Жаңалықтар

Болмысы бөлек, еңбегі ерек

Жақында Ресейдің құндылықтарды тұрақты түрде құнттап отыратын телеарналарының бірінен академик Д.Лихачевтің белгілі журналистпен сұхбаты қайталап көрсетілді. Жалпыадамзаттық игіліктер, елдік мүдде мен құндылықтар қайнары, тұлға әлеуеті тұрғысындағы тұшымды әңгіме көп ойға тартты. Қай заманда да қадау-қадау тұлғалар елдік һәм мәдени-рухани құндылықтарға қорған болып отырса керек…

Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымындағы жаңа дәуірде бейнеті ауыр еңбекті жаны қалап, жазудан жалықпай келе жатқан тындырымды зерттеуші, әдіскер ұстаз, филология ғылымдарының докторы, профессор Рақымжан Тұрысбектің 40 баспа табаққа жуық «Ұлт мұраты және руханият» атты танымдық, деректік ауқым-аясы кең көлемді оқу құралы 2008 жылы жарық көрді (Астана: Арай, 632 бет).
Қазіргі кезеңдегі қазақ әдебиетін зерттеу мен оқытудың өзекті қажеттіліктеріне қанық автордың бұл оқу құралының жазылу тәсілінде атап айтар өзіндік ерекшеліктер бар. Ізденіс іздері, құндылық қырлары көп.
Кіріспе орнына берілген «Көркемдік құпиясы» атты тараушада жазушы еңбегі, шығармашылық сыр бағытында әлем, қазақ әдебиетінің тарихи тәжірибесі туралы тартымды, танымдық мағлұматтар түзілген.
«Әдебиеттің міндеттері тылсым құпиялармен тұмшалаулы. Егер басқаша болса, әдебиет құр сөз ойыны болып қалар еді. Ал біз… шамалап айтқанда, Грасианға айналар едік. Бұл өте жаман. Егер әдебиет міндеттері тылсым сырлы екенін сезіне алсақ, қасиетті рухтың санада сыбырлағанын арагідік болса да қағазға түсіретінімізге сене алсақ, онда тек өзіңе ғана байланысты емес көптеген дүниелерден үміттенуіңе болар еді. Сен, бар болғаны, әлдекім немесе әлдененің дауыстап айтқан бұйрықтарын ғана мүлтіксіз орындаушысың. Мен бұл дауыстаушы әлдекім не әлденені әрдайым үлкен әріптермен жазамын» дейді Хорхе Луи Борхес. М.Горькийдің, Ш.Айтматовтың, С.Мұқановтың, С.Бегалиннің, Х.Ерғалиевтің, Қ.Мырза-Әлі, Т.Молдағалиев, Ә.Тарази, А.Сүлейменовтің жазудың тартылыс күші, табиғаты жайлы айтқан ой сілемдерінен елеңдетіп отырып үзінді келтіруімен оқу құралының авторы шығармашылық құпиясына ынтықтыра түскен. Балаң шәкірт әдебиет атты құпия әлемнің есігін қағады…
Оқу құралының бірінші бөлімі – «Алыптар мен асылдар». Бұл бөлім сөз өнерінің асыл үлгілері түзілген ауызша шешендік бағыты тұрғысында Бөлтірік Әлменұлының шығармашылығын байыптаумен басталады.
Профессор Рақымжан Тұрысбектің зерттеу дағдысындағы өзіндік бір ерекшелік – шығармашылық тұлғаның әдебиет тарихындағы дара бағытын қилы мәнде жеке-жеке атап көрсетіп саралауға, қорытындылауға бейімдік. «Біріншіден, екіншіден…» дегендей тоқтамдармен түгендеу, бекіту. Осы мәнде игеру, үйрену дағдысының шарттары мен міндеттерін жүйеге түсіру.
Оқу құралында қамтылған, мазмұндалған әдебиет тарихының басты бағыттары, шығармашылық тұлға ғұмырбаянының дара сипаттары негізінен осы қисынмен түзілген. Дәйек-дерек көздері жатық, нанымды беріледі.
Оқу құралы мәтіндік нұсқаларды молынан кіріктіріп отыруымен де ұтымды шыққан. Хрестоматиялық жинақтар тапшылығы әлі де сақталып отырған уақыттың қажеттілігі ескерілген. Мәселен, Бөлтірік Әлменұлы туралы жалпы мәлімет сыдырта баяндалып өткен болса, шәкірт осы бір дара тұлғаның барша кісілік қасиет, шығармашылық әлеуетін бар қырынан ұғынуда көп нәрседен, сөз жоқ, кенде қалар еді.
