SportСұхбат

Болат АБДРАХМАНОВ: БОКС – ҚАЗАҚТЫҢ БАFЫНА ЖАЗЫЛҒАН СПОРТ

IMG_29812
Болат Абдрахманов, Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы

19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында ХVІІ жазғы Азия ойындары өтеді. Алып құрлықтың олимпиадалық ойындарына баланатын осынау дүбірлі додаға Қазақстан елінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан 420 спортшы қатысып, 39 спорт түрінен жүлделер үшін сайысқа түседі. Алаш жұрты бұл байрақты бәсекеде әдеттегідей қазақ боксшыларына үлкен үмітпен қарайтыны белгілі. Осы орайда, біз бүгін «Ұлт ұпайы» айдарына қонақ ретінде бокстан Қазақстан Республикасының мемлекеттік жаттықтырушысы, ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамаларының үйлестірушісі, КСРО-ның спорт шебері Болат Үкібайұлы Абдрахманов мырзаны шақырған едік.

– Азия ойындарында ел намысын қорғайтын ұлттық құрама боксшыларының бүгінгі дайындық деңгейін қалай бағалайсыз?

– Бұл күндері ұлттық құраманың боксшылары дайындықты тиянақтау үстінде. Қазір жігіттердің бәрі Астанада әзірленіп жатыр.  Бапкерлер штабы әр боксшыны шешуші айқастарға бабында жеткізу мақсатында тыңғылықты жұмыстар жүргізуде.

Өзіңіз білесіз, Азия ойындары – өте маңызды форум. Құрлықтың олимпиадасы десе дегендей. Сондықтан да барлық елдер осы жарысқа ең мықты деген спортшыларын салады және командалық көрсеткіш үшін өте  тартысты бәсекеге түседі. Осы орайда бокс жайына тоқталсақ, біздің боксшыларға деген қарсылықтың бұрынғыдан да күшті болатынын айтпай-ақ түсінуге болады. Олай дейтінім, соңғы жылдардағы көрсеткішіміз құрлықты айтпай-ақ, әлемдік көштің басына шығып тұр емес пе?! Былтыр Алматыда өткен әлем чемпионатындағы жеңістер тек қана Қазақстан спортының тарихына алтын әріппен жазылып қоймай, әлемдік бокстағы айрықша оқиғаға баланғаны белгілі. Бір біріншілікте төрт алтын медаль алу дәл бүгінгі заманда шынымен де айтарлықтай құбылыс дер едім. Тағы бір айтайын дегенім, жақында ғана АИБА басшылығы 2016 жылы өтетін әйелдер арасындағы әлем чемпионатын Астанада өткізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы беделіне берілген баға деп ойлаймын. Ал жастарымыз да үлкен ағаларынан қалып жатқан жоқ…

– Жастар демекші, жақында ғана Қытайда өткен жасөспірімдердің ІІ Олимпиадалық ойындарында қазақ баласының чемпион болғанын көріп, төбеміз бір көкке көтеріліп қалды. Жалпы, ізбасарлардың бағыт-бағдары көңіліңізден шыға ма?

– Құдайға шүкір, жақсы көрсеткіштер бар. Жаман деп айтуға аузым бармайды. Жаңағы өзіңіз айтып өткен чемпионымыз – Абылайхан Жүсіпов деген жігіт. Олимпиаданы жеңіп алды, сонымен қатар, биылғы жастар арасындағы әлем чемпионатын да ұтып алды. Ал өткен жылы жасөспірімдер арасында құрлық және әлем біріншіліктерінің алтын жүлдегері атанған болатын. Жалпы, жастар арасындағы соңғы Азия біріншілігінде біздің боксшылар 9 медаль ұтып алса, оның 6-ы алтын болды. Ал Софияда өткен әлем чемпионатынан қазақстандықтар 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль әкелді. Абылайхан Жүсіпов, Шалқар Айхымбай, Вадим Казаков, Рахат Маржықбаев секілді жастарымыз Қазақстан боксының даңқты жолын жалғастырады деп сеніммен қараймын. Керек десеңіз, қыздарымыз да көштен қалып жатқан жоқ. Құрлық бәсекелерінде бірнеше жүлдегеріміз болса, бір қарындасымыз әлем біріншілігінің финалисі болды.  Міне, осының бәрі елімізде спортқа деген мемлекеттік қолдаудың жақсарып отырғанын білдірсе керек. Ал осы ретте тікелей бокс жағын айтсам, Қазақстанның бокс федерациясы спорттың бұл түрін еліміздің ұлттық ойынына айналдыра білді. Мәселен, Бразилияда футболға қалай табынса, бізде бокс десе елеңдемейтін қазақ жоқ шығар.

