Қоғам

Бүгінгі ұрпақ – ел болашағы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқару жүйесіне серпіліс қажет екенін атап өткен болатын. Мемлекеттік қызмет жүйесі – қанша реформаласақ та, бір жүйеге келмей жатқан күрделі бюрократиялық аппарат. Экономиканы реформалау үшін бізге кәсіби мемлекеттік қызмет жүйесінің керектігі анық. Сондықтан мемлекеттік басқару саласына да бәсекелестік қажет. Мемлекеттік қызметші өз еліндегі тікелей міндеттерін орындаудан басқа, отбасында, қоршаған ортаға, адамдармен ортақ тіл табысуға және жан-жағына үлгі болуға тиіс. Билікке тың ойы бар, жалындап тұрған жастарды тарту қажет. Бүгін біз Астана қаласы бойынша мемлекеттік қызметтегі жас мамандарды, олардың атқарып жатқан қызметтері мен жетістіктері туралы бөлісуге шақырдық.

Айжан ҚУАНЫШЕВА, Астана қаласы Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы:

– Мамандық таңдау – әр адамның өміріндегі маңызды шешімнің бірі. Өйткені бұл таңдау өмір бойы қандай іспен айналысатыныңызды айқындап, болашағыңызға бағдар береді. Әрине, мамандық таңдауда әр адам өзінің қызығушылығына, қабілетіне, бейімділігіне, қалауына сүйену керек.

Бала күнімдегі арманым – мемлекеттік қызметкер болу. Мемлекеттік қызмет – бұл барлық мемлекеттік басқаруды ұйымдастырудағы жетекші рөлді атқаратын мемлекет жүйесінің ең маңызды тетігінің бірі. Кез келген қоғам мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметкерсіз әрекет етуі мүмкін емес. Билікке деген сенім қазіргі қоғамның талаптарына сай мемлекеттік қызметкерден басталады.

Бүгінгі таңда Астана қаласы Білім басқармасы қосымша білім беру және тәрбие жұмысы бөлімінің бас маманы болып қызмет етемін. Жас мемлекеттік қызметкер ретінде мемлекеттің гүлденуіне өз үлесімді қосып жүргенімді мақтаныш сезінемін.

Өз елімнің гүлдену жолында қызмет ету – мен үшін үлкен мақтаныш және абырой. Мемлекеттік қызмет қашан да мінсіз болуы тиіс. Себебі елдің ертеңі жастарға байланысты. Бір сөзбен айтқанда, билік пен қарапайым халық арасын жалғайтын алтын көпірге айналуы тиісті. Бүгінде мемлекеттік саладағы мамандардың білім-біліктілігінен бұрын адамгершілік асыл қасиет пен ананың сүтімен келетін тәлім-тәрбиені де талап ететіні анық. Менің ойымша, мемлекеттік қызметкер тек білімді ғана емес, жоғары моральдық жауапкершілік пен өз ісіне деген әділдік, адалдық, адамгершілік қасиеттері қағидаларды қатаң ұстанғанда ғана елдің ертеңі нұрлы болады.

Азамат МАМИРОВ, Астана қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы бюджеттік инвестициялық жобалар бойынша мемлекеттік сатып алулар рәсімін өткізу бөлімінің бас маманы:

– Мемлекеттік қызметке университетті бітірген соң, яғни 2020 жылы келдім. Мен мұны жүрегімнің қалауы деп білемін. Университет қабырғасында оқып жүріп, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде, ҚР Парламентінде оқу тәжірибесін өткен кезде мемлекеттік қызметкер боламын деп шештім. Бұл маған үлкен тәжірибе болды. Мен конкурстан оң нәтиже алып, алғаш рет әкімшілік мемлекеттік қызметкер атандым. Мен мемлекеттік қызметте жұмыс істей отырып, өз ойымды 180 градусқа өзгерттім. Неге десеңіз, мемлекеттік қызметке келмес бұрын мен мемлекеттік қызметке тек таныстықпен келеді деп ойлаған болатынмын. «Құлақпен естігенге емес, көзбен көргенге сен» деген сөздің жүз пайыз дұрыс екеніне көзім жетті. Мемлекеттік қызмет – нағыз қайнаған қазан ортасы. Мемлекеттік қызмет – халықпен тығыз байланыс орнататын орда.

Мемлекеттік қызмет деген, менің түсінігімде – Отанға адал қызмет ету. Жас әкімшілік мемлекеттік қызметкер бола отырып, елімнің алпауыт мемлекеттермен иық теңестіре алуына қызмет етіп жүргеніме, өзімнің тамшыдай болсын септігімнің тиіп жүргеніне қуанамын. Қуанышым өзге адамдарды түсіну, жұмысқа деген махаббат, мол жауапкершілікті сезіне отырып жұмыс істеу сынды қарапайым қағидаларға сүйенген. Бұл қағидалардың барлығын өз қызметімнен тауып та жүрген жанмын.

Өзімнің және әріптестерімнің мемлекетіміздің өркендеуіне қызмет етіп жүргендігі қуантады. Мемлекеттік қызметкер болғаным үшін мақтанамын. Бұл – менің таңдауым, бұл – менің жолым!

Санжар ИБРАИМОВ, Астана қаласының Құрылыс басқармасы заң және мемлекеттік сатып алу бөлімінің жетекші маманы:

– Қазіргі қоғамда жастардың мемлекеттік қызметке деген пікірі әртүрлі. Көбі жеке кәсіпкер болуды, өз-өзіне жұмыс істеуді немесе алпауыт корпорацияға барып мол табыс табуды ойлайды. Мен мемлекеттік қызметті таңдадым. Осылайша, еліміздің игілігі мен мүддесіне еңбек етуді жөн көрдім. Мемлекеттік қызмет – бұл тұрақтылық, ертеңге деген сенім кепілі. Мен өз жолымды, болашағымды дұрыс таптым деп ойлаймын.

Жыл сайын мемлекеттік аппараттың жұмыс сапасы жақсаруда, оған қоса мемлекеттік қызметкерге қойылатын талаптар да жоғарылауда, сондықтан барлығы біздің жоғары кәсібилігіміз, жанқиярлық еңбек және таңдаған ісімізге деген адалдығымызға, патриотизм мен белсенді азаматтық ұстанымымызға байланысты.

Қазақстан билігі тарапынан қолдау көрген жастарымыз ертеңгі күні еліміздің экономикалық қозғаушы күші болуы әбден ықтимал. Иә, еліміздің жастары жан-жақты, креативті екені даусыз. Ендігі жерде жас мемлекеттік қызметкерлерімізге Президентіміз Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерді іске асыруға ықпал етері анық.

Қазақстан Республикасы

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button