Бүкіл түркі жұртының перзенті
Астана қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназияда «Мұстафа Шоқай – бүкіл түркі жұртының перзенті» атты ІІІ халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Астана қаласы әкімдігінің «Астана дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау орталығы, Мұстафа Шоқай ғылыми орталығы бірлесе ұйымдастырған іс-шараның басты мақсаты – түркі халықтары азаттық қозғалысының көшбасшысы Мұстафа Шоқайдың 135 жылдық мерейтойына байланысты тарихи тұлғасына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, оның аса мағыналы өмірі, сан салалы саяси қызметі мен шығармашылық мол мұрасы негізінде өскелең ұрпақты ұлттық рух пен отансүйгіштікке, қоғамдық белсенділік пен адамгершілікке тәрбиелеу.
Конференцияға шетелдің және еліміздің қоғам қайраткерлері, саясаткерлер, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің зерттеуші ғалымдары, Президент орталығының қызметкерлері, Мұстафа Шоқайдың ұрпақтары, журналистер, Қызылорда өңірінен іс-тәжірибе алмасушы ұстаздар және жас мұстафатанушы оқушылар қатысты.
Ең әуелі іс-шара қатысушыларға «Фотосуреттегі өмір» атты еш жерде бұрын жарияланбаған Мұстафа Шоқай мен Мария Шоқайдың жанұялық мұрағатынан алынған фотосуреттер презентациясын көрсетуден басталды. Әрі қарай Мұстафа Шоқай атындағы мектеп музейінде «Мұстафа Шоқай заманы және қазіргі тәуелсіздік» атты әдеби қойылым көрсетілді. Іс-шараның шымылдығын ашып, сөз сөйлеген Астана қаласы мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Байменов Мұстафа Шоқайдың Қазақ мемлекеті тәуелсіздігі жолындағы күресіндегі рөлін, ұлт-азаттық қозғалысындағы үлесін жоғары бағалап, оның сол кездегі саяси және қоғамдық көзқарасының қазіргі Қазақстанда да өзекті екенін, оның еңбегін және идеясын заманауи қоғамда насихаттау қажеттігін атап өтті.
– Шын мәнінде, ұлтымыз басынан небір нәубетті кезеңдерді өткізді. Сол кезеңдерде де ұлтын ойлайтын ұлдарды туғыза алды. Ашаршылық жылдарындағы Алашорда ұлтшылдары, әсіресе, халықтың ауыр жағдайына бейжай қарамай, білім беру, мәдениет пен ұлттық сана қалыптастыру бағытында үлкен жұмыс атқарды. Олар ұлттық мемлекеттілікті құрудың негізін қалауға ықпал еткен ұлы тұлғалар еді. Тәуелсіз Қазақстанда Алашорда мен Мұстафа Шоқайдың мұрасын қайта жаңғырту біздің тарихи жадымызды сақтау мен болашақ ұрпаққа жеткізу тұрғысынан өте маңызды. Осы тұлғалардың арманын жоғары деңгейде ұстанып, олардың ұлттың болашағына деген көзқарасы мен еңбегін бағалай отырып, біз бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның бірлігін нығайта аламыз. Өйткені Мұстафа Шоқай сол кездің өзінде Тұран идеясының дамуын, түркі әлемінің мәдени, саяси және экономикалық тұрғыдан бірлесуін армандады. Әрі ол осы арманын өз өмірі мен қызметінде дәлелдеп, тәуелсіздік пен еркіндік үшін күрескен тұлға ретінде тарихта қалды. Қазіргі Қазақстанда біз Шоқайдың сол арманын жүзеге асырып жатырмыз. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан халықаралық аренада өзінің егемендігін сақтап, ұлт бірлігін нығайту бағытында белсенді саясат жүргізуде. Бүгінгі жастар сол бабалардан қалған асыл аманаттың жолында аянбай еңбек етіп, ізденіп, білім алып, барынша өздерін сапалы ұлт қалыптастыра алатын ұрпақ дәрежесіне жеткізуі тиіс, – деді Әлихан Мұхамедияұлы.
Сондай-ақ Әлихан Байменов ұлы тұлға атындағы мектепке «Яш Түркістан» журналының топтамасын сыйға тартты. Басқа да танымал тұлғалар Мұстафа Шоқайдың ұлттық рухани болмысы туралы сөз сөйлеп, онлайн және офлайн форматта іс-шараға қатысып, зерттеуін баяндады. Мектеп оқушыларының ғылыми ізденістері мен шығармашылық жұмыстары тыңдалды. Іс-шара соңында қатысушылардың ғылыми еңбектері мен ізденіс жұмыстары енгізілген жинақ таратылып, қатысушыларға алғыс хаттар табысталды.
Шапағат ӘБДІР