Басты ақпаратМәдениет

Бозоқ аруының шашбауы қандай?

Астана қаласы Үркер тұрғын алабының солтүстігінде орналасқан «Бозоқ» археологиялық ескерткішінің аумағында «Бозоқ аруының көрікті шашбауы» республикалық этнография­лық ­фестивалі өтті.

«Родина» агрофирмасы жауап­кершілігі шектеулі серіктес­тігінің демеушілігімен өткен бұл фестивальге Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, сондай-ақ, Ерейментау ауданы мен Қосшы қаласының шығармашылық зиялы қауымы, мәдениет қызметкерлерімен қатар, отандық ғалымдар, археологтар, этнографтар, композиторлар, Суретшілер одағының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттер қатысты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Айгүл Қапбарова, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова, жазушы, журналист, аудармашы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Шәрбану Бейсенова ашылу салтанатында сөз сөйлеп, ұлттық тәрбие мен тағылым, іс-шараның мәні мен маңызы туралы тоқталды.

– Биыл көрнекті археолог, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушылардың бірі Кемел Ақышевтың 100 жылдығын атап өтудеміз. Оның ғылыми еңбектері мен жаңалықтары, әсіресе Бесшатыр қорымындағы патша қорғандарының қазбалары, Есік қорғанындағы «Алтын адамның» табылуы, ежелгі Отырар мен Ұлы Жібек жолының орта ғасырлық қалаларын зерттеуі біздің мәдениетімізге баға жетпес үлес қосты. Ең соңғы ғылыми ашылымы – астанамыздың аумағындағы Бозоқ қалашығы. Осы ескерткіштің бойында «Бозоқ» Ұлттық паркін құру ғалымның ойы болған еді. «Бозоқ» музей-қорығы жыл сайын қазақ халқының бай материалдық емес мәдени мұрасын насихаттау мақсатында этнографиялық іс-шаралар өткізеді. Олардың ішінде астаналықтар үшін ерекше орын алған «атқа мінгізу», «қымызмұрындық», «сірге жияр» сынды дәстүрлі шаралар бар. Бүгін біз «Бозоқ аруының көрікті шашбауы» фестивалін алғаш рет өткізіп отырмыз, оның қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті мерекелерінің біріне айналатынына сенімім мол. Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев материалдық және материалдық емес мәдени мұраны зерттеуге және сақтауға үлкен мән береді. Кез келген мемлекеттің құндылықтарының бірі – оның рухани құндылықтары. Әлемдік тәжірибеде мәдени мұра бірқатар маңызды әлеуметтік функцияларды атқарады. Ол халықтың тәрбиесіне, біліміне және өзін-өзі тануына үлкен әсер етеді, тұлғаның патриоттық және азаматтық қасиеттерінің қалыптасуына ықпал етеді.

Мәдени мұра – ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттың рухани байлығы. Отбасында қыздарға ерекше қамқорлық пен сүйіспеншілікпен ұқыпты қарау дәстүрлері қаланған. Қазақ этнографиясы бірегей, ал ұлттық киімдер мен әшекейлер терең мағынаға ие. Бүгінгі таңда ұлттық киімдерді әшекейлермен кию қайтадан танымал болғанына қуаныштымын. Әдемі қазақ қыздары мен әйелдері ұлттық нақыштағы әшекейлерді сатып алып, тапсырыс беріп, сыйға тартып, шаштарына тағып жүреді. Қазақ халқының әрбір зергерлік бұйымы өзіндік мағынаға ие. Олардың әрқайсысы иесінің мәртебесін, мінезін және жасын көрсетеді. Бүгінгі фестиваль – бұл тек дәстүрлердің салтанаты ғана емес, сонымен қатар мәдени мұраны болашақ ұрпаққа сақтау және жеткізу жолындағы маңызды қадам. Бұл оқиға бізді жаңа ашылулар мен жетістіктерге шабыттандырады деп сенемін, – деген Күміс Сейтова аталған іс-шараның мақсаты ортағасырлық Бозоқ қалашығының тарихи-мәдени мұрасын дәріптеу екендігін атап өтті.

Фестиваль аясында қазақтың халық әндері шырқалып, ұлттық аспаптар ұлықталып, көне ғұрыптардың бірі – «Шолпы тағу» көрсетілді. «Бозоқ»  мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Сәуле Бурбаева фестивальде шолпының таңдалуын қазақ халқының ежелгі мәдениеті және наным-сенімімен түсіндірді.

– Қазақ халқының дәстүрлі мәдениетінде қыз-келіншектердің шашына сиқырлы күш берілген. Бұл қасиеттерді қорғау үшін шашқа шолпы немесе шашбау әшекейлері тағылған. Шолпы мен шашбау ұлттық әшекейлер ғана емес, сонымен қатар қыздардың есейгенінің белгісі ретінде қолданылған. Көптеген ақындар мен жыршылар өз өлеңдерінде қыздардың сұлулығын және осы әшекейлердің сыңғырлаған үнін мақтады, шабыттанған композиторлар музыка жазды, ал жазушылар өз шығармаларында шашына шолпы тағылған қыздар бейнесінің сүйкімділігін арқау етіп келді. Оның үстіне дәл осы Бозоқ қорымында ортағасырлық жауынгер әйелдің жерленген жері табылды. Әйелдің бойына әдемі жібек көйлек кигізілген, құлағында сырға, мойнында моншақтар ілінген, қолында екі күміс білезік, биік бас киімінің екі жағынан інжу моншақтармен безендірілген әрі әйел толығымен қаруланған (темір қанжар, жарты метрлік ауыр шың). Бұдан біз қазақ тарихында әйел адамның әшекейлерінің құнының қаншалық болғанын біле аламыз және әшекей ­бұйымдарды жасауға, оны тағуға ұлтымыздың ұстанымы қандай болғанын біле аламыз, – дейді Сәуле Бөкейханқызы.

Ал белгілі жазушы ­Шәрбану Қонақбайқызы Астананың ежелгі тарихы ғалымдардың ғана емес, көркемөнер зиялы қауым өкілдерінің де назарын аудартқанын, өзі жазған «Бозоқ аруы» туындысының да тууына сол себеп болғанын тілге тиек етіп, қазақ қыздарының қандай болғанын, қалай киінгенін айтып, жастарды ұлттық дәстүрді ұлықтауға шақырды.

Аталған этнографиялық ­мереке Бозоқ қорымында ашылған «Інжу» атты жауынгер әйелге арналды. Іс-шараға қатысқан зиялы қауым өкілдері оның жауынгерлік рухы жас ұрпаққа мәңгі үлгі екенін айтып тарасты. Әрі болашақ ана, ­отбасылық ошақтың ­қамқоршысы, еліміздің ­патриоты болып өсіп келе жатқан қыздары бар әрбір отбасында қазақ халқының «Шолпы тағу» рәсімі өз жалғасын табуына тілектестік білдірді.

Шапағат ӘБДІР

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Check Also
Close
Back to top button