Бүгін Мәжілістің жалпы отырысы өтеді
Бүгін Парламент Мәжілісінің үшінші сессиядағы алғашқы Жалпы отырысы өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Депутаттар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңның жаңа жобасын ілеспе түзетулерімен бірінші оқылымда қарайды. Олар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың қолданыстағы әдістерін жетілдіру мақсатымен әзірленді.
Сондай-ақ Мәжіліс жаңа Салық кодексінің жобасын, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт туралы және 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобаларын, сондай-ақ Астана мен республикалық маңызы бар қалаларды дамыту мәселелері бойынша заң жобаларын жұмысқа алады.
Бұдан бөлек Мәжіліс комитеттері ЕАЭО елдері мен Сингапур арасындағы еркін сауда туралы келісім мен оған жан-жақты экономикалық ынтымақтастық туралы негіздемелік келісімді, Қазақстан мен Қатар үкіметтері арасындағы басым салалардағы жобаларды дамыту үшін ұзақ мерзімді стратегиялық әріптестік орнату туралы келісімді ратификациялау жобасын, зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдауға өзге де қабілеттері шектеулі адамдардың жарияланған туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы заң жобаларын да жұмысқа қабылдайды.
Тікелей эфирді parlam.kz ресми сайтынан, Мәжілістің YouTube арнасы мен Facebook парақшасынан, сондай-ақ республикалық 24KZ және Jibek Joly телеарналарынан көре аласыздар.