Мәдениет

Бродвейлік мюзикл әуендері

Астанада қала күнінің құрметіне орай әр жерлерде мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Кеше кешкісін «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда америкалық және елордалық 80 әртістің қатысуымен әлемдік классикаға айналған бродвейлік мюзиклден үзінділер қойылды.

KBB_7627

Атақты хореограф Пол Эмерсон бастаған үздік америкалық би ұжымының қатысуымен өткен  бұл шара Астана қаласының – 18, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы ынтымақтастықтың 25 жылдығына орайластырылып отыр. «Америкалық және жергілікті әртістердің қатысуымен осындай мюзикл Астанада алғаш рет қойылып отыр. Бүгін америкалық бродвейдің кеңінен танымал үзінділерін орындадық. Апта бойы америкалық әртістер елордалық би ұжымымен, оркестрмен және хормен бірге дайындалды. Қонақтар бәрін жергілікті бишілерге үйретті, олар тез қағып алды. Болашақта Астанада бродвейлік шоуды толық қоюды жоспарлап отырмыз. Америкада бұл сала фольклор болып саналады. Нью-Йорктегі қойылымдарды тамашалау үшін адамдар әлемнің түкпір-түкпірінен келіп жатады, – дейді АҚШ елшілігінің мәдениет жөніндегі атташесінің орынбасары Мэтью Вилсон.

Көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлаған ғажайып қойылымға отандық әртістермен қатар, Фрэнк Мартин, Гейвин Стюарт, Амикаэла Гастон, Ване­сса Оуэн, Катрин Пилкингтон секілді шетелдік жұлдыздар қатысты. 6 шілде күні сағат 17.00 Бейбітшілік және келісім сарайында тағы да бір бродвейлік мюзикл кеші өтеді.

Мюзикл жанры алғаш рет АҚШ-та пайда болды. 1866 жылы Нью-Йорк қаласында «Black Сrook» атты мюзиклі көрермен назарына ұсынылды. Алайда, ұзақ жылдар бойы театр өнерінің бір жанры ретінде мойындала қоймады. Кейін бродвейлік мюзикл өмірге келген соң бұл жанрдың бағы ашылып, бүкіл әлемге әйгілі болды. Мюзикл – қоюшы-режиссермен қоса, балетмейстер, вокалдан сабақ беретін педагог, хореограф бірігіп жұмыс істейтін көп салалы әрі ауыр жанр түрі. Бұл жанр бүгінде опереттаның бір түрі деп те есептеледі.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button