Мәдениет

Болашақ әскери журналистер

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әскери кафедрасының әскери журналистика бөлімінің студенттері «Astana aqshamy» газетінің ұжымымен кездесті.

Студенттерге жетекшілік еткен, аталған оқу орнының Әскери кафедра оқытушысы Әбубәкір Смайыловтың айтуынша, әскери журналистика бөліміне қабылданған білім алушылар тек журналистика факультетінің ғана емес, әртүрлі факультеттің студенттері екен. Бүгінде олар – әскери журналистика бөлімінің алғашқы тобы. Биыл тағы да бір топ студент әскери бөлімге қабылданды. Олар әскери тарих, журналистің құқығы және жанрлары сынды тақырыптарда білім алады.

Басқосу барысында газеттің бас редакторы Еркін Қыдыр бүгінгі ақпараттық соғыс заманында әскери тақырыпқа қалам тербейтін тілшілерге деген қажеттіліктің барын айтып, жоғары оқу орындарында салалық журналистикаға мән беріліп жатқанына ризашылық білдірді. Ал Ауған соғысына қатысып, бұл қасіретті көзімен көрген газеттің бас редакторының орынбасары Ғалым Қожабеков әскери журналистика саласында жазудың ерекшелігін айта келе, сол кездердегі естеліктерін әңгімелеп берді. Студенттер болса, өздерін қызықтырған сауалдарға жауап алып, кәсіби мамандардың кеңесін тыңдады.

Газет редакциясын аралап, журналист, корректор, дизайнерлердің жұмысымен танысқан студенттер кездесу соңында «Astana aqshamy» ұжымына алғыс айтып, алдағы уақытта редакциямен байланыс орнатып, тәжірибелерін шыңдайтынын жеткізді.

Тағыда

Индира Бержанова

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button