«Серт пен сенім» тарауында Рақымжан Тұрысбек Махамбет мұрасын ақындық қуат, ұлт мұраты, көркемдік үлгілер тұрғысында тың пайымдаулармен зерделейді. Өр рухты өлең екпінімен айқын-айқын тоқтамдар жасап отырған. Көзқарас Һәм қолтаңба мәнері айқын.
«Даналық пен даралық» тарауы жырдария Жамбыл шығармашылығын басты сипаттарымен, құндылық өрісімен зерделеуге құрылған. Ақын мұрасы нақтылы туындылар арқауындағы көркемдік өрім, әлеуметтік ой, азаматтық тұғырымен әр мәнде, әр қырынан ашылып отырады. Ақындықтың асыл қоймасы Жамбылдың ұтқыр, өткір тіл орамы, қырағы-қыран байқампаздығы, жолбарыс жүрек батылдығы «сайрап» тұрған жыр жолдарын келтіріп отырып, кең шолып баға беруімен оқулық авторы алып жырдың айбаты Жамбылдың ақындық қуатын жаңа бір тыныста аша түседі.
Оқымаймын молдадан
Не оқытпақшы ол маған?
Бала келсе сабаққа,
Жем дәметкен дорбадан.
Ақ сәлдесін төңкеріп,
Көзін жұмып теңселіп,
Күн ұзынға боздаған.
Жамбылдың дастан сөздегі даңқы, арнау өлеңдерінің астары мен қатпары, айтыс өлеңдегі адуын алымы, айшығы «Жамбыл айтыпты» деген тіркестердің ажары мен ашуы ұтымды сараланған.
«Мұра мен мирас» тарауында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеті томдық шығармалар жинағы негізінде дара тұлғаның рухани тарихымыздағы өлшеусіз ғұмыр ғибраты, еселі еңбегі туралы деректік, мәтіндік негізде тоқтам-болжамдар жасалып, шығармалар мәтіндері талданып, сараланып отырған. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірдерегіндегі Жүсіпбек Аймауытұлымен қатысты фактілер көпшілік үшін тың. Оқу құралында Дінмұхамет Қонаев туралы тараудың болуы да орынды. Тұлғаның қазақ әдебиеті мен тарихына, өнеріне, ұлт руханиятына қатысты тағылымды, өлшеусіз өнегесін ұрпақ ұмытпауы тиіс.Осы ескерілген екен.
«Бауыржан Момышұлы: елдік пен өрлік» тарауында халықтың «қарағайға қарсы біткен» тұлғасы, қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының ғұмыр ғибраты, азаматтық бітімі, шығармашылық даралық бағыты мазмұндалған.
Рақымжан Тұрысбектің оқу құралының бір ерекшелігі – әдебиет оқулықтарында қамтылмаған, қазақ әдебиетін оқыту бағдарламаларында жоқ жеке шығармашылық тұлғалардың әдеби мұрасына тоқталып отыруы.
«Ұлттық мұрат тұғыры еді» атты тарау Шона Смаханұлының өмірбаянын түзіп, сатиралық шығармаларын көркемдік тұрғыда саралауға құрылған. Танып-талдауы, зерттеп-зерделеуі сенімді сипат алады.
Шона Смаханұлының әлеуметтік салмағы мығым, сатирасы қашан да өзекті. Адам жанына қорған болып, жамандықты аластаумен ғұмыр сүрген отаншыл ақынның ана тіл, ұлттық мектеп бағытындағы күрес өнегесі өшпесе керек.
Анамның тілі – айбыным менің,
Анамның тілі – ай-күнім менің!
Сүйемін байтақ елімді туған,
Сүйеніп мәңгі өмірді думан.
«Әскери әдебиет және Баубек Бұлқышев» атты тарауда оқу құралында өзіндік салмақ көтеріп тұр. Автор мұнда да әдебиет тарихының «кенде» қалған бағыттары тұрғысында мол, мазмұнды, нақтылы мағлұматтар түзеді. Тарау соңындағы қорытынды-тоқтамдар Адамзаттың азамат ақынының сантарап шығармашылық өрісін тұғырландырып тұрған басты сипаттармен астасады. Кеше-бүгін байланысы, өзіндік өзгешеліктері көп-ақ.
