Бүгінгі оқушы – ертеңгі жас ғалым

Қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесі қарқынды түрде даму үстінде, бұл өз кезегінде ғылым саласының да прогресіне ықпал етіп келеді. Отандық ғылым саласы соңғы жылдары жаңартылған зерттеу бағыттарымен, жаңа технологиялармен және инновациялармен жетілдіріліп, әлемдік деңгейде өзін танытуда. Әсіресе, техникалық және жаратылыстану ғылымдары бойынша көптеген тың зерттеулер мен жобалар іске асырыла бастағаны қуантады.
Бүгінде Қазақстанда ғылым мен білімнің байланысы үнемі толықтырылып, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарында ғылыми жобалар жүргізу басты басымдықтың бірі саналады. Сонымен қатар, гуманитарлық ғылымдар да тұрақты даму үстінде. Бұл салалардағы жетістіктер еліміздің жаһандық ғылыми кеңістіктегі орнын нығайтуға септігін тигізетіні сөзсіз.
Мәселен, соңғы инновациялардың бірі ретінде цифрландырудың білім беру саласын қайта жандандырып отырғанын айтуға болады. ҰБТ-ның өзіне жасанды интеллектіні енгізу оқушылардың білімін объективті әрі әділ бағалауға мүмкіндік береді. Білім беру жүйесіндегі әділдік пен ашықтықты арттыру, жасанды интеллект арқылы оқушылардың оқу бағдарламасын қадағалап, олардың әлсіз тұстарын анықтап, бағыт-бағдар беру секілді мүмкіндіктері туады. Бұл бастама бір жағынан білім беру сапасын арттырса, екінші тұрғыда мұндай технологиялар оқу үдерісін жеңілдетіп, оқушылардың цифрлық дағдыларын нығайтады. Нәтижесінде бұл олардың болашақтағы ғылыми жұмыстарында да пайдалы болмақ.
Сонымен қатар, робототехника мен STEM (ғылым, технология, инженерия және математика) бағыттары қазіргі білім беру жүйесінде маңызды рөл атқарып келеді. Бұл салаларда жұмыс істейтін жас ғалымдар жаңа технологиялар мен инновациялық шешімдер жасауға ұмтылып, өз үлестерін қосуда. Мектеп оқушыларының арасында әртүрлі ғылыми жобаларды жүзеге асыру қоғамдағы қандай бір мәселелерді шешуге ықпал етіп, білім алушылардың шығармашылық ойлау қабілетін дамытады және теориялық білімді тәжірибемен ұштастырады. Мәселен, №9 Зерде мамандандырылған лицейінде бұл бағыт бойынша нәтижелі жұмыстар бар. Мектебімізде робототехника және STEM кабинеттерінде арнайы курстар ұйымдастырылып, білікті мамандар робототехниканың қыр-сырын оқушыларымызға үйретеді. Одан бөлек, Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde» байқауы қалалық және республикалық деңгейде өтіп, мұнда қаншама дарынды оқушыларымыз өз қабілеттерін көрсете алды. Алдағы уақытта байқау халықаралық деңгейде жалғасын табады.
STEM бағытындағы білім мен дағдылар балаларға әлемдік ғылыми қауымдастықта бәсекеге қабілетті болуға көмектеседі. Сонымен қатар, осы бағыттағы жобалар елдің инновациялық әлеуетін арттырып, болашақта елімізді технологиялық тұрғыда алға сүйреуге мүмкіндік береді.
Жас ғалымдарды анықтауға, олардың ғылыми әлеуетін көрсетуге түрлі халықаралық олимпиадалар мен байқаулар да үлкен мүмкіндік береді. Мұндай сайыстарда оқушылар өздерінің білімдерін ғана емес, сонымен қатар шешім қабылдау қабілеттерін, сыни ойлау дағдыларын және шығармашылық көзқарастарын дәлелдей алады. Олардың қатысуы ғылымға деген қызығушылықты арттырып, жаңа идеялар мен зерттеулерді дамытуға түрткі болады. Мысалы, халықаралық Азия-Тынық мұхиты математикалық олимпиадасы, Жәутіков және Туймаада олимпиадаларына мектебіміздің оқушылары үнемі қатысып, жүлделі орындардан көрініп, ел намысын қорғап жүр. Сондықтан, меніңше әлемдік деңгейдегі сайыстар жас ғалымдардың жетістіктерін мойындатып қана қоймай, олардың ғылым саласына деген ынтасын оятады.
Гүлназия САБЫРҚЫЗЫ,
Астана қаласы №9 «Зерде» мамандандырылған лицейінің директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы