«Болмаған балалық шақ» – үздік спектакль
Көрнекті жазушы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының ХХХ республикалық фестивалінің «Үздік спектакль» аталымын Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының «Болмаған балалық шақ» спектаклі жеңіп алды.
Қойылымды белгілі ақын Ақберен Елгезектің театр туындысымен аттас повесі желісімен актер, режиссер Әли Бидахмет сахналады. Драма жанрындағы спектакльдің премьерасы былтыр мамыр айында өткен. Өмірбаяндық туынды еш қоспасы жоқ шынайы өмірге негізделген. Мұнда туған әкеден ерте қалып, нағашылардың, одан кейін қатыгез өгей әкенің қолында өскен жетім баланың аянышты өмірі баяндалады. Бас кейіпкер – ақынның өзі. Осыдан 16 жыл бұрын жазылған повесті автор шығармаларын бала кезінен сүйіп оқыған көрнекті қаламгер Бердібек Соқпақбаевтың рухына арнады. Сондықтан сахналық қойылымға айналған прозалық туындының жазушыға арналған фестивальде топты жарып шығуы да заңды сияқты.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының ұйымдастыруымен Өскемен қаласында өткен бұл фестивальге жалпы 10 театр қатысты. Қоюшы режиссер Әли Бидахметтің айтуынша, театрлар жарысы балалар әдебиетіне арналып, басқа фестивальдерден сонымен ерекшеленді. Іс-шара аясында режиссер, актер, театртанушы секілді театр шеберлерінің шеберлік сабақтары өтті.