Мәдениет

«Бопай ханым»: драмадан дастанға

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада ақын, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты Маржан Ершудің «Бопай ханым» кітабының таныстырылымы өтті. Шараға белгілі сатирик, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Көпен Әмірбек, жазушы Камал Әлпейісова, кітап авторларының оқыр­мандары қатысты.

[smartslider3 slider=1955]

Кейінгі жылдары Бопай ханым тұлғасы қаламгерлердің қызығушылығын тудырды. Жазушы-драматург Роза Мұқанова драма жазып, бұл шығарма былтыр Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академия­лық музыкалық-драма ­театрында сахналанды. Жазушы Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» романы жарық көрді. Ал Маржан Ершу тарихи тұлға өмірін жыр тілімен өріп шығып, дастан арнады.

Оның айтуынша, Бопай ханым тақырыбына аса көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбайұлы түрен салды. «Үркер» және «Елең-алаң» романдарында бейнесіне тоқталды. Белгілі ақын Светқали Нұржанның «Хан кегі» дастанында Бопай ханымға тұтас тарау арналған.

Ал Маржан Ершуға ­поэманы жазуға жазушы-­драматург Роза Мұқанованың драмасы әсерін тигізді. Бірақ драмадағы кейбір ойларымен келісе қоймапты. Дастанды бастамас бұрын архив құжаттарымен, Бопай ханым жайындағы шығармалармен танысып шықты.

Әбілқайыр ханның сүйікті жары Бопай ханымның өз заманында беделі жоғары болды. Кейбір деректерде Әбілқайыр қайтыс болған соң Қазақстан мен Ресей қарым-­қатынасында ол шешуші рөл атқарғаны айтылады. Әбіл­қайыр қайтыс болған соң Ресей ұлықтары Бопай ханыммен санасқан деген деректер де бар. Бірақ Бопайдың өмірі мен қызметінде ашылмаған сырлар әлі де көп.

Кітаптың таныстырылымында автор мен қатысушылар кейіпкер тұлғасын біраз әңгімеге арқау етті. Бопай ханымның атына қыздарға арналған қазақ-түрік лицейін немесе тіпті Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін беруді, моноспектакль қою сияқты ұсыныстарды айтты.

 

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button