Қоғам

Болашағымыз бірлік пен тірлікте

Президентіміз үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы дамыту және диверсификациялау бағытында нақты 8 басымдылық бойынша тапсырма берді. Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының басты мақсаты да сол – халықтың  әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту.

Экономиканы әртараптандырудан бастап, ірі инфрақұрылым жобалары, цифрландыру және жасанды интеллект, ядролық энергетиканы дамыту, агроөнеркәсіп кешенін нығайту және инвестиция тарту, елдегі әлеуметтік қолдау ісін реттеп, денсаулық сақтау, білім беру және ғылым саласын одан әрі дамыту қажеттілігіне тоқталған Мемлекет басшысы «Қазір дүние жүзі түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Жаһандық үдерістер, ең алдымен, еліміздің экономикалық ахуалына әсерін тигізетіні анық дей келе, осындай сын сағатта Үкімет пен әкімдердің жұмысы қаншалықты тиімді екенін алдымен экономиканың даму көрсеткіштері мен азаматтардың тұрмыс сапасына қарай бағалаймыз деп ашық айтты.

Қалыптасқан сыртқы факторларға қарамастан, еліміздің экономикасы өсіп жатыр, бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп екеніне назар аударды. Осындай сәтте атқарушы билікке артылатын жүктің салмағын саралай келе, Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің бойындағы жауапкершілікті күшейту керектігіне ерекше назар аударды.

«Алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру үшін тұтас мемлекеттік аппарат тиімді жұмыс істеуі керек» деп шегеледі Мемлекет басшысы. Елімізде халық сайлаған жаңа әкімдердің буыны қалыптасқаны туралы айта келе, олардың арасында бұрын мемлекеттік қызметте жұмыс істемеген әкімдерге, сонымен бірге,  түрлі деңгейдегі басшыларды кешенді дайындықтан өткізу мәселесі өте өзекті екеніне назар аудара келе,  Үкіметке Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесе отырып  «Әкімдер мектебі» оқыту жобасын іске қосуды тапсырды.

Осы тұста әл Фараби бабамыздың ел басқарушыға қойылатын талаптары еске түседі. Ғұламаның «Шындық пен шыншыл адамдарды сүйіп, өтірік-жалған мен суайттарды жек көру керек. Жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын болуы шарт» деген өсиеті  болашақ ел билеушілерге қаратып айтылған сөзі деп қабылдау керек. «Әкімдер мектебі» мемлекетті басқару саласында келешекте дәл осындай Отаншыл, Мемлекетшіл, Адал да Әділетті әкімдер легін қалыптастырады деп сенеміз.

Президентіміз билік басына келгеннен бері, мемлекеттік аппараттың басты міндеті – азаматтарды толғандыратын өзекті мәселелерді шешу  деп айтып келеді. Ол үшін, ең алдымен қоғаммен ылғи да кері байланыс орнату керектігін тағы да бір нақтылап айтты. «Әдетте азаматтардың өтініштерінің артында адам тағдыры тұрады, сондықтан, бұл жерде барлық құзырлы органдар жұмыла жұмыс істеуге тиіс» екендігін атқарушы биліктің есіне қайта салды.

Қорыта келе айтқанда, заманында Асан қайғы бабамыз біздерге, ұрпағына «Қарындасты жамандап, жақсыны қайдан табасың» деп өсиет қалдырған еді. Сол өсиетке адал болайық. Күн сайын мың құбылған жаһандық жағдайында сыртқы күштерге күлкі болмай жақсымызды асырып, бірлігіміз бекем, тірлігіміз мықты, озық ойлы ұлт болу жолында бірге болайық және де ұлт ұстазы Ахмет Байтұсынұлынша айтқандай, «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек».

Зұлфухар Ғайыпов,

Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Басқару институтының директоры, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің төрағасы, ҚР Ұлттық Құрылтай мүшесі

 

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button