Құқық

Бизнестегі кедергілер кеміді ме?

ҚР Бас прокуратурасында «Кәсіпкерлік саласындағы про­куратура қадағалауы» бизнесті қорғау жөніндегі ­ІІІ фо­рум өтті. Форумды Қазақстан Республикасының Бас про­куроры Қайрат Қожамжаров жүргізді.

Кейінгі кезде құқық қорғау қызметкерлері бір көзден сатып алуда жоғары үлесті қарпып қалғысы келетін тапсырыс берушілерді қатаң қадағалауға ала бастады. Дегенмен биылғы тексеріс көрсетіп отырғандай, әлі де тауарлар мен қызметтің 80 пайызы бір көзден сатып алынатындығы дәлелденіп отыр. Оған себеп – келіп түскен тапсырыстар ескерілмей, белгіленген конкурстардың негізсіз өткізілмейтіндігі. Мұндай жағдай әдейі екі-үш қайталанғаннан кейін, сатып алу ешқандай баламасыз жүзеге асырылады. Сөйтіп, белгілі бір адамдармен көтеріңкі бағаға келісімшарт жасалатыны туралы Қазақстан Республикасы Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов баяндады.
«Аталған мәселені Бас прокуратура Үкіметтің алдына қойып отыр. Бұдан былай бір көзден мемлекеттік сатып алудың жоғары үлесін иемденгісі келетіндер құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында болады» деді ол. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында 800-ден аса заң бұзушылық анықталып, 600-ден аса жауапты адам түрлі деңгейде жазаға тартылыпты.
Кейінгі кезде бухгалтерлік құжаттармен жұмыс істеуді оңтайландыру, атап айтқанда, кәсіпкерлерге оның көшірмесімен де қызметті жалғастыруға болатын мүмкіндіктер беру жайлары да қарастырылуда. Міне, осындай қолға алынған оң өзгерістер бизнестің ішкі мүмкіндіктерін кеңейтіп, әкімшілік кедергілер мен негізсіз тексерулерді жояды әрі еліміздегі кәсіпкерліктің кеңінен өрістеуіне жол ашады деген сенім мол.
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Қайрат Қожамжаров көтеріліп отырған мәселеге байланысты өткізілген талқылауды қорытындылай отырып, бизнес саласында әлі де шешімін таппаған бірқатар жайттардың бар екеніне қатысушылардың назарларын аударды, оларды жою үшін бірлесіп, нақты жұмыс істеу қажет екенін айтты. Сондай-ақ қылмыстық жазалардың мерзімі азайтылып, олардың балама түрлері енгізілгенін, бизнес субъектілерін сотқа дейін қамауға алуға тыйым салу белгіленіп, залалды өтеген кезде оларды қылмыстық жауапкершіліктен босату қарастырылғанын да жеткізді.

Тағыда

Таңатар Төлеуғалиев

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button