Қоғам

Болмысы бөлек Бөлекбаев

Биыл көрнекті мемлекет қайраткері Аманжол Бөлекбаевтың туғанына 80 жыл толды. Осы жылдың басында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және қайраткердің мерейтойына орай елорданың бір көшесіне оның аты берілді. Бұл өте құптарлық шешім болды. Себебі кешегі Целиноград-Ақмоланың ыстығына күйіп, суығына тонған, бүгінгі астанамыздың қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан бірден-бір азамат – Аманжол Қуанышұлы. Бас қалада бұрын А98 атауымен тұрған жобалық көше қазір оның атында. М.Жұмабаев даңғылы, Т.Жүргенов, К.Әзірбаев көшелерімен қиылысатын бұл көшенің жалпы ұзындығы – 1,5 шақырым.

[smartslider3 slider=1667]

Өзіміз сол көшенің маңайында тұрғандықтан, тұрғын үйлердің қасбетіндегі «Аманжол Бөлекбаев көшесі» деген жазуды көрген са­йын қаланың және республиканың ономастика комиссияларының оң шешіміне, тиісті шешімді мақұлдап, қаулыға қол қойған қала әкімі мен қалалық мәслихатқа риза боламыз. Өйткені Аманжол Қуанышұлын көзіміз көрмесе де, жақсы істеріне қанықпыз.

Осыдан үш жыл бұрын редакциямыз елорданың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – елорда шежіресі» кітабын дайындағанда, былтыр газетіміздің 30 жылдығына орай басылым шежіресін жаңғырт­қанымызда және биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «Nur-Sultan – тәуелсіздік тұмары» кітабын әзірлегенде де Аманжол Бөлекбаев есіміне қайта-қайта жолыға бердік. Оның себебі осы кітаптарымыз «Астана ақшамы» газетінде 1991 жылдан бүгінге дейін жарық көрген материалдар негізінде дайындалды. Аманжол Қуанышұлы сол жылдары қаланың басшылығында жүріп, көптеген жақсы істерге мұрындық болды.

Мәселен, өзіміз нанын жеп жүрген басылымның ақпарат кеңістігіне жол тартуына мүмкіндік жасаған Аманжол Бөлекбаев еді. Бұл туралы газеттің алғашқы бас редакторы Кенже Жұмағұлов­тың естелігі де бар. Газетіміздің алғашқы нөмірі 1990 жылдың 13 қазанында шыққаны белгілі. Оған дейін облыстық «Арқа ажары» газетінен басқа қалада қазақ тілді басылым болмаған еді. Сол кездегі Целиноград облысының орталығында қазақ тілінде тағы бір газет шығару қажеттілігін зиялы қауым өкілдері ақырындап қала басшылығына жеткізген соң, қалалық атқару комитетінің төрағасы Аманжол Бөлекбаев бұл ұсынысты күн тәртібіне қойып, ұйымдастыру шараларын айқындады. Қорытындысында жаңа газет тізгіні Кенже Жұмағұловтың қолына тапсырылып, «Ақмола ақиқаты» («Астана ақшамының» алғашқы атауы) атымен шыға бастады.

[smartslider3 slider=1673]

Аманжол Қуанышұлы ұлтжанды азамат еді. Оның кезінде Целиноград қаласында қазақ театрының (қазіргі Қ.Қуаныш­баев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры) ашылуы, шаһардың өзінің ежелгі Ақмола атауын қайтаруы – соның бірден-бір айғағы. Ал 1992-1997 жылдары Ақмола қаласының әкімі болған Аманжол Бөлекбаев астанамыздың Алатау баурайынан Арқа төсіне көшірілуіне қаланы дайындады. Оның еңбегін Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабында да атап өтті.

Елбасы ұсынысымен Жоғарғы Кеңес 1994 жылдың 6 шілдесінде «Қазақстан Республикасының астанасын көшіру туралы» қау­лы қабылдап, 1997 жылдың 10 желтоқсанында көш Ақмолаға келіп тоқтағаны белгілі. Сол көшті қарсы алған адамдардың бірі де Аманжол Бөлекбаев.

Бұл туралы: «…Ақмоланы екі жыл ішінде астана ету мүмкін еместей көрінген. Әйтсе де біз қиялдағы арманның нақты өмір шындығына айналуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Сол бір қиындығы да, қызығы да көп болған, ерекше құлшыныспен, ертеңгі сәулелі күндерге деген нық сеніммен білек сыбана іске кіріскен кезде қасымнан табылған, жаңа астана құрылысына өлшеусіз еңбек сіңірген жандарды әрқашан ерекше ықыласпен, ризалық сезіммен еске алам. Олардың қатарында В.Ни, А.Бөлекбаев, А.Есімов, Ж.Кәріпжанов, Ә.Жақсыбеков, Т.Досмұхамбетов, Н.Макиевский, Ф.Галимов, Б.Нұрпейісов, ­О.Песков, В.Иванов, К.Омаров, Р.Бекболатов, А.Аубеков, Н.Тихонюк, А.Рустамбеков және басқалар бар» деп жазады жоғарыда аты аталған еңбегінде Елбасы.

Аманжол Бөлекбаев 1941 жылдың 1 қаңтарында Новоишимка кентінде дүниеге келді. Еңбек жолын қарапайым шопыр болып бастап, мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді. Целиноград ауыл шаруашылығы институтының механикалық факультетін бітіріп, «инженер-механик» мамандығын алды.

1983 жылдан бастап Целиноград, кейіннен Ақмола қаласында әртүрлі басшылық қызметтерді атқарды. Бастапқыда Совет ауданы атқару комитеті төрағасының орынбасары, жолаушылар көлігі басқармасының басшысы болды. 1987 жылдан қалалық атқару комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бес жылдан соң Ақмола қаласының әкімі қызметіне тағайындалды. Осы кезеңдері ел үшін де, қала үшін де маңызды шешімдер қабылданды. Соның басы-қасында Аманжол Қуанышұлы жүрді.

Ақмола экономикалық аймағының төрағасы болды. Астана кеденін басқарды. 1990 жылы Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайланды. 1999 жылдан бастап Парламент Сенатының депутаты қызметін атқарды. 2013 жылы желтоқсанның соңғы күндерінде өмірден өтті.

Аманжол Бөлекбаев болмысы бөлек азамат еді. Көзін көргендер, қызмет бойынша және былайғы өмірде де онымен араласқандар соны айтады. Ол шаруашылық істерде мығым болып, сонымен қатар рухани бай адам болды. Ішкі мәдениетінің жоғарылығымен де ерекшеленетін.

«Аманжол Қуанышұлы еш­уақытта асығып-аптығып не болмаса жоқтан өзгеге бола біреумен ұрысқанын көрген емеспіз. Қашан да әр мәселеге байланысты тура жауаптарын беріп, қанша қаржы қайда жұмсалатынын, жұмсалып жатқандығын нақты дәлелдермен айтып беретін. Аужекеңнің есте сақтау қабілетінің мықты екендігін сол тоқсаныншы жылдары қалалық газеттер ашылып, он жылға таяу редактор болып қызмет істеген жылдары талай байқадым» деп еске алады Кенже Жұмағұлов.

Асыл азаматтың жарқын бейнесі оны білгендердің жадында осылай қалды. Астана тұрғанда да ешқашан ұмытылмайтынына сенімдіміз. Тіпті ел үшін, елорда үшін еткен еңбегін білмейтіндер оның атындағы көшені көріп, «бұл кім?» деп ойланары анық. Ал білетіндерге сол көше бойындағы тұрғын үйлердегі жазу үнемі еске салып тұрады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button