«Болашақ» өнерлі өрендерге қолдау білдірді
Назарбаев орталығында «Болашақ» қоры «Менің айналамдағы әлемім – менің шығармашылық өмірім» атты II республикалық көркемөнер туындыларының байқау қорытындысын шығарды.
Қор 2010 жылдан бастап «Құланшы» қазіргі заманғы Өнер орталығы және «ЮНЕСКО» балалар көркемсурет мектебінің қолдауымен балалар үйлері тәрбиеленушілерінің арасынан таланттарды тауып, олардың шығармашылығын шыңдауға көмек көрсетіп келеді.
Мәселен, былтырғы байқаудың үш жеңімпазы Қазақ ұлттық өнер университетіне оқуға шақырылды. Ал биылғы байқауға 200 үміткер қатысты. Олар жиналған жұртқа матадан, ағаштан, металдан жасалған бұйымдарын ұсынды.
11-13 жас аралығында бірінші орынды Павлодар қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларды бейімдеу орталығының тәрбиеленушісі Анель Төлепова мен Ақмола облысы Урюпинка ауылындағы №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Кирилл Моисеев жеңіп алды. 14-16 жас аралығында Астанадағы балалар үйінің бойжеткені Земфира Млюкова мен Ақтөбе облысы Тамды мектеп-интернатының оқушысы Тимур Молдағалиев үздік деп танылды. 7-11 маусымда Назарбаев орталығында өнерлі өрендер туындыларының қайырымдылық көрмесі болады. Түскен табыс балалардың өздеріне беріледі.
Ырысты ЖАЛҒАСБАЙ