан анасына «Ұлжан апай мені оқудан шығарады, бармасам болмайды» деп жылайды екен. Сөйтіп, анасы хабарласып, жағдайды ескертті. Салмақты себеп болғандықтан, түсіністік таныттық. Бізге ерекше қажеттілігі бар балаларды «Бақытты шаңырақ» қоры жібереді. Ал жалпы 5-17 жастағы балаларды қабылдаймыз, – деді Ұлжан Мырзагелдиева.

Орталықта, тегін үйірмелерден бөлек, ақылы курстар да бар. Бала­лардың көпшілігі шахмат пен гитара үйірмесіне жазылады екен. Шахматтан қалалық, облыстық, республикалық турнирге жиі қатысады.

– Біздің орталыққа қаламыз­дағы басқа аудан балалары келе алмайды. Себебі әр ауданда осындай орталық бар. Алдағы уақытта үйірме­лерге каратэ мен ұлттық биді қосу ­ойымызда бар, – деді жоба грантының иегері.

Bilim ALL оқу орталығының 50 оқушысы лагерьге жолдама алып, демалып келген. Бұдан бөлек, Балқаштағы «Балдәуренге» 10 бала барған. Орталық басшысының айтуынша, мұның бәрі мемлекет тарапынан беріліп отыр.

– Жұмыссыз жүрген көпбалалы аналарға «Бизнес бастау» бағдарламасы өте тамаша деп айтар едім. Мен бәрін «нөлден» бастадым. Сондықтан өзің қызығатын салада кәсіп ашу оңай. Әлеуметтік жобаларға қалалық және аудандық әкімдік жиі көмектеседі. Соның дәлелі, балалар күнінде Сарыарқа ауданының әкімдігі оқушылары­мызға тегін балмұздақ таратты. Қала күнінде «Бәйтеректі» көріп, тегін кино көрсетті. Мұның барлығы да керемет қолдау деп білемін. Сондықтан кез келген адам әрекет етсе, кез келген кәсібінде берекет болары анық, – деді кәсіпкер.

«Бастау Бизнес» жобасының негізгі мақсаты – халықты кәсіпкерлікке баулу арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. «Бастау Бизнес» жобасына жұмыссыз жастар, оның ішінде NEET санатына жататын қыз-жігіттер, жас отбасылар, аз қамтылған және көпбалалы отбасы­лар қатыса алады.

Айзада ЖАЙЫҚҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button