Мәдениет

БОЯУЫ БӨЛЕК «БАЯДЕРКА»

Бүгін елорда жұртшылығы ашық аспан астындағы балетті тамашалайды. Қала күні қарсаңында мұндай ғажап мүмкіндікті «Астана Опера» театры ұсынғалы отыр. Өнерпаздар Людвиг Минкустың әйгілі «Баядерка» спектаклін Тәуелсіздік сарайы алдындағы алаңда сахналамақ. 

15572-6-v_stolichnom_teatre_as_ru

Естеріңізге салсақ, аталмыш қойы­лымның Астанадағы премьерасы был­тырғы желтоқсанда болған-ды. Ежелгі Үндістанның тыныс-тіршілігімен таныстыратын даңқты драма храм бишісі мен ержүрек сарбаз арасындағы баянсыз махаббат уақиғасын нәзік нотамен, көркем қимылмен әспеттейді. Әдемілігі жағынан «Баядерка» балетін бұрынғы көрсетілімдермен салыстыруға келмес. Өйткені, қойылымға қатысты дүние­лердің барлығы танымал италиялық суретші Эцио Фриджерионың қырағы назарынан өткен.

– Жобамыз Тәуелсіздік сарайының архитектурасы мен көркем дизайнына сәйкестендіріліп жасалды. Көрермендер үшін 1400 орны бар үш деңгейлі алаң дайындаймыз. Сонымен қатар, шымылдық артында тропикалық джунглидегідей салтанатты сарайлар мен зәулім ғиба­датханалар бой көтереді. Спектакль соңына таман балериналар көлеңке ар­қылы билеп, бұқараға бөлекше әсер сый­­лайды. Ал 20-дан аса проектордың кө­мегімен көрсетілетін бейнелер Тәуел­сіздік сарайы ғимаратының төбесін тұ­тастай қамтиды, – дейді «Астана Опера» театрының көркемдік қойылым кешені жетекшісі Виктор Караре.

Әртістердің киімдеріне де «әңгіме айта алмайсыз». Бұл тарапты толықтай бақылауына әлемдік деңгейдегі атақты костюмер Франка Скуарчапино алған. Балет бишілеріне арналған 133 кос­тюм театрда тігілсе, 84-і Италияда әзірленіпті. Мата Үндістаннан, киімге тағылатын әшекейлер Дубайдан әкелінген. Құнды бижутериямен көм­керіліп, қымбат жіппен кестеленген көйлектер шығыстық сән-салтанатты барынша айшықтайды.

Қойылымға театрдағы балет труппасы тегіс қатысады. Мамандар «Бая­дерканы» кордебалеттің ең үздік триумфі ретінде бағалағанын ескерсек, жоғарыдағы жайттың өзі шығармашылық құрамның кәсіби тұрғыдағы жетістігі екенін аңғарамыз. Басты партияларды отандық балеттің жарық жұлдыздары, «Астана Опера» театрының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мәдина Баспаева (Никия), Тайыр Гатауов (Солор) және Гауһар Усина (Гамзатти) орындайды. Осы орайда спектакльдің қоюшы хореографы Алтынай Асылмұратованың ойын білмек болғанбыз.

– Ұстазым Ольга Моисеева бұл спек­такльді жан-тәнімен жақсы көрді, менің де қаныма сол махаббатты сіңдірді. «Баядеркадағы» Никия партиясына келсек, мұнда бір-біріне ұқсамайтын екі балетті байқаймыз. Бірінші және екінші актілер – эмоцияға толы, актер­лік шеберлікті талап ететін бөлім. Тех­никалық қиындықтары да көп. Соң­ғы актіде – таза классика. Ашық аспан астында билеудің бір кереметі – ер­кін­дікті сезінетіндігінде, – деді ол.

Айтпақшы, спектакль кезінде ауа райының жауын-шашынсыз болуы да аса маңызды. Себебі, еден ылғалданса, оның үстінде балет билеу мүмкін емес. Ендеше, бұл күні табиғаттың өзі елор­далықтардың ерекше балет көруіне көмектесер деген үміттеміз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button