Руханият

«Бозоқтың» болашағы қандай?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев IV Ұлттық құрылтай отырысында: «Жаңа заманда біздің алдымызда жаңа міндеттер тұр. Көптеген ел өзінің салт-дәстүрі мен қазіргі инновацияларды өзара үйлестіру арқылы дамудың даңғыл жолына түскенін тарихтан көріп-біліп отырмыз. Сол секілді біз де төл мәдениетімізді қазіргі әлемдегі шынайы жағдайға бейімдеуіміз қажет» деп атап өтті. Осы тұжырымдаманы негізге ала отырып, «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы «Мәдени мұраны музейлендіру тәжірибесі: дәстүр, инновация және болашақ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.

Конференция «Көне Бозоқ қалашығында жүргізілген ар­хеологиялық қазбалар негізінде ашық аспан астындағы Ұлттық парк құру» жобасы аясында ұйым­дастырылып, дала фортификациясына арналған алғашқы ғылыми музейлік басылым – «Бозоқ – Ұлы даланың қорғаныс сәулеті» кітабының дайындық жұмыстарына ­арналды.

Археологиялық нысандарды реконструкциялау және музейлендірудің заманауи тәсілдері – мәдени мұраны сақтаудың басым бағыттарының бірі. Конференция аясында тарихи ескерткіштерді музей кеңістігіне интеграциялау мәселелері халықаралық тәжірибе негізінде қарастырылды. Музейлендіру мен қоныстарды реконструкциялауға ғылыми негізделген көзқарас қажет екеніне ерекше назар аударылды. Шетелдік тәжірибеде бұл саладағы әрбір шешім мәдени кодты сақтауға бағытталған. Конференция Қазақстан, Ресей, Әзербайжан және Түркия елдерінен келген, тарихи ескерткіштерді сақтау мен реконструкциялау бойынша ауқымды тәжірибесі бар сарапшыларды жинады. Халықаралық тәжірибе музейлендірудің тарихи мұраны қорғау құралы ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік, білім беру және экономикалық мәселелерді шешудің маңызды ресурсы екенін көрсетті.

Этнограф, қарутанушы, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Суретшілер одағы мен Өнер академиясының мүшесі Қалиолла Ахметжан көшпелі жауынгерлердің кос­тюмдері мен қаруларын ғылыми реконструкциялау бойынша баяндама жасады. Ол қимақ және қыпшақ жауынгерлерінің бейнесін қалпына келтірудің заманауи әдістерін жан-жақты қарастырып, «Бозоқ» археологиялық паркінің оңтүстік кіреберіс қақпасында қойылатын қорғаныс-қоршау қаруларының макеттерін ұсынды.

«Бозоқ» музейінің аға ғылыми қызметкері Ерболат Рахманқұлов ашық аспан астындағы музейдің қорғаныс құрылыстарын реконструкция­лау туралы баяндады. Ол халықаралық тәжірибе мысалдарын келтіріп, оңтүстік кіреберіс порталының фортификациялық бекінісінің 3D моделін көрсетті. Ғалым бұл нысанның ортағасырлық қазақ қалаларының қорғаныс жүйесіндегі маңызды рөлін және әскери тарихтың символы ретінде ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Тарих ғылымдарының кандидаты, «Бозоқ» музей-қорығының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Зүбайда Сұрағанова этнографиялық көзқарастан реконструкция мәселесін қарас­тырды. Ол өз баяндамасында қорғаныс құрылыстарының семантикалық мағынасын, олардың тарихи ландшафтпен, топонимикамен және мифология­лық түсініктермен байланысын талдады.

Конференция аясында тарихи-мәдени мұраны музейлендіру саласындағы жетекші мамандар онлайн-баяндама жасады. Омбы ағарту музейі­нің директоры Игорь Скандаков Омбы қаласының ортағасырлық археологиялық ескерткіштерін музейлендіру тәжірибесін ұсынды. Түркия­лық Топ­қапыдағы «Түркі әлемінің үйі» этнографиялық музейінің негізін қалаушы және басшысы Салих Доған Гөбеклітепе аймағындағы археологиялық мұраны музейлендіру тәжірибесімен бөлісті. Тарих ғылымдарының докторы, Әзербайжан Ұлттық тарих музейінің жетекші ғылыми қызметкері Айда Исмаилова археологиялық материалдарды музейлендірудің жаңа тәсілдері туралы баяндама жасады.

Конференция барысында қазақстандық жетекші ғалымдардың қатысуымен жарыссөздер өтті. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының бас ғылыми қызметкері Зейнолла Самашев, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары Бүркітбай Аяған, тарих ғылымдарының кандидаты, К.Ақышев атындағы Археология ғылыми-зерттеу институтының директоры Марал Хабдулина өз сөздерінде реконструкцияның тарихи дәлдігін сақтау және тарихи-мәдени маңызы бар ескерткіштерді музейлендірудің заманауи әдістерін енгізу қажет екенін атап өтті.

Халықаралық конференция музейлендірудің жаңа тәсілдерін дамыту және Қазақстанның археологиялық мұрасын танымал ету жолында маңызды қадам болды. Қарастырылған тақырыптар мен ұсынылған зерттеулер «Бозоқ» археология­лық паркінің тарихи-мәдени мұра объектілерін одан әрі реконструкциялауға ықпал етіп, оны елдің мәдени мұрасының маңызды бөлігіне айналдыруға бағытталған.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button