Мәселе

Бұғаттау бизнеске айналмасын…

Қазақстанда кісі өлімі болмай көп былықтың беті ашылмайтынын өткен айда Алматыда болған сот орындаушылардың қазасы тағы бір рет дәлелдеді. Жалпы сот орындаушылардың мәселесі мен банк өсімінің жоғарылығы бұрыннан айтылып та, жазылып та келеді. Бірақ атқарушы билік соған көңіл бөліп, мәселенің мәніне үңілуі кемдеу. «Баяғы жартас бір жартас» дегендей, халық айтып, журналистер жазғанымен, көбі айтқан, жазған жерінде қалады да, мәселе қордалана келіп, соңы жоғарыдағыдай қайғылы оқиғаға ұласады.

Қалиакбар
ҮСЕМХАНҰЛЫ

Елімізде сот орындаушылар жеке сот орындаушы және мемлекеттік сот орындау­шы деп екіге бөлінеді. Бұл арадағы жеке сот орындаушы дегеніміз – сот актілерін орындау комитеті берген жеке сот орындаушысының лицензиясы негізінде соттың шығарған үкімін атқарумен айналысатын заңды тұлғаларды меңзейді. Біздің елде жеке сот орындаушыларының алғашқы легі 2011 жылы пайда болса, 2016 жылдың бастап сот орындарының қызмет көрсету, талап ету туралы құжаттарының басым бөлігі жеке сот орындаушыларының құзырына берілді. Содан кейін барып жеке сот орындаушы қыз­метіне қарай ойысатындардың саны да арта бастады.
Ешкімге тәуелді емес, тек қана заңға бағынатын жеке сот орындаушылары мемлекеттен, яғни бюджеттен жалақы алмайды. Олар мемлекет қазынасына қайтарылған қаржыдан белгілі бір пайызын алып отырады. Алимент және төленбеген жалақыны өндіріп алу секілді мәселелер орындалған жағдайда ғана оларға сыйақы төленеді. Сондықтан да олар істі жедел шешуге немесе сот үкімін тез орындауға тырысады.
Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу мөлшерлерін бекіту туралы қаулыда жеке сот орындаушылардың ақысы ретінде мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттары үшін 60 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде; 60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса – өндіріп алу сомасының 20 пайызы мөлшерінде; 20 000 АЕК-тен жоғары болса – өндіріп алу сомасының 3 пайызы мөлшерінде болады (ықшамдалып алынды) деп белгіленген. Сосын да жеке сот орындаушылар көбінде сомасы қомақты, тез орындауға тиімді сот үкімдерін атқаруға тырысады. Алайда «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, мәселенің бір шеті өзінің экономикалық табысына тіреліп жатқандықтан, жеке сот орындаушылар бүгінгі таңда сот үкімін атқару барысында әртүрлі жолсыздықтарға да баратыны да жасырын емес. Айталық, біреудің шотын иесіне ескертпестен бұғаттап тастау, телефон шалып ескерткені үшін ақы талап ету, банктермен астасып, несиесі бар азаматтарға қысым көрсету, қарызын төлету үшін мүлкін арзанға саттыру сынды әрекеттерге жеке сот орындау­шылар жиі барады. Міне, осы жағдайға байланысты еліміздегі кейбір сот орындаушыларын «Бопсалаушы, делдал, яғни ресми тіркелген мемлекеттік алаяқтар» деп атаған ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, заңгер әрі қоғам белсендісі Айгүл Орынбек жеке сот орындаушылардың міндетін прокуратураға беру керек деп есептейді. «Жеке сот орындаушылар тек қомақты қаржының төбесі көрінгенде, өздеріне көбірек пайыз түсетін кезде ғана жүгіреді. Тіпті СЭС, банк, коммуналдық төлем алатын компаниялармен астасып, төлем жүргізбеген адамдардың есепшотын бұғаттап, ақша берсе ғана ашып беріп отыратын жеке сот орындаушыларды көзім көрді. Демек, заң аясында жеке сот орындаушыларға көптеген мүмкіндіктер беріліп қойған. Ал олар оны асыра пайдаланады. Электр ақысынан 13 теңге төленбей қалғаны үшін кәсіпкердің шотын бұғаттап тастап, қайта ашып беру үшін 20 мың теңге сұрау Қазақстанның қай заңына сыяды? Мұның астарында банк, коммуналдық төлем қызметі және жеке сот орындаушылар өзара астасып, ақша жасау сынды алаяқтық жатыр» деп ашып айтқан Айгүл Орынбек жеке сот орындаушылар көпбалалы аналар мен алимент ала алмай жүрген жалғызбасты аналарға да ауыз салып отырғанын жеткізді. «Сот орындары баланың әкесіне алимент талап еткен әйелдің шотына тікелей аударуға міндеттеп үкім шығарып беруге толық құқылы. Алайда соңғы кездері жеке сот орындаушылары төленген алименті алдымен өзінің шотына аудартып, ай сайын түсетін алименттен процент ұстап қалып, қалғанын алимент талап етушіге аударып отыратын жағдай жиі кездесіп жүр. Баланың әкесінен сіріңкелік алғаны үшін алиментті өндіріп бермей жүрген сот орындаушылар да аз емес. Біріншіден, оны бақылап отыратын құзырлы орган жоқ, екіншіден, шағымданушы әйелдер өз құқығын білмейді. Олардың мемлекет жағынан қаражат беріліп жатқан көпбалалы аналардың шотын бұғаттап тастағанына да куә болдым. Демек, шоттарды бұғаттауды бизнеске айналдырып алған сот орындаушылары өте көп. Қарызын төлейін десе, шоты бұғатталып қалғандықтан, өз ақшасы бола тұра елден қарыз сұрап жүрген азаматтарды да көрдік. Қысқасы, бес теңге үшін шотты бұғаттау бассыздықтан басқа ештеңе емес. Демек, келсе-келмес шотты бұғаттауды доғару керек. Яғни шотты бұғаттаудың мөлшері белгіленуі тиіс» дейді заңгер.
Жұртшылықтың айтқанына жүгінсек, халық сот орындаушылардың қазір иесіне бір ауыз

