Басты ақпаратЕлорда тынысы

Бүгінгі күннің батырлары

өміріне қауіп төнген бес адамды құтқарды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы көпқабатты үйде болған өрт кезінде ерлік көрсеткен елордалық өрт сөндірушілерді Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды.

Қызметтік борышын атқару кезінде көрсеткен батылдығы мен жанқиярлығы үшін Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі жедел кезекшісінің көмекшісі Асқар Забикулин I дәрежелі «Айбын» орденімен, Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі №10 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Аян Кемпіров III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

2022 жылы 16 қарашада сағат 9.43-те өрт сөндіру бөлімшесіне ­Бауыржан Момышұлы даңғылындағы 15 қабатты тұрғын үй кешенінде өрт шыққаны туралы хабар түседі. Арнайы бөлімнің құтқарушылары оқиға орнына 3 ­минутта жетіп, өрт сөндірушілер өз жұмысына кіріседі.

Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің 6 техникасы жеткізіліп, 25 өрт сөндіруші тілсіз жауды ауыздықтауға күш салады. №10 өрт сөндіру бөлімінің командирі Аян Кемпіров пен жедел кезекшінің көмекшісі Асқар Забикулин өрт шыққан 11-қабаттағы №169 пәтерге тез жетеді.

Қазіргі пәтерлердің сыртқы есігі темірден жасалған. Оны бұзу оңай емес. Бұзған күннің өзінде біршама уақыт кетеді. Құтқарушылар осыны ескеріп, 12-қабатқа көтеріледі. Жауынгерлік киіммен терезеден өте алмайтынын білген құтқарушы арнайы киімін шешіп, жоғары қабаттағы пәтерден құтқару арқаны арқылы түсіп, терезеден кіреді.

Ол жанып жатқан бөлмелердің арасынан өтіп, 80 жастағы әже мен оның 22 жастағы немересін тауып, аман алып шығады. №170 пәтер балконында 10 жастағы жасөспірім «құтқарыңдар» деп дауыстайды. Мұны естіген Асқар шұғыл іске кірісіп, өртеніп жатқан бөлмеден өтіп, баланы құтқарады. Осы кезде оның беті мен аяқ-қолын күйік шалады. Алайда қызметіне адалдық танытып, үш адамды құтқарады. Жалпы өрттен құтқарылған адамдар саны – 5.

№1 көпбейінді қалалық ауруханасына өрттен зардап шеккен құтқарушылар мен тұрғындар жеткізілді. Қазір 28 жастағы Асқар Забикулин жансақтау бөлімінде жатыр. Оның беті, арқасы мен қол-аяғын 2-3-дәрежедегі күйік шалған. Денеге келген зақым – 80 пайыз. Құтқарушының өкпесі жасанды желдету аппаратына қосылған. Ал Аян Кемпіровтің жағдайы орташа дәрежеде. Өрттен уланған екі әйел токсикология бөлімінде ем алып, үйіне шығарылды.

– Асқармен отасқанымызға бес жыл болды. Екі қызымыз бар. Ол – өз жұмысына адал азамат. Дәрігерлер ол қатты ауыртпалықты сезінбес үшін екі-үш күн ұйқыда жататынын айтты. Амандығын тілеп, дұға етудеміз, – деді жары Әнел.

Барша Алаш жұрты Асқардың амандығын тілеуде.

Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметі мекемесінің басшысы Назарәлі Селимовтің айтуынша, өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жеткен. Алайда автотұрақтың тар және көліктердің көп болуы салдарынан арнайы техниканы орнатып, автосатыны көтеруге біршама уақыт кеткен.

Өрт кезінде ең басты міндет – адам құтқару. Бүгіннің батырлары өз өміріне қатер төнгенін біле тұра, міндетін абыроймен атқарды. Мұндай көзсіз ерлікті екінің бірі жасай алмайтыны анық.

Тағыда

Нұрлат Байгенже

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button