Бүгінде ұлттық құраманың бокс­шылары үшін барлық жағдай жасалған. Спортшыларды дайындаудың барлық стандартын сақтау мен қазіргі заманғы технологияларды пайдалану толықтай іске қосылған. Осының бәрі федерация басшысы Тимур Асқарұлы Құлыбаев мырзаның басшылығымен жасалып жатқан жүйелі әрі талапты жұмыстың нәтижесі.

Ал, енді алдағы Азия додасына тоқталсам, Мырзағали Айтжанов бастаған бапкерлер штабы әр боксшыны бабына келтіру үшін аянбай тер төгіп жүр. Жалпы, біздің ойымыз – осы ойындарда командалық бірінші орыннан көріну. Бүкіл жұмысымыз осы мақсатқа бағытталған.

– Сіз бір сұхбатыңызда «Қазақстанда тек қана бокс емес, басқа да бірқатар жекпе-жек және күш қолданатын спорт түрлері бойынша келешекке көзделген жобалар қолға алына бастады» деген едіңіз. Сол игі бастамалар қалай іске асырылып жатқаны жайында айтып өтсеңіз.

– Қазақстан бокс федерациясының президенті Тимур Асқарұлы бірнеше жыл бұрын елімізде тек қана боксқа көңіл бөліп қоймай, басқа спорт түрлерін мейлінше дамыту қажеттігін алға тартып, «Жекпе-жектер және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясын» құру жөнінде бастама көтерген болатын. Атап айтқанда, бокс, күрес түрлері, дзюдо, таэквондо және ауыр атлетиканы дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізу мақсаты қойылды. Бүгінде осы бастаманың игілігі көріне бастады. Ерекше айтқым келетіні, бұл жобаның негізгі мақсаты еліміздің аймақтарында спортты жандандыру болып табылады. Осы жобаның аясында биыл көктемде Түркістан қаласында «Тарлан» атты әмбебап денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Жақын арада осындай кешен Семей қаласында ашылатын болады. Қызылорда қаласында осындай кешен жатақханасымен бірге салынып жатыр. Бұқараны спортқа тартатын кешендер құрылысы еліміздің басқа аймақтарында да жүргізілетін болады. Сонымен қатар, Конфедерация спорттық жарыстар мен халықаралық семинарлар өткізу жөнінен де бағдарлы жұмыстар жүргізеді. Түптеп айтқанда, келешекке көзделген жобалардың нәтижесі көріне бастады.

– Халықаралық жарыстарда ел намысын абыроймен қорғап, ұлттық мерейімізді асқақтатқан спортшыларымызға мемлекет тарапынан берілетін сыйақыны айтпағанда, басқа қандай да көмек көрсетіле ме, дәлірек айтқанда, боксшыларға қандай қолдау білдіресіздер?

