Жаңалықтар

Бүгін қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров 70 жасқа толды

ТОКТАР АУБАКИРОВ

Бүгін Халық Қаһарманы, Кеңес Одағының батыры, қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, әскери ұшқыш, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 70 жасқа келді. Қазақтың даңқты ұлының мерейтойына орай Астана қаласында салтанатты кеш ұйымдастырылды.

Ақмола өңірлік гарнизонының әскери қызметшілері, Қазақстан әскери авиациясының ардагерлері, Ресей федерациясы және Еуроодақ елдерінің маңдай алды ұшқыш ғарышкерлері қатысқан салтанатты жиынға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау хатын жолдады.

«Құрметті Тоқтар Оңғарбайұлы! Жетпіс жасқа толған мерейтойыңыз құтты болсын! Сіз халқымыздың біртуар, мақтан тұтар даңқты ұлдарының бірісіз. Сіздің есіміңіз космонавтика тарихында қазақ халқының ғарыш көгіне көтерілген тұңғыш өкілі ретінде енді. Еңбектеріңіз бұрынғы Кеңес Одағы мен еліміздің ең жоғарғы наградаларымен аталып өтілді. Сізге әрдайым мықты денсаулық, отбасыңызға амандық пен береке тілеймін!» деленген Елбасының құттықтау хатында.

Ресми құттықтаулардан кейін мәртебелі меймандар әскери-тарихи музейдің көрме залына қойылған Халық Қаһарманының ғарыш саласына аяқ басқан күндерінен бастап бүгінге дейінгі саналы өмірінен сыр шертетін фотокөрмемен танысты. Шара соңында мерейтой иесінің құрметіне еліміздің эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтті.

Тоқтар Әубәкіров – әскери ұшқыш қана емес, ол отандық ғарыш саласына жол бастаған тұңғыш ғарышкер. Ол Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қаласып, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласты.

7 күн 22 сағат 13 минутқа созылған ғарыш сапарында биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізген. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң дауылының пайда болу процесі мен сол зиянды бораманың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттерін түсірді. Сонымен қатар, Қазақстан аумағындағы атмосфера қабаты мен жер бедерін зерттеп, астрофизикалық бақылау жұмыстарымен айналысқан.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button