Қала мен СалаЭкономика

«БОЛАШАҚ ЭНЕРГИЯСЫНАН» – ЭНЕРГИЯ БОЛАШАҒЫНА

ERA_1822+

Астанада ұйымдастырылған «Болашақ энергиясы: СО2 шығарындыларын азайту» халықаралық форумы өз мәресіне жетті. Аталған форум «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының көрме қарсаңында өткізіп отырған негізгі тақырыптық іс-шараларының бірі болып саналады.

Форум «ЭКСПО-2017» көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбы мен соның ішіндегі парниктік газдардың мөлшерін азайту, тиімді технология­ларды енгізу мен жалпыға бірдей энергияға қол жеткізу бойынша ғылыми тың жобаларға жол ашып, жұртшылыққа жасыл экономиканы жаңа қырынан таныстырды.

Халықаралық көрмелер бюросының басшылығы, «ЭКСПО» Комиссары хатшылығының қызметкерлері, сондай-ақ, ресми шақыру алған 86 елдің жүзден астам өкілі қатысқан екі күндік форумда Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес, ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев, «ЭКСПО-2017» комиссары Рәпіл Жошыбаев, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту» коалицясы төралқа төрайымы Айгүл Соловьева, Жасыл өсім жаһандық институтының бас директоры Иво де Бур, ҚР Білім және ғылым вице-министрі Такир Балықбаев баяндама жасады.

Форумның басты мақсаты «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған стратегиялық контентті даярлау, яғни оның ішкі мазмұнын барынша толтыру болып отыр. «Болашақ энергиясы» тақырыбы аясында ауқымы кең әрі тұрақты халықаралық диалогтарға себеп болу форумның негізгі міндеті болып саналады.

Халықаралық басқосудың аясында сөз алған Халықаралық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталес: «Бүгінде біз «Болашақ энергиясы» деп отырған мәселелерді қандай да бір мемлекет немесе ұйым жекелей өздері шеше алмайды. Оны бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан, осы жұмысқа барлық азаматтардың, жалпы азаматтық қоғамның атсалысуы аса маңызды рөл атқарады. Бізге күнде болып жатқан өзгерістерді болжап-бағамдау үшін халықаралық байланыстар мен ресурстар, азаматтық қоғамның қолдауы ауадай қажет-ақ. Бүгінгі форумда айтылып жатқан ой-идеялар «ЭКСПО-2017» көрмесінің бүкіл адамзат болашағы үшін айтулы оқиғаға айналуына өз септігін тигізетін болады» деді.

Әр түрлі мемлекеттен жиналған энергетика саласының 500-ден астам жетекші сарапшылары, ғалымдар, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың көшбасшылары, мемлекеттік мекемелердің өкілдері, саясаткерлер форум барысында күллі адамзат құндылықтары үшін көз жұма қарауға болмайтынын айтып, ортақ ізденістерге шақырды. Олар климаттың өзгеруі, экологиялық және энергетикалық қауіпсіздік, ауаға шығарылатын заттардың мөлшерін азайту және қалдықтарды кәдеге жарату жобаларына инвестиция құю мәселелерін талқылады. Сессиялар барысында қатысушылар бірқатар мәселелер бойынша ақпараттық-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, талдау жасады.

Форумға қатысушылардың мойнына жүктелген тағы бір міндет, ол – «Болашақ энергиясы» тақырыбын мүдделес халықаралық ұйымдардың басқа да бағдарламаларымен сәйкестендіру. Мысалға алатын болсақ, олардың ішінде БҰҰ Климаттың өзгеруі туралы конвенциясының технологиялық тетігі, Еуроодақ мэрлерінің келісімі, «БҰҰ-Энергия» атты білім беру желісі, Стратегиялық климаттық қор, Дүниежүзілік банктің таза технологиялар қоры сияқты тағы да басқа халықаралық құжаттар бар.

Сонымен қатар, форум аясындағы пікірталас алаңдарында инноваторлардың, өнертапқыштар мен инвесторлардың халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге арналған виртуалды қорларын құру жайы талқыға салынды және «ЭКСПО-2017» көрмесінің «Құндылықтар мен қағидалар манифесті» жобасын қалыптастыру жоспарланды. Соның арқасында үкіметтер, компаниялар, бизнестік құрылымдар, ғылыми және экологиялық ұйымдардың басын қосып, олардың ұсыныстары негізінде энергетиканың жаңа үлгісін құруға мүмкіндік туатын болады.

Қазірдің өзінде Ресей, Үндістан және Қазақстанның басқа да жақын көршілері 2017 жылы өтетін «ЭКСПО» көрмесіне қатысамыз деп өз келісімдерін беріп үлгерді. Көрме комиссары Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, биыл Халықаралық көрмелер бюросы Бас ассамблеясының 155-сессиясында «ЭКСПО-2017» көрмесін ресми түрде мақұлдағаннан кейін 141 мемлекетке ресми шақыру жолданған.

