Болашақ балабақшадан басталады
Мектепке дейінгі сапалы тәрбие мен білім беру – өзекті мәселе. Елорда балабақшаларында 2-6 жас аралығындағы балаларды оқытып, тәрбиелеу іске асып отыр. Астана қаласы әкімдігіне қарасты №86 «Зияткер» балабақшасында білім берудің түрлі жобалары жүзеге асырылуда. Мұнда «Абай аманаты» эксперименттік тобы жұмыс істейді. Бір қызығы, балабақша тәрбиешілері бүлдіршіндерге арнап өлең шығарса, ол өлеңді балалар жатқа айтады екен. Балабақша меңгерушісі – Мейрамгүл Махамбетова.
Айрықша әдіс – «Афлатун»
– Біздің балабақшамыздың тағы бір ерекшелігі – «Шабыт» мектепалды даярлық тобы қатарынан 2 жыл бойы осы әдісті қолданып, балалармен жақсы жетістіктерге жетіп келеді. «Афлатун» әдісінің мақсаты – баланың әлеуметтік, экономикалық, қаржылық сауаттылығын арттыру, өзіне-өзі қызмет көрсетуін арттыру, еңбекке баулу және өзгелердің еңбегін құрметтеуге шақыру. Ал негізгі міндеті – өз-өзіңді және қоршаған ортаны тану, адал еңбек ету, жағымды мінез-құлықты қалыптастыру, көмек көрсету, қол ұшын созу, мақсат қоя отырып, оған талпыну, әділ болуға, сенімділікке үйрету, – дейді балабақша меңгерушісі Мейрамгүл Ықыласқызы.
Әртүрлі мамандық иелерін біле отырып, балалар оған қалай жеткендігін және сатып алу, сату, саудаласу, несие, сауда-саттық, тағам әзірлеу (дайындау), сонымен қатар төлемақы, еңбекақы, зейнетақы, теңге, қарыз және ақша секілді ұғымдармен танысады. Яғни, бала «еңбек-нәтиже-ақша» бірлестігін түсінеді. Бұл әдіс 5-7 жас аралығындағы балаларға арналғандықтан, 5 жастан бастап бала ненің тиімді немесе тиімді емес екендігін біле бастайды.
Әдіс 5 модульдан тұрады:
- Сен, мен және Афлатун: өз-өзіңді тану.
- Мен және отбасым: туған-туысқа қамқор болу.
- Мен және достарым: бір-бірімізге көмектесу.
- Мен және қоғам: еңбек ету.
- Ақша жұмсау, үнемдеу және бөлісу.
Абай аманаты
Елордадағы №86 «Зияткер» балабақшасы «Абай аманаты» эксперименттік алаң бойынша жұмыс жасайды. Бұл эксперименттік алаң республика бойынша Астана қаласында ғана бар. Яғни қаламыздың 30 мектеп пен 19 балабақшасында қатарынан екінші жыл жүзеге асырылуда. Эксперименттік алаң бойынша 4 топ жұмыс жасайды, «Абай – дана, Абай – дара қазақта» тақырыбында көлемді іс-шара жоспарланып жатыр. Осы мақсатта апталықтар ұйымдастырылып, жас мамандар, тәрбиешілер арасында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» атты Абай өлеңдерінен мәнерлеп оқу сайысын өткізуді де жоспарлап қойдық. «Табиғат, таң қаламын тамашаңа!» Абай шығармалары бойынша сурет байқауы, ашық ұйымдастырылған іс-әрекеттер, балалар арасында «Абай үні, Абай лебі» Абай өлеңдерінен мәнерлеп оқу жұмыстары да тұрақты ұйымдастырылып келеді.
Мұндай іс-шараларды өткізудегі мақсат – шығармалар арқылы жақсы қасиеттерді балалардың бойына сіңіру, балалардың таза, анық, тартымды сөйлеу дағдысын қалыптастыру ұлы ақынның баға жетпес мол мұрасын айту, өскелең ұрпақтың ұлттық рухы мен патриоттық сезімдерін ояту.
– Мұндай жұмыстарды біз Абай күнінде ғана ұйымдастырмаймыз. Ақынның мол мұраларын жыл бойы дәріптеп келе жатырмыз, – дейді балабақшаның инновация әдіскері Құралай Ғаниқызы.
Өлеңім – өмірім
Расында, қазір балаларға арналған түрлі өлеңдер мол кездескенімен, тақпақ жанрының жазылуы кемшін. Бір оқығаннан-ақ жатталып қалатын, сонымен бірге қазіргі заманғы технологияларды қамтитын өлең жолдары керек-ақ. Мәселен, бала біткеннің қолындағы смартфон, самокат, гироскутер, ютуб, Тик-Ток сияқты тақырыптарды қамтып, өлең шығаратын педагогтар бар. Нұржамал Ақтайқызы, Гүлнафис Есенәліқызының бірнеше өлеңдерін балабақша бүлдіршіндері жатқа айтып жүр. Балаларға арнап жазу мұқияттылықты қажет ететін болса, тақпақтардың ұйқасына да баса мән беріледі. Шын көркем шығармаға қойылар талап зор. Ол талап күн өткен сайын жаңарып келеді. Заманауи тақпақтар жазып жүрген әріптесіміздің бірі былай деп өлеңдетіп, балаға ұнамды, тез жаттайтын жолдарды жазады:
Біз тұратын – Астана,
Елімізде бас қала.
Өсе берші өркендеп,
Мәңгі жайнап жас қала.
