ӘлеуметҮйренетін үрдістер

БОЛАШАҚ ТҮЛЕКТЕРІ ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ ЕТІП ЖҮР МЕ?

«Әрине, шетелде қалуға болады. Жағдайлары жақсы, мүмкіндік те көп. Бірақ, Президент бізді не үшін оқытты? Байып-тасығаннан емес қой! Әр студенттің білім алуына миллиондаған ақша кеткенін жақсы білеміз. Ертең Қазақстанды көтеруімізді мақсат тұтып отыр Елбасы. Енді соншалықты арқа сүйеп, өзімізден нәтиже күтетіндіктен сол жақта қалып қойсақ ұят! Бөтен жерде не жоғалтқанымыз бар?! Туған жерге ораламыз». Осындай көзқараспен Астанаға келген «Болашақ» стипендиаттары Орынбасар мен Әйгерім бүгінде Назарбаев университетінде қызмет етеді. Шетелдегі жылдар таным көкжиегімізді кеңейте түсті дейді олар. Бұл сөздерді қыздар амал-әрекетпен дәлелдеп келеді…

Сұхбат барысында кейіпкер еркін көсілуі үшін «Қай тілде ыңғайлы, сол тілде сөйлеңіз» дейтініміз бар. Қазақшаға тілі күрмелгендер ондайда орысша шүлдірлей жөнеледі. Керісінше болуы да мүмкін. Алайда, қарсы алдымдағы қазақ қыздары – үш тілге де жүйрік. «Қажеттілікке байланысты тіл таңдаймыз. Негізі күні­міздің көп бөлігі жұмыста өткен соң, ағылшынша тілдесеміз. Өзіміз ғой. Қазақша әңгімелесейік» деді Орынбасар. Мені қызықтырған тақырып – болашақтықтардың қазіргі ғылыми жобалары. Сонымен…

ҚАТЕРЛІ ДЕРТКЕ ДАУА ІЗДЕЙДІ
Орынбасар Карапина «Болашақ» бағ­дарламасымен Ұлыбританиядағы Ливерпуль университетінде микробиология мамандығы бойынша білім алған. Бүгінде Назарбаев университетінің магистранты. «Бір күні «NURIS» зерттеушілері қа­тер­лі ісік жасушаларына қатысты семинар-тренинг өткізді. Ісік жасушаларының апоптоз процесін бақылау мені ғылыми тұрғыда әсерлендірді. Содан лабора­то­рияға барып, мамандарға бұл зерттеу жұ­мысына үлесімді қосу ниетім бар екенін білдірдім. Команданың мүшесі болғым келді. Алғашында рак ауруына қатысты көптеген деректерді оқып шықтым. Көп ұзамай «NURIS» мені волонтер ре­тінде өз қатарына қабылдады» дейді Орын­басар. Оның зерттеуі – қатерлі ісік жасу­шаларының қозғалысы жайлы. Яғни, жыл­дамдығы, өсу деңгейі, тежелуі. Жобаның идеясы АҚШ-та Кен Әлібек немесе Кеннет Әлібек деген атпен танымал дәрігер, ғалым, иммунология және ин­фекциялық аурулар жөнінен маманға тиесілі. «Адам денесіндегі жасу­шалардың өсуі, көбеюі ағзамыздағы тұтас бір жүйеге бағынышты. Бірақ рак клеткалары адамның иммунитетіне, ешбір жүйеге де бағынбайды. Олар мил­­лион­дап көбейіп, қозғалысы жылдамдай береді. Бөлінбейді де, ыдыра­майды да. Біз тауық эмбрионының сы­ғындысын ала отыра қатерлі ісік клетка­­ларының морфологиялық құрылы­сын, түр-пішінін өзгертуге болады деген тұжы­рымға қатысты эксперименттер жасадық» дейді Орынбасар Тілеубек­қызы. Орынбасар Астанадағы құс фабрикасынан инкубатордағы 11 күндік тауық жұмыртқасын әкеліп, эмбрион сығындысын жасайды. Ол экстракт қазіргі таңда рак жасушаларын зерттеу мақсатында қолданылып жатыр. «Адамның сау жасушаларын, рак клеткаларын және сығындымен қосылған рак клеткаларын бақыладым. Күткеніміздей, тауық эмбриондары рак жасушаларының санын азайтты» дейді жас зерттеуші. Рак жасушаларын лаборатория шетелден сатып алады екен. Бір қызығы, 1850 жылдары ауырған әйелдің клеткалары осы күнге дейін өмір сүріп келеді.


