Қала мен Сала

БОЛАШАҚ ЖУРНАЛИСТЕРДІ БАУЛЫҒАН

IMG_0458Қазақстан Республикасы Тәуел­сіздігіне 10 жыл толуына орай жа­сал­ған жалпыұлттық үндеу нәти­жесінде 2001 жылы ел Үкі­метінің қау­лысымен Л.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік (ұлттық ста­тусына кейіннен ие болды – А.Қ.) уни­верситетінің ғылыми кітап­ха­на­сы­ның негізінде «Отырар кітап­ха­насы» ғылыми орталығы құрыл­ған болатын. Сол үндеуге атса­лысқан және жаңадан ашылған меке­менің кітап қорын байытуға үлес қосқан адамдардың арасында аталмыш жоғары оқу орнының доценті Гүл­жауһар Болатова да болды. Осы игілікті ісін Үкімет жоғары бағалап, Алғыс хатпен марапаттады.

Үнемі жақсы істің қасынан табылатын оқытушы Қазақстан Кә­сіподақтар федерациясынан да осындай марапат көрді. Еңбеккер қауымның құқығын қорғайтын ұйым Гүлжауһар Жамбылқызын кәсіби мерекелері кезінде өткен іс-шараларға белсене қатысқандығы үшін елеп-ескерді. Одан бөлек, Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитеті оған студент жастарды оқыту мен тәрбиелеудегі ерен еңбегі мен білім беру саласының өркендеуі жолында адал қызметі үшін алғыс жариялады.

Негізі атқарып жүрген жұмысы да осы. 1997 жылдан бері Аста­наның жетекші оқу орны – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде дәріс беріп келе жатқан ол бірнеше буын жур­налис­терді тәрбиелеп шығарды. Қазір де болашақта бұқаралық ақ­парат құралдарына баратын, жазу-сызуға бейім жастарды кәсіптеріне керек болар теориялық біліммен қаруландырып келеді. Үш жылдай бұрын Журналистика және саясат­тану факультеті деканының студент­термен жұмыс жөніндегі орынба­сары қызметіне тағайындалып, шәкірттерінің тәрбиесі жағына да үлкен көңіл бөліп келе жатыр.

Студенттеріне айтар сөзі бірде – қатты, бірде тәтті болса да, шәкірттері қату сөзіне еш ренжімейді. Бірнеше шәкіртімен сөйлескенімізде олардың әңгімелерінен ұстаздарын аналарындай көретіндігін байқадық. «Гүлжауһар Жамбылқызы бізді «ботақан», «құлыншақ» деп атап, жиі еркелетіп тұрады» дейді олар.

Гүлжауһар Болатованың тағы бір қыры – оның ғалымдығы. Кіш­­кентайынан Ақан сері мен Бір­жан салдың әндерін құлағына сіңі­­ріп өскен «Арқаның кербез, сұлу Көк­ше­тауының» қызы ән әуез­­ді­лігімен қатар сөздеріне мән беріп келді. Өсе келе атақты жер­лесі, жазушы Сәкен Жүнісовтың шығар­маларымен сусындап, жаны әде­биетке жақын екендігін сезді. Содан Қазақ мемлекеттік уни­вер­сите­ті­нің филология факультетіне түсіп, үздік дипломмен тәмамдады. Онымен қанағаттанбай, осы оқу ор­ны жанындағы аспирантураны аяқ­тады. Оны бітірісімен Қазақ мем­лекеттік сәулет-құрылыс академия­сында бес жылдай аға оқытушы, доцент болып қызмет істегеннен кейін қазіргі жұмыс орнына келді.

Ғылыми еңбектері де сол ке­зеңде, яғни Л.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетіне қыз­метке келгеннен бастап шыға бастады. Аспирантураны аяқтарда қорғаған диссертациясының тақы­рыбы «Қазақтың үй іші әдет-ғұрып өлеңдері» деп аталса, «Салт жырларындағы тәрбиелік үрдіс­тер» еңбегі де сонымен өзектес. Соңғы еңбектерінің бірі – «Соғыс жылдарындағы мерзімді баспа­сөз­дегі «Отанды қорғауда» газетінің орны» мен «Қазақ жауынгерлерін отансүйгіштік рухында тәрбиелеуде майдандық басылымдардың рөлі» еңбектерінен Ұлы Отан соғысы тақырыбын біраз зерттегені көрініп тұр. Соның ішінде жауынгер ата­ларымыздың үлгісінде қазіргі ұр­паққа тәрбие беру тақырыбы қы­зықтырғаны аңғарылады.

Осы еңбектерінен басқа әр журналист білуге тиіс тақырыптар қоз­ғалған «Отандық журналистика та­рихы» курсы бойынша әдістемелік нұс­қаулығын, «Айқап» журналында әдеби материалдардың берілуі» еңбектерін атап өтуге болады.

Осындай еңбектерді жазған соң Чехия Республикасында «Еуропа жоғары білім беру кеңістігіндегі Болон процесі» бағдарламасы ая­сында ғылыми тағылымдамадан өтіп, ұстаздық шеберлігін ұштай түс­ті. Сол шеберлігін ұрпақ тәр­бие­сіне аямай жұмсап жүр.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ  

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button