– Қазақстанның бокс федерациясы үлкен жетістікке жеткен боксшыға ғана емес, оның бапкеріне де, сол спортшының жақсы нәтижеге қол жеткізуіне үлес қосқан ғылыми қызметшілерге де сыйақы бөледі. Сонымен қатар, ұлттық құраманың бірінші және екінші нөмірлі бокс­шыларына ҚБФ және Ұлттық штаттағы командалар дирекциясы жалақы төлейді. Үшінші деңгейдегі боксшыларымызға облыстық федерациялар жалақы бөледі. Басқа да көмектер жасалып жатады. Мәселен, әлем чемпиондары Жәнібек Әлімханұлына, Біржан Жақыпқа және басқа да боксшыларымызға жергілікті билік пен кәсіпкерлер көлік мінгізіп, пәтер берді. Бұл құрметтің белгісі емес пе?! Жалпы мен ойлаймын, Қазақстанда кәсіби спортшы болу – үлкен мәртебе. Осы орайда, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевты өнеге етіп айтқым келеді. Қай спортшымыз үлкен жарыстан үлкен жеңіспен келсе, жеңісімен құттықтайды. Мемлекет басшысының осындай спорттық мінезі, спортқа деген осындай көзқарасы,  әрине,  жеңіске жетелейтін стимул болады. Содан барып елімізде спортқа деген, спортшыға деген құрмет қалыптасып отыр.   Ал ел намысын қорғап, мемлекетіміздің мерейін көтеріп жүрген азаматтарға қолдау көрсету бұл да елдіктің белгісі деп түсінемін. Өз батырларымызды өзіміз батыр демесек, басқалар келіп біздің шашбауымызды көтермейді ғой. Осы жерде мына бір мысалды айтқым келеді. Жақында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов бірнеше тәжірибелі бапкерді жұмысқа шақырып, болашағынан үміт күттіретін спортшыларға пәтер берген. Міне, осындай азаматтар көп болса деп ойлайсыз.

– Бүгінгі заманның талабын ескерсек, спортта ғылым мен техниканың жетістігін пайдалану арқылы үлкен жеңістерге жетуге болады. Бүкіл әлем қазір осы үрдіске ілесіп барады. Осы ретте, Қазақстан боксшыларына қандай мүмкіндіктер жасалып отыр?

– Қазақстан бокс федерациясында кешенді ғылыми топ жұмыс істейді. Боксшылардың денсаулығы жарысқа дейін де, жарыстан кейін де мұқият тексеріледі. Мамандар әр боксшының жеке парағын жүргізіп, оған белгілі мерзімде қаншалықты жаттығу жүктемесін беруге болатынын анықтап отырады. Осы жерде бір атап өтерлігі, тамақтану мәселесіне ерекше мән беріледі. Өйткені, «ас – адамның арқауы» дегендей, үлкен спортта жүрген азаматтардың күш-қуаты үнемі өзгеріске ұшырап отырады. Сондықтан да ғылыми топ дәрумендерді тұтыну  мен тамақтануды айрықша назарда ұстайды. Сондай-ақ, жігіттерімізді жігерлендіру жағына да маңыз береміз.

Қалың жанкүйер Азия ойындарында Қазақстан былғары қолғап шеберлері жеңіс тұғырының биік сатыларынан орын алады деп үміттенері сөзсіз. Олай дейтініміз, 2013 жылғы Азия біріншілігінде 8 алтын, ал әлем чемпионатында 4 алтын медаль жеңіп алған жігіттеріміз осындай жоғары планкадан түсе қоймас деп ойлаймыз. Сіз Инчхон ойындарына қатысты қандай болжам айта аласыз?

– Болжам жасауды ұната қоймаймын. «Арық айтып, семіз шық» дегендей, дәл қай боксшының чемпион болатынын дөп басып айтқым келмейді. Дегенмен, қазақ боксшылары кем дегенде төрт алтын медаль жеңіп алады деп ойлаймын.

– Олай болса, Азия ойындарында ел намысын қорғайтын жігіттердің есімін атап өтсеңіз.

– Ең жеңіл салмақта Біржан Жақып сынға түседі. 52 келіде  – Ілияс Сүлейменов, 56 келіде – Қайрат Ералиев, 60 келіде – Берік Абдрахманов, 64 келіде – Айдар Әмірзақов, 69 келіде – Данияр Елеусінов, 75 келіде – Жәнібек Әлімханұлы, 81 келіде – Әділбек Ниязымбетов, 91 келіде – Антон Пинчук, ең ауыр салмақта Иван Дычко қолғап түйістіреді. Осы боксшылардың бәрі Олимпиада ойындары мен әлем біріншіліктерінде сыналған, көптеген халықаралық турнирлерде жүлде алған сайыпқыран жігіттер.

Әсерлі әңгімеңізге көп рахмет. Сіздерге мыңдаған оқырмандарымыздың атынан сәттілік тілейміз.

боксссс

 

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Тағыда

Ғалым Қожабеков

«Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button