«Осы уақытқа дейін біз 6-7 елге барып, көрмеге қатысу жайын талқылап келдік. Енді, дәл қазір он мемлекет нақты келеміз дейді. Келесі жылы олардың қатары көбейеді. Себебі, негізгі жұмыстың барлығы сол кезде атқарылады» деген комиссар алдағы күндерге сенім білдірді.

Халықарлық көрмелер бюросының Бас хатшысы Висенте Лоссерталестің айтуынша, Астанада өтетін ЭКСПО көрмесінен кейін Қазақстанда үлкен зияткерлік мұра қалады.

«Шынымды айтсам, менің көрмелер мәселесімен айналысып жүргеніме біраз жыл болды. Осы уақыттың ішінде мен Астана сияқты «ЭКСПО-ның» дайындық жұмыстарына білек сыбана кіріскенді бірінші рет көріп отырмын. Бұл жерде қарқынды прогресс айқын байқалады. Қазақстанның билігі «ЭКСПО» арқылы Астана қаласының инфрақұрылымын барынша дамытуды көздейді. Бұл – құптарлық іс. 2017 жылғы көрмеде зияткерлік мұраның озық үлгілері таныстырылады. Сондықтан «ЭКСПО-дан» кейін қазақстандықтарға тек материалдық қана емес, үлкен зияткерлік мұра да қалады» дейді Лоссерталес мырза.

«ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысушылардың бірінші бас қосуында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ туризм департаментінің директоры Аниса Бердина көрмеге туристерді көптеп тарту жұмысы жайында айтып берді.

Оның айтуынша, департаменттің негізгі міндеті де сол. «Біз тек Қазақстан азаматтарын ғана емес, шетел қонақтарын да көптеп тартып, олардың жүріп-тұруына барлық жағдайды жасап беруге тырысамыз» дейді А.Бердина.

Қазіргі жоспар бойынша, «ЭКСПО-2017» көрмесіне 100 елдің өкілдері қатысады. Жалпы, Қазақстанға 2 миллионнан астам адам келеді деп жоспарланып отыр. Олар сан алуан іс-шараларға 5 миллион рет қатысуы әбден мүмкін. Барлық келушілердің 85 пайызы қазақстандықтар болса, 15 пайызын шетелдіктер құрайды. Қонақтардың басым бөлігі ТМД мен Қытайдан, сондай-ақ Еуропа, Түркия мен АҚШ-тан келмек.

Департамент басшысының айтуынша, туристер Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғаты көрікті жерлеріне бара алады. Ол үшін арнайы турлар ұйымдастырылады. Барлық ақпарат көрменің ресми сайтында жарияланады. Осы орайда айта кетер жәйт, Халықаралық көрмеге келушілер үшін ондай турлар арзан бағамен сатылады.

Жиналыс барысында А.Бердина шетелден келген қонақтарға Байқоңыр, Бурабай, Жетісу аймағы және тағы басқа Қазақстанның көрікті жерлері туралы айтып берді.

«Астана мен Алматыға ерекше көңіл бөлген жөн. Себебі, «ЮНЕС­КО» ұйымы Астананы «Бейбітшілік қаласы» деп таныды. Ал Алматы Қазақстанның мәдени әрі іскерлік орталығы болып саналады» деп атап көрсетті Аниса  Бердина.

Ал «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ халықаралық қатынастар департаментінің директоры Нұрбек Ергешбаев көрмеге қатысу рәсімі туралы баяндады.

«Енді көрмеге қатысу үшін әрбір мемлекет тиісті келісімшартқа қол қоюы қажет. Оны ұлттық секцияның комиссары, сондай-ақ ұйымдастырушы мен көрме комиссары да рәсімдеуі тиіс. Құжаттың өзінде павильондардың дизайны мен тақырыптық сипаттамасы, жобалардың құны мен басқа да қажетті материалдар болуы керек» дейді Нұрбек Ергешбаев.

Департамент басшысының сөзіне сенсек, алдағы уақытта Қазақстан үкіметі мен Халықаралық көрмелер бюросы арасында «SEE Agreement» атты келісімді рәсімдеу көзделіп отыр. Аталған құжатқа сәйкес, «ЭКСПО-2017» көрмесінің халықаралық қатысушыларына бірқатар арнайы жеңілдіктер беріледі. Соның ішінде салық, кеден және тағы басқа жеңілдіктер бар.

Сондай-ақ, әрбір мемлекетке берілетін павильонның жалпы ауданы 1 мың шаршы метрден аспайды. Өйткені, бұл – Халықаралық көрмелер бюросының ережесі. Павильонды орналастыру және оның ауданы келіссөздер кезінде талқыланатын болады. Ұйымдастырушылар әрбір павильонның бағасын ауданына қарай алдын ала жариялайтын болады. Осының арқасында көрмеге қатысушы мемлекеттер тиісті есеп-қисабын өткізіп, 2017 жылғы ұлттық бюджеттерін реттей алады.

ERA_2486+

 

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button