Сұхбат

Болат МАЖАҒҰЛОВ, Астана қаласы Мәдениет басқармасының бастығы: БҰЛ ТОЙДЫҢ ТОСЫНСЫЙЫ КӨП

Бір айдан соң ел-жұрт елорда күнін тойлайтын болады. Бас қаланың атаулы күніне дайындықтың басталғанына біршама уақыт болды. Жыл сайын ел болып Астана күнін сән-салтанатпен атап өтуді дәстүрге айналдырдық. Әрі әр жылдың мерекесі өз жаңашылдығымен ерекшеленетіні бар. Осы орайда астаналықтардың көкейінде «Биылғы той несімен ерекшеленер екен?» деген сұрақтың болуы заңды. Дәл осы сұрақты қалалық Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұловқа жолдадық.

– Ел болып асыға күтетін мерекенің бірі – Астана күні. Сондықтан, оны ұйымдастыру да оңай шаруа емес. Мұны шағымдану деп түсінбеңіз. Керісінше, елорда мен ел халқының көңілінен шығатын мерекелік мәзір ұсыну – басты міндет. Жылдар бойы қалыптасқан «Астана — арқау» түркі музыкасының фестивалі, Есілдегі «Әуен өзені» балет кеші, «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі, экшн-фильмдер фестивалі жалғасын табады. Оған қоса, елорданың жер-жерінде бұқаралық сауық өтетін болады.

– Басты сұрағымызға келсек, биылғы той бұрынғыдан өзгерек бола ма?

– Әрине. Біріншіден, биыл Астана түркі әлемінің мәдени астанасы деп жарияланды. Кіндік қаланың биылғы күніндегі мерекелік шаралардың барлығы осы атаулы жылдың ая­сында өтетін болады. Түркі әлемінің мәдениетін паш ететін шараларға екпін түсіріп отырмыз.

Жалпы, биылғы тойдың базарлығы көп. Ондағы негізгі шаралардың дені өзіміздің отандық өнер майталмандарының қатысуымен болатынын айтуымыз керек. Мәселен, елордалық театрлар жаңа қойылымның тұсауын кеспек. Сондай-ақ, еліміздің екі өңірі – Ал­маты мен Атыраудың театрлары гастрольмен келеді. Отбасылық фестивальдарға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Сондай-ақ, «Му­зАРТ» тобының концерті мен белгілі композитор Еркеш Шакеевтің жеке шығармашылық кеші өтеді. Одан бөлек, КТК ойындары, «Ән жүрегім – Астана» гала-концерті де көрермендерді тәнті етеді деп ойлаймыз. Биылғы жылдың басты артықшылығы деп Құрманғазы ескерткішінің ашылуын айтар едім. Мәдениет кеңістігіндегі мұражайдың орнын көрсетуді көздеген халықаралық форумды да осы санатқа жатқызуға болады. Елорда күнінде өтетін шаралардың барлығы қаланың мәдени ахуалының дамуына серпін береді деп айта аламын.

– Әр жылдары Астанаға дөңгеленген дүниеге аты мәлім дүлдүлдер келіп еді. Биыл Астана жұрты кімдерді көріп, кімдерге қошемет көрсете алады?

– Ол рас. Елордамызға есімі дөңгеленген дүниеге белгілі – Пла­сидо Доминго, Лара Фабиан, Сара Брайтман, Дмитрий Хворостовский бастаған жұлдыздар келді. Қалыптасқан дәстүр бойынша биыл да бірқатар «мен-мен» деген әртістер келеді. Мәселен, қала тұрғындары Кореяның әйгілі опера жұлдызы Суми Джоның концертін тамаша­лай алады. Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаудан алдына жан салмайтын ресейлік Илья Авербухтың мұз айдынындағы шоуы өтеді. Бәрін айта берсек, қаламыздың тұрғындарына қызықсыз болуы мүмкін. Бұдан басқа да көптеген сыйымыз бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Айнұр САНАБЕКҚЫЗЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button