Болашаққа бастайтын саммит
Астанада «Болашақ саммиті: жаһандық консенсус жолында» атты семинар жоғары деңгейде өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Семинар биылғы 22-23 қыркүйекте Нью-Йорктегі БҰҰ штаб-пәтерінде өтетін Болашақ саммитіне дайындықты пысықтаған маңызды шаралардың бірі болды. Іс-шараны БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі кеңсесі және Maqsut Narikbayev University бірлесіп ұйымдастырды.
Саммит қарсаңындағы семинарға 100-ден астам адам қатысты, оның ішінде дипломатиялық корпус, ғылыми орта және БАҚ өкілдері бар. Қатысушылар Болашақ саммиттің негізгі тақырыптарын, яғни Қазақстанның көпжақты дипломатиядағы нығайып келе жатқан рөлін, сондай-ақ бейбітшілік, қауіпсіздік және тұрақты даму үшін жаңа жаһандық пакт қалыптастыруға бағытталған БҰҰ елдерінің негізгі үлесін талқылады. Іс-шарада Германия, Швеция және Нидерланды елдері өзара бірлесіп, үйлесе жұмыс істеген тақырыптар бойынша – Болашақ пактісі, Жаһандық цифрлық келісім және Болашақ ұрпақ декларациясы туралы баяндамалар ұсынылды.
– Біздің өмір сүруіміз үшін жаһандық ынтымақтастық бұрынғыдан да маңызды, бірақ сенімсіздік пен ескірген жүйелер әлемінде оған қол жеткізу қиынға соғады. Болашақ саммиті – бұл біздің дұрыс жолға қайта оралу мүмкіндігіміз. Ол ортақ мақсаттарға жету және жаңа мәселелерді шешу үшін қалай бірлесіп жұмыс істей алатынымызға назар аударады. Бұл Саммит тиімді жаһандық басқару үшін қажетті сенімді қалпына келтіруге көмектеседі, – деп атап өтті БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Стори.
Жиында Maqsut Narikbayev University студенті Әмина Бектаубаева «Жастар үні» ретінде жастарды шешім қабылдау үдерісіне тартудың маңыздылығы туралы айтты.
Болашақ саммиті жас ұрпақтың қажеттіліктерін көрсетуге ұмтылып, Саммитке дайындық барысында жастар пікірлерін ескеру үшін әртүрлі ортадан келген жастарды тарту жұмыстары жүргізілді. Биыл шілдеде Қазақстандағы БҰҰ жанындағы Жастар кеңесі құрылды.
Семинар барысындағы пікірталас, ұсыныстар – Болашақ саммитіне дайындық барысында ескеріледі, Нью-Йоркте жиналатын әлемдік көшбасшылар жан-жақты қамтылған шешім қабылдауға әсер ететін болады. Себебі, саммиттіктердің кемел болашақты құруға деген талабы мен табандылығы – әлем жұртшылығының тыныс-тіршілігіне оң өзгерістер енгізуге бастайды.
Гүлшат САПАРҚЫЗЫ.