Жаңалықтар

Бизнес бастаушыларға қолдау

«Қазақстан Халық банкі» АҚ Астана өңірлік филиалында шағын және орта бизнесті жандандырып, бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту мақсатында семинар өтті.

 

Семинарға Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мамандары мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және басқа да бірқатар компания­лардың өкілдері, бизнес бастаушылар мен тәжірибелі кәсіпкерлер қатысты.
Жиын барысында Мемлекет басшы­сының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған бұқаралық кәсіпкерлік бағдарламасы туралы кеңінен айтылды. Аталмыш бағдарлама бойынша кез келген кәсіпкер немесе бизнес бастау­ға ниеті барлардың Қазақстандағы екінші деңгейлі төрт банктен 18 млн теңгеге дейін 6 пайыздық несие алуға мүмкіндігі бар. Ол банктер: «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Сбербанк Қазақстан» АҚ, «АТФ банк» АҚ және «Нұрбанк» АҚ. Мұндай жеңілдетілген несие алу үшін банкке өткізу қажет құжаттардың ішінде арнайы бизнес курсты тәмамдағаны жөнінде сертификат та талап етіледі. Айта кету керек, курсты «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры немесе «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында онлайн және офлайн түрде тегін оқуға болады. Сонымен қатар, несиеге қол жеткізу үшін міндетті түрде жылжымайтын мүлік кепілге қойылады. Егер кәсіп иесінің кепілдік қоюға мүмкіндігі болмаса, бизнес бастаушыларға тек 18 пайыз, ал кәсіпкерлерге 50 пайызға дейін «Даму» қоры кепілгер болатынын айтады мамандар.


Өз сөзінде «Қазақстан Халық банкі» АҚ Астана өңірлік филиалының директоры Жанар Рахимова бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту жөнінде мемлекет бюджетінен өткен жылы 230 млн теңге бөлінгенін, бұл қаржы 16 кәсіпкердің еншісіне бұйырғанын атап өтті. Ал биылғы қаржыландыру сәуір айында болатынын тілге тиек еткен ол жиынға қатысушылардың бірқатар сауалдарына жауап берді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button