Бопсалау қылмысының алдын алу жолдары

Бопсалау – біреуді қорқыту арқылы, оның мүлкін, ақшасын немесе қызмет көрсетуін талап ету. Тіркелген қылмыстар саны азайғанымен, көптеген жәбірленушілер полицияға жүгінуге қорыққандықтан, бұл қылмыс жасырын күйінде қалып отыр. Астана қаласының прокуратурасы 2024 жылдың қорытындысын шығарып, аталмыш қылмыспен күресудің заманауи әдістері туралы Коммуникациялар қызметінде өткен брифингке қалалық Прокуратура басқармасының прокуроры Саяхат Сұлтанов айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Спикердің айтуынша, 2024 жылы Астанада 52 бопсалау фактісі тіркелді. Оның ішінде 34 іс сотқа жіберілді, 27 адам сотталды, ал 11-і 3-7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Бопсалаудың басты себебі – жәбірленушілердің қорқуы. Олар қорқыту, физикалық күш қолдану немесе жеке мәліметтердің жариялануынан қауіптеніп, полицияға жүгінбеуі мүмкін.
«Заманауи бопсалаушылар интернет пен әлеуметтік желілерді белсенді пайдаланады. Ең қауіпті платформалар: Telegram, Instagram, Badoo.
Бопсалаудың кең таралған әдістері: жеке деректер мен интимдік фото-видеолар арқылы ақылы қорқыту, жалған таныстық арқылы алдау, құқық қорғау органдары қызметкері ретінде өзін таныстырып, ақша талап ету. Бұл қылмыстар жәбірленушіге күшті психологиялық қысым көрсетіп, олардың полицияға жүгінуін қиындатады», – дейді прокурор.
Тергеу мәліметтері бойынша, жәбірленушілердің 28%-ы – әйел адамдар. 21-39 жас аралығындағы, тұрақты табысы бар, бірақ ресми жұмысы жоқ жастар ең көп зардап шегеді. Қылмыскерлердің 90%-ы – 17-60 жас аралығындағы ер адамдар, олардың көпшілігі жұмыссыз және бұрын сотталғандар.
«Қылмыстардың топтасып жасалуы ерекше қауіп тудырады – 54% жағдайда (52 оқиғаның 28-інде) бопсалаушылар өз әрекеттерін үйлестіріп, жәбірленушілерге күшті психологиялық қысым көрсеткен.
Мұндай қылмыстар үшін қатаң жазалар қарастырылған: жай бопсалау үшін 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделсе, егер қылмыс күш қолдану арқылы немесе топпен жасалса – 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Денсаулыққа ауыр зиян келтірілген жағдайда немесе ірі мөлшерде залал келтірілсе, жаза 10 жылға дейін ұлғаяды, ал қылмыстық топ әрекет еткен немесе аса ірі залал келтірілген жағдайда – 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Сонымен қатар 15,7 миллион теңгеге (4000 АЕК) дейін айыппұл салу және мүлікті тәркілеу шаралары да қолданылуы мүмкін», – дейді Саяхат Сұлтанов.
Бопсалаудың алдын алу мақсатында Астана қаласының прокуратурасы бұрын сотталған адамдарды қатаң бақылауда ұстайды, өйткені бопсалаушылардың 63%-ы бұрын қылмыс жасағандар.
«Азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыру маңызды. Азаматтар интернеттегі жеке жеке мәліметтерін қорғауды білуі керек.
Сонымен қатар, бопсалау жәбірленушілерінің қорықпай көмекке жүгінуіне мүмкіндік жасау мақсатында анонимді жедел желілер құру және құқық қорғау ұйымдарын тарту жұмыстары жүргізілуде. Егер сіз қылмыскерлермен бетпе-бет келсеңіз, ақша бермеңіз, барлық дәлелдерді сақтап, дереу полицияға немесе прокуратураға хабарласыңыз – сіздің анонимдігіңіз заңмен қорғалады.
Прокуратура бопсалау қылмысымен күресті жалғастырып, азаматтарды қылмысты жауапсыз қалдырмауға шақырады. Барлық оқиғалар құқық қорғау органдарының қатаң бақылауында және «Заң мен тәртіп» қағидасы аясында қарастырылады», – деді қалалық прокуратура басқармасының прокуроры.
Егер сіз бопсалаушыларға тап болсаңыз, олардың талаптарына бой алдырмаңыз және ақша бермеңіз, өйткені бұл қысымды одан әрі күшейтуі мүмкін. Барлық дәлелдерді – хат алмасуларды, скриншоттарды, қоңырау жазбаларын – сақтап, дереу полицияға немесе прокуратураға хабарласыңыз.
Астана прокуратурасы бопсалау қылмыстарымен күресті күшейтуде және азаматтарды құқық бұзушылықтарға бей-жай қарамауға шақырады. Барлық істер қатаң бақылауда.