«Жыр мен сыр» – поэзия тұлпары Ілияс Жансүгіров шығармашылығы туралы толымды монографиялық зерттеуден түзілсе, «Қалам мен қарымда»  Сәбит Мұқановтың қазақ әдебиетінің бар жанрындағы қайырлы мұрасы, өткелі мен өткінші құбылыстары, өкініш-наласы қоса-қабат күрделі дәуірдегі рухани мығым тұлғалық болмысы туралы жан-жақты, толымды мазмұнда сыры мен сипаты айқындалады.
«Парасат пен пайымда» да білім іздеген шәкірт үшін тың, тағылымды дүние мол. Автор қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің шығармашылықтағы кемел болмысын нақтылы мәнде айқындай түскен дерек, дәйектер қосады. Қаламгер күнделігі туралы ой қозғауы ұтымды.
Қазақ әдебиеттану ғылымында тұтас танымдық бағыттар түзген аса ірі әдебиет тарихын зерттеуші, теоретик ғалым Қажым Жұмалиев туралы толымды ойлар арқау болған тараудың мазмұны тың, қажетті.
Оқу құралына қазақ әдебиетінің тарихын оқулық мазмұнына лайықтап екшеп, саралаудың озық үлгілерін қалыптастырып келе жатқан академик Серік Қирабаев туралы тараудың енуі де – аса құптарлық.
«Т.Кәкішұлы және сәбиттану» тарауында қазіргі кезеңнің көлденең тастап отырған түйткілді сауалдарын ұғындырудың ғылыми әдебі, ендігі мүмкіндіктері бағытында айтулы еңбек жасап келе жатқан профессор Тұрсынбек Кәкішұлының «Сәбит сабағының» дәрістері туралы айтылған ойлардың әдебиет тарихын, азаматтық, рухани тарихты игеру, сіңіру, тану бағытында елеулі мәні бар.
Оқу құралының мазмұнын байыта түскен «Т.Қожакеев және Алаш ардақтылары», «Өрісті өнердің өрнекті үлгісі», «Руханият тамыршысы», «Таным мен талғам», «Талант пен тағдыр», «Сөз бен саз», «Сын мен шын», «Сыр мен сезім» тарауларында қазақ әдебиетінің даму бағыттары мен зерттелу, зерделену тарихындағы айтулы шығармашылық тұлғалар Темірбек Қожакеев, Мырзатай Жолдасбеков, Рымғали Нұрғали, Сағат Әшімбаев, Дүкенбай Досжан, Жанғара Дәдебаев, Дандай Ысқақұлы, Күләш Ахметова туралы толымды дәйектер, қажетті ғұмырбаяндық деректер түзілген.
Оқу құралының екінші бөлімі «Ағыстар мен арналар» аталады. Әдебиет тарихы мәселелері, жоғары мектепте, орта мектепте қазақ әдебиетін оқытудың бағдарламаларын жасаудағы міндеттер, қазақ әдебиетінің әлем халықтары тіліне аударылу фактісі мен тәжірибесі, мемлекеттік тілдің түйткілді күйлері, жазушы еңбегі тұрғысында танымдық, тағылымды пайымдаулар қазіргі таным мен талғам үдесінде жазылу бағыттарымен елеулі.
Рақымжан Тұрысбектің оқу құралын қасаң деректерден гөрі шығармашылық бағыт, жазу, зерттеу тәсілдері тұрғысында авторды қатыстыра отырып та мазмұндалған өзекті мәселелерге бағыттайтыны ұтымды. Оқу құралы қазіргі қазақ әдебиетінің тарихын оқыту бағытында жазылған. Шығармашылық тұлға, әдебиет тарихы, әдебиет сыны, теориялық зерттеулер, жалпы мәселенің зерттелу тарихы тұрғысында толымды мағлұмат беретін, арнайы оқулықтарда қамтылмаған шығармашылық тұлғалар ғұмырбаянын таныстырып, әдебиет тарихы мәселелерін пысықтай түсетін бұл оқу құралының өзіндік маңызы даусыз айқын.
Кітап соңында қосымша Р.Тұрысбектің шығармашылығына арналған библиография түзілген. Оқу құралын пайдаланатын ізденуші шәкірт автордың әдебиеттанудағы әлеуетін, үздіксіз еңбегін білуі де тағылым.
Рақымжан Тұрысбек – қазіргі кезеңде аса өнімді зерттеулер жасап келе жатқан, еңбексүйгіш, тындырымды, тиянақты ғалым.

Қанипаш МӘДІБАЙ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық
университетінің профессоры

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button