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, мәселенің бір шеті өзінің экономикалық табысына тіреліп жатқандықтан, жеке сот орындаушылар бүгінгі таңда сот үкімін атқару барысында әртүрлі жолсыздықтарға да баратыны да жасырын емес

ескертпестен шотын бұғаттап тастайтынына наразы.
– Бір жолы «Астана су арнасы» ай сайынғы төлемді қате есептеп, маған 90 мың теңге қарызсың деген қағаз жіберді. Аталған мекемеге барып, қайталай есептескеннен кейін «Астана су арнасы» түсінбеушілік болғанын айтып, менен кешірім өтінді әрі ешқандай қарызы жоқ деген қағаз берді. Бірақ үш айдан кейін сот орындаушылар шотымды бұғаттап тастады. Алдын ала хабарласып, ескерткен де жоқ. Сонымен сот орындаушыны тау­ып, барлық дәлелдерімді көрсетіп едім, сол жерде банкке телефон шалып шотымды қайта ашып берді. Осы дұрыс па?! Мәселенің мән-жайын тексермей тұрып, біреудің шотын бұғаттап тастау қаттырақ айтсақ, «Қарақшылық» емес пе, тым құрыса, телефон шалып, мән-жайды сұрап, ескертуге болады ғой, – дейді елорда қаласының тұрғыны Құнапия Дәуітқанұлы.
Айтып айтпай, жұрттың көбі сот орындаушылардың иесіне ескертпей тұрып шотты бұғаттауына наразы. БАҚ беттеріндегі деректерге сүйенсек, сот орындау­шылары қарыз иесіне телефон шалып ескертсе, қарыз иесі оған 1200 теңге төлеуі керек екен. Қазақстанда ең қымбат хабарлама (SMS) 17 теңге тұрады. Ендеше, жеке сот орындаушыларының «еңбегі» қаншалық қымбат екенін есептей беріңіз. Бірақ сот орындаушылар үшін бұл ақшадан гөрі алдымен шотын бұғаттап, сол сомадан өз пайызын алу тиімді болғандықтан, әрине, олар қарыз иесіне ескертіп, дайын «тамағынан» айырылғысы келмейді де, бірден шотқа ауыз салу әдетке айналған.
Қысқасы, жекелердің шоты қалаған адам бұғаттай беретін нәрсе емес. Оны азаматтар берешегін әдейі төлемей, қарызын ұзаққа сүйреп жүріп алған кезде, құзырлы орындар заңды түрде шешім шығарғаннан кейін барып бұғаттау керек. Ол әсте жеке сот орындаушылардың ақша өндіретін тәсіліне айналмауы тиіс. Сонымен бірге, сот орындаушылар банк, коммуналдық төлем қызметі орындарындарымен астасып, тұрғындарды қыспаққа алуына заң бойынша шектеу қоятын мезгіл жетті. Өйткені бұл «Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің» заңының беделіне нұқсан жеткізіп, халық жүрегінде «Үкімет керең, заң сайқал» деген ұғым тудырады.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button