Sport

Бүге-шігесі белгілі топ

G тобы: Бельгия. Панама. Тунис. Англия

Мамандар бір көргеннен бұл төрттікке «Бүге-шігесі белгілі топ» деген баға берді. Бұл, сірә, плей-офф кезеңіне Бельгия мен Англияның шығатынына еш күмән жоқтығын білдірсе керек. Шынында да, Панама мен Тунистің олармен тең шайқасып жатқанын көзге елестету қиын. Сондықтан кейбір журналистер Саранскіде ойналатын Панама – Тунис арасындағы матч турнирдің ең басты хиті болғалы тұр деген сыңайда әзіл айтып жүр.

Бельгия құрамасы

Бельгия Еуропада бірінші бо­лып осы чемпионатқа жолдама жеңіп алды. Ол өзіне басты қарсылас болған гректер мен бос­ния­лықтарды тез артта қалдырып, топта бірінші орынға шық­ты. «Қызыл перілер» өз алаңында өткен гректермен матчта ғана тең түсті. Қалған кездесулер түгел олардың басымдылықтарын көрсетті.
Бұған дейін біраз жылдар Бельгия футболы құлдыруды бастан өткерді. Содан кейін елде балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға айрықша көңіл бөлінді. Енді сол ізгі ізденістер өзінің жемісін беріп жатқан сияқты.
Бельгия осы жолы 13-інші мәрте әлем чемпионатына атсалысады. Оның бұған дейінгі ең жоғары табысы 1986 жылы жартылай финалда өнер көрсетуі болды. Сол кезде Ги Тис басқаратын команда бұл жетістікке ширек финалда КСРО құрамасымен өткен аса тартысты ойында 4:3 етіп ұту арқылы жетіп еді.
Бельгиялықтар 1920 жылы Олимпиаданың алтын медалін жеңіп алды.

Панама құрамасы

Панама құрамасы мундиальдің іріктеу ойындарына 1976 жылдан бері қатысып келеді. Алайда бұған дейін оның жолдамасына қол жеткізіп көрген жоқ. Бұл – бірінші. Ал електік топта оның АҚШ пен Гондурасты артта қалдырып кеткені нағыз сенсация болды. Ол шешуші ойында осы чемпионатқа жолдама алып үлгерген Коста-Риканы 2:1 етіп ұтты.
Панама құрамасында ешқандай басқа табыс жоқ. Ол тек КОНКАКАФ Кубогы үшін жарыста екі рет – 2005, 2013 жылдары екінші орын алған еді.
Құраманың бұлайша жаһандық доп додасына жолдама алуы елде үлкен ұлттық мереке ретінде аталып өтті. Билік команда Кос­та-Риканы жеңген күннің ертеңін демалыс деп жариялады.

Тунис құрамасы

Африкадағы іріктеу турнирінде Тунистің басты қарсыласы Конго Демократиялық республикасының командасы болды. Сондықтан тунистіктердің оны өз алаңында ұтып, сыртта тең түсуі бірінші орын алуларына жол ашты. Бұл жеңіс Тунистің 12 жылдан кейін әлем чемпионатына оралуына мүмкіндік әперді. Құрама бұған дейін 1978, 1998, 2002, 2006 жылдарда мундиальға қатысқан еді.
Тунис 2004 жылы Африка ұлттары кубогын жеңіп алған.

Англия құрамасы

Әдетте, Англия құрамасы топтық ойынды күшті өткізіп, плей-офф кезеңіне жеткенде, босаңсып сала береді. Ал 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде ағылшындар өзінен кейінгі қарсыласы – Словакиядан 8 ұпай артық жинады. «Арыстандар» бұл додада өз дарбазасына небәрі 3 доп жіберіп, Испаниямен бірдей нәтиже жасады.
Англия Ресей жерінде өзінің 15-інші чемпионатын өткізеді. Ол 1966 жылы өз елінде өткен әлем чемпионатының финалында немістерді қосымша уақытта 4:2 етіп ұтып, алтын жүлдегер атанған болатын. Бұдан кейін 1990 жылы жартылай финалға шыққаннан басқа табысы болған жоқ. Ағылшындар ірі жарыстардың бәрінде дерлік ойыннан ке­йінгі сынақтарда ұтылып қалып жүр.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button