Ел тынысы

Болашағымызды бағамдауға септік етеді

Мемлекет басшысының «Ana tili» газетіне берген «Мақсатым – экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбатын оқып, өткенімізге кең ауқымды шолу жасауға және болашағымызды бағамдауға мүмкіндік алдық. Себебі Президент бұл сұхбатында елдің ішкі және сыртқы саясаты, жүргізіліп жатқан реформалар мен болған ірі оқиғалар туралы ойын білдірген.

«Біздің реформаларымыздың, экономиканы дамыту үшін қабылдап жатқан шараларымыздың бәрі азаматтардың әл-ауқатын жақсартуды, тұрмыс сапасын арттыруды көздейді. Басқа мақсат жоқ, бұл – Үкіметтің ең басты міндеті» деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Рас, ең бастысы – халықтың жағдайын жасау, тұрмыс сапасын көтеру. Соның ішінде ел болашағы – жастардың да білім деңгейіне тоқталып өткен. Осы ретте көптеген жастарымыздың білім алу немесе қызметте өсу үшін шетелге шыққысы келетінін айта келіп, бұл – жаһандану үдерісінің бір ерекшелігі екенін, оған түсіністікпен қараған жөн екенін айтқан.

Сонымен қатар инвестиция және бизнес саласындағы ахуалды жақсартуға, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға айрықша назар аударатынын жеткізген. Бүгінде қоғамда дендеп еніп жатқан жасанды интеллект мәселесін де қозғаған.

«Таяу жылдарда жасанды интеллект өте қарқынды дамып, жұрттың өмір туралы ұғымын, тіпті тұрмыс-тіршілігін де түбегейлі өзгертетінін ескерген жөн. Милы машиналар, яғни интеллектісі жағынан адамды он орайтын роботтар пайда болатын күн алыс емес. Оның үстіне бұл роботтар эмпатияға, яғни сезіну және эмоция білдіру сияқты адамға тән қасиеттерге ие болады», деп алдағы уақытта бұл салада көптеген өзгерістер болатынын аңғартып отыр.

Жалпы сұхбатты оқыған адам Қазақстанның қазіргі ахуалына терең шолу жасап, болашағын бағамдай алады. Президент сол бағытта бізге қандай мәселелерге назар аударту керектігіне жол сілтейді. Ендеше бұл сұхбат – жай ақпарат құралдарында шыққан материал ғана емес, еліміздің болашақ дамуына бағдар беретін маңызды құжат деп атауға болады.

Алтыншаш Табулдина,

Астана қалалық мәслихатының депутаты,

Астана қалалық №5 емхананың директоры

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button