Орынбасар шетелде алған білім-тәжі­рибесін қатерлі ісік дертімен күресу жолдарын іздестіруге жұмсағысы келеді.
«Бұл тәжірибелерімнің басы ғана, болашақта зерттеудің түбіне жетіп, ең болмаса рак жасушаларының жылдам­дығын тежеуге атсалысып, адам денсау­лығының жақсаруына үлесімді қоссам деймін» дейді ол.

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ «GREEN CAMPUS»
Ал, қаламыздағы дарынды балаларға арналған «Зерде» мектебін бітірген Әйгерім Рахматулина жоғары сыныптағы кезінен шетелде оқуды армандаған екен. «Болашақ» халықаралық бағдарлама­сының сынақтарынан сүрінбей өткен ол 19 жасында АҚШ-тағы Пенсильвания университетіне биотехнология маман­дығы бойынша оқуға түседі. Бакалаврды тәмам­даған соң Назарбаев универ­ситетіне лабо­ратория ассистенті ретінде жұмысқа тұрады.
Оқу орнында Әйгерімді бәрі таниды. Жыл басында студенттерден бастап, профессорларға дейін құшақ-құшақ қағаз ұстап Әйгерімді іздеп жүреді екен. Бәріне себепші – болашақтық қыздың бастамасы. Ол бүкіл университетті керексіз қағаздарды қоқысқа тастай салмай, арнайы контейнерде жинауға шақы­рады. «Америкадағы мен оқыған универ­ситет­тің әр қабатында картон, газет, кеңсе қағаз­дары, пластик, дайын тамақтың ыдыс­тары, шыны заттар секілді қоқысқа арналған жәшіктер қаз-қатар тізіліп тұратын. Ол жақта қоқыстың түгін де қалдырмай, өңдеуге жібереді. Жер-жерде «Плас­тиктің топырақта 500 жылда ғана ыдырай­тынын білесіз бе?» деген сыңайлы ақпараттық билбордтар ілініп, қоқысты араластырып тастаудың қоршаған ортаға зияны жайында әлеуметтік жарнамалар көрсетілетін» дейді. Тіпті, қаладан алшақтау тұратын америкалық досы кішігірім өңірінде бөлек контейнерлер болмаған соң, бар қоқысты жиып-теріп, көлігіне тиеп, рет-ретімен лақтыру үшін ерінбей университетке алып жүреді екен.


Осылайша, елге оралған жас маман ең алдымен кеңседегі әріптестері арасында қалдықсыз технология мәселесін көтереді. Бәрі бірауыздан қолдап, босаға жаққа үлкен бос қорап қойып, пайдаланылған, жарамсыз қағаздың бәрін соған жинайды. Қорап лезде толып кетеді. Енді Әйгерімде оны қайда тапсырамыз деген сұрақ туады. Ізденімпаз қыз ғаламторды ақтарып, қағазды қайта өңдеп, картон шығаратын компанияның Астанадағы филиалын тауып алады. Олар қоқысты алып кетуге қуана келіседі. Керексіз қалдықтарды кәдеге жарату идеясын Әйгерім енді университет деңгейінде қарастырсам дейді. Алғашқы айда 600 кг қоқыс шықса, кейіннен бір тоннадан асатын болды. Бір күні Әйгерімнің әрекеті Назарбаев университетінің вице-президентінің құлағына жетеді. Жас маманды қабылдауына шақырған вице-президент оған «Green campus» жобасын жүргізуді ұсынады. Яғни, оқу орнын жасылдандыру саясаты. Айтқандай-ақ, уни­верситеттің әр қабатында қағаз тастауға арналған арнайы жәшіктер орнатылыпты. Қайта өңдеумен айналысатын компания болса, қағаздың әр киллограмына 10 теңге төлейтін көрінеді. Жарты жылда жиналған 30 мың теңгеге студенттер университет айналасын көгалдандыру мақсатында алма, бөртегүл, қайың ағаштары секілді көшеттер отырғызған. «Біздің оқу орны жылына 123 тонна дәретхана қағазын, 43 тонна кеңсе қағазын сатып алады екен. Университет басшылығы енді қал­дықсыз технологияға арналған құрылғы тауып, «өз қоқысымызды өзіміз игерсек тамаша болар еді» деп отыр. «Қалдықсыз технология – қоршаған ортаны ластанудан қорғайтын маңызды тақырып. Мәселе тек біздің университет қабырғасында емес, республика бойынша шешімін тапса деймін. Әсіресе жасыл экономиканы көздейтін ЭКСПО көрмесі қарсаңында бізде де қоқысты түріне, сапасына қарай өңдейтін зауыттар көп болуы тиіс» дейді Әйгерім.

Мәдина ЖАҚЫП

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button