Басты ақпаратЭкономика

«БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫ» – ТЫҢ БАСТАМА

2017 жылы «ЭКСПО» көрмесін өткізуге ниетті Қазақстан – әлемдік қоғамдастыққа «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынғаны белгілі. Таңдап алған тақырыптың маңызын тағы бір талқылап, оны әлемге таныта түсу үшін Астанада «Болашақ энергиясы. Ғаламшардың тұрақты дамуы» атты халықаралық симпозиум өтті. Симпозиумға 160 елдің 150-ге жуық делегаттары қатысты.

 Симпозиумның мақсаты – ғаламшардың назарын Қазақстанның «ЭКСПО-2017» көрмесіне таңдалған «Болашақ энергиясы» тақырыбына аудару. Сонымен қатар, Астананың халықаралық ша­раларды жоғары деңгейде өткізуге даярлығын көрсету. Шетелдік және қазақстандық ғалымдар, саясат­керлер мен қоғам қайраткерлері симпозиумда жаһандық мәселелерді айқындап, климаттың өзгеруін, болашақтағы энергия мен экология қауіпсіздігін және баламалы энергия көздерін жетілдіру мен тұрақты да­мыту жобаларына қаржылай қолдау көрсетуді талқылады. Айта кетерлігі, Астана жеңіске жеткен жағдайда, ЭКСПО –2017 көрме қалашығы толықтай баламалы энергия көздері арқылы жұмыс жасайтын болады.

«Әлем бойынша энергетика саласындағы кешенді мәселені шешу – энергетикалық баланс-ты баламалы қуат көздерімен толықтыруға тікелей байланыс-ты» дейді ғалымдар. Әсіресе, еліміздің географиялық жағдайы жел, күн және су энергиясын мо­лынан пайдалануға мүмкіндік береді. Қазақстан сағатына 1 трлн кв энергия өндіруге мүмкіндігі бар. Алайда, қазір іске қосылған төрт станция небәрі 10 мегават қана энергия өндіреді. Бұл ретте әлемдік қауымдастыққа «ЭКСПО»-ны өткізу үшін «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынған Қазақстан тек елде ғана емес әлемдегі ең өзекті, тіптен өмірлік маңызы бар мәселені көтеріп отыр. Симпозиум бары­сында сондай-ақ климаттың өзгеруі, болашақтағы энергия мен экология қауіпсіздігі және баламалы энергия көздерін жетілдіру мен тұрақты дамыту жобаларын қаржыландыру мәселелері талқыға түсті.

– Біз баламалы қуатты пайда­лану мәселесін көтеріп отырмыз. Оның ішінде нақтырақ айтсақ, күн, жел, энергетикалық ресурс-тар, теңіз, мұхит ресурстары бар. Бұл «Болашақ энергиясы» атты көрме аясында Астанада ең озық әлемдік технологияларды енгізуге және энергетикалық тиімді бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді. Сондықтан, бұл көрме беделді, халықаралық маңызы бар оқиға болмақшы. Бұл ретте барлық мемлекеттер өздерінің жетік технологияларын көрсетуге мүмкіндік алады, – деді симпозиумда сөз сөйлеген ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов.

Қазақстанның бұл бастамасын энергетика саласының алдыңғы қатарлы сарапшылары, ғалымдар мен қоғамдық және мемлекеттік емес ұйымдар жетекшілері қолдап отыр. «Энергияның экологиялық таза көздерін пайдалануға көшсек, қомақты экономикалық табысқа жете аламыз. Технологиялар транс­формация процесінде маңызды рөл атқарды. Ол үшін нақты саяси қадамдар жасалу керек» деді өз сөзінде Халықаралық энергетика агенттігінің бас сарапшысы Маркус Врейк.

«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу Қазақстан үшін халықаралық деңгейде алға жылжуында үлкен қадам болмақ. Бұл шара көрме нысандары мен Астананың инфрақұрылымын салуға жеке инвестицияның елеулі көлемін тартуға мүмкіндік береді. Елорданың да, тұтас республиканың да экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы үшін қосымша ынталандыру болады. Астанадағы және оның маңындағы шағын және орта бизнес, ең алдымен қызмет көрсету саласы, қонақ үй бизнесі мен ішкі туризм дамуға елеулі үлес алады.

Мамандардың айтуынша, «Болашақ энергиясы» тақырыбына арналған мұндай жиын – сала сарап­шылары мен жетекші ғалымдардың пікірталас алаңына айналып, биз­нес бастамалардың өмірге түрткі болмақ. Алып көрмені өткізетін мемлекет – осы жылдың қараша айында Парижде белгілі болады. Халықаралық көрмелер бюросының бас хатшысы Висенте Гонсалес Лоссерталес: «Қазақ елінің «ЭКС­ПО-2017» көрмесін өткізуге мүмкіндігі мол деп бағалаймыз. Біріншіден, 5 жылдан кейін Аста­на қаласының 20 жылдығы той­ланады. Көрмені өткізу үшін мұндай алғышарттың маңызы зор. Қазақстанның «Болашақ энергия-сы» деп ұсынған тақырыбы да – ұзаққа бағытталған ұлы мақсатты білдіреді», – деп атап өтті.

 Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button