Білім алып кітаптан,
Асулардан асамыз.
Оқу оқып жалықпай,
Жамандықтан қашамыз.
«МонтесСори» әдісі туралы не білеміз?
Балабақшада осы атты әдіс бойынша тәлім-тәрбие беретін тәрбиешілер – Гүлнафис Есенәлі және Ақбаян Мұхитова.
– «Өзін-өзі қалыптастыру» әрбір баланың міндеті екендігін түсініп, біз өзіміздің педагог ретіндегі ролімізді сәулет инженері кәсібіне ұқсастығын байқаймыз. Біз балалардың шығармашылығын, қиялы мен дербестігін ынталандыру барысында дағдылар мен білімдерін қалыптастыратын жоспарлар, материалдар, құралдар мен тәжірибелердің әрбір кезеңде әр бала үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуіміз керек, – дейді Гүлнафис Есенәліқызы.
– Монтессори әдісі бойынша балалар жақсы нәтижеге жетуде. Білуге, үйренуге деген талпыныстары, өз-өзіне еңбек ету, бір-бірімен қарым-қатынас жақсарып, қоршаған ортаға деген қызығушылығы, өз ойларын ашық айтуға т.б. қарым-қатынастарда жақсы нәтиже беруде. Монтессори әдісінің мақсаты – балаларды еркін тәрбиелеп, өмірге бейімдеу, өмірде өз мақсаты бар екенін қалыптастыру, балалардың өзінің үйреніп, өзін дамытуына жаңа мүмкіндіктер беру, – дейді Ақбаян Қажығалиқызы.
Бұл әдіс бойынша тәрбиешінің міндеті – балаға өз жұмысын басқаруға көмектесу, негізгі түстерді айыра білуге үйрету, ұсақ моториканы дамыту, алғашқы математикалық, ғарыштық түсініктерді қалыптастыру, зейінін тұрақтандыру, тәртіпке үйрету. Монтессори 5 аймақтан тұрады – күнделікті өмір жаттығулар аймағы, сенсорика, математика, тіл және ғарыш аймағы.
Күнделікті өмір жаттығулар аймағы кішкентай балалар үшін ерекше маңызды. Материалдар бала өзі істейтін ісінің мақсатын айқын түсінген жағдайда таңдап алынады. Бала өзі киінуге (түйме, кнопка, сыдырма, жіпшелер, түйрегіштер, баулар, банттар, ілмектер сияқты заттар салынған рамкаларды пайдалана отырып) үйренеді. Ұқыпты бір нәрсені құюға, төгуге, ыдыс жууға, айна сүртуге, киім-кешек жууға, шын үтікпен оны үтіктеуге, салаттар жасауға, көкөністер тазалауға, кесуге, майдалауға, жаңғақ ашуға, аяқ киім тазалауға, бір жерден екінші жерге тасымалдауға өзіне-өзі қызмет етуге үйретеді, – дейді әдіскер Гүлбаршын Шымберген.
Сенсорика аймағында бала қоршаған ортаны зерттеуде өзінің сезімдерін қолдана білуге үйренеді – осындағы материалдар арқылы өзінің көру сезімін, сипап сезу сезімін, иіс, дәм сезу, есту сезімін жетілдіреді, сол сияқты температураны ажырату, заттардың салмағының айырмашылығын білу және есте сақтау қабілеттерін жаттықтырады. Математика аймағында сенсорлық материалмен жұмыс істеп, логикалық ойлауды үйренген соң бала еш қиындықсыз өзіне таныс ұғымдарды математикалық терминдерге айналдыра бастайды. Оның үстіне математиканы үйрену табиғи жүріп отырады: себебі бала жай ғана математикамен ұласатын дайындалған ортада өмір сүреді. Математикалық дамыту аймағы бала санауды, қосу мен азайтуды, көбейту мен бөлуді, түбірге алу, мағыналы сандармен жұмыс істеу үшін барлық керекті материалдардан тұрады. Тіл аймағында жазуға моторлық (қимылдық) дайындық, фонетикалық естудің дамуы, жазу мен оқуға үйрету, т.б. қарастырылады. Бұл жерде бала өзінің қорын кеңейтуге, дыбыстармен танысуға, саусағымен қиынырақ дыбыстарды таңбалауға үйренеді. Ғарыш аймағындағы жұмыс баланы қоршаған ортамен байланыстырады. Ғарыш аймағында балалар жер бедері, жер шары, әлем бойынша елдерді, олардың мәдениеті мен дәстүрін, өлі және тірі табиғатты, табиғат құбылыстарын, жануарлар мен өсімдіктерді, биологиялық, географиялық, физикалық, химиялық түсініктерін толық алады.
Балалар жұмыс істегісі келетін аймақ пен нақты Монтессори – материалды өзі таңдайды. Ол жалғыз өзі немесе басқа баламен жұмыс істегісі келе ме, оны да өзі таңдайды. Бала өзінің қарқынында жұмыс істейді. Монтессори баланың шынайы заттармен айналысуын «жұмыс» деп атайды, ал біз «ойын» деп санағанға үйреніп қалғанбыз.
P.S: Әрбір сау бала туғаннан бастап жан-жағын зерттеуге ұмтылады. Ол әлемді білгісі келеді. Бала айналасындағы әлемді зерттеу арқылы табиғатты сүйіп өсіп, оны таза ұстауға, елінің тарихын біліп, айналасын құрметтеуге деген қызығушылығы да оянады. Балақайлардың әлемді тануы осындай балабақшада бүгіннен басталады.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