Жаңалықтар

Бүгінгі бозбала – болашақ жауынгер

Қазақстан әскерінің қатары жас сарбаздармен толығады. Соған сәйкес Отан алдындағы борышын өтегісі келген бозбалаларға арналған «Астана жастары және Қарулы күштер – біртұтас» атты патриоттық жиын өтті.

Мерекелік шара Астанадағы ≪Отан қорғаушылар≫ алаңында болды. Оған қараша айына дейін Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскерге аттанатын болашақ Отан қорғаушылар мен мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер көп жиналды. Салтанатты шара ≪Отан қорғаушылар≫ монументіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Осыдан кейін жиынға қатысушылар сұрапыл соғыстарда құрбан болған қазақстандық жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды.

Ал ресми бөлім біткен соң, жастар десантшылардың қоян-қолтық ұрыстарын көрді. Бұнда сайыпқыран сарбаздар жауынгерлік шеберліктерін көрсетіп жатты. Ал жастар болса, олардың шебер қимылдарын ерекше ынта-ықыласпен тамашалады. Сондай-ақ, ≪Әскер – жасөспірім көзімен≫ атты солдат киім үлгісінің көрмесі ұйымдастырылды. Мұнда Қорғаныс министрлігі, Республикалық Ұлан, Ішкі істер министрлігінің Ішкі әскерлері, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлерінің қару-жарақтары, киім-кешектерімен танысты. ≪Ертеңгі күні болашақ сарбаздар осы заттарды пайдаланып, ел қорғаудың қыры мен сырын меңгеретін болады≫,  дейді ұйымдастырушылар. Осыдан кейін арнайы әскери шатырда жастар солдат ботқасының дәмін татып көрді. Іс-шарада жастар алдында ≪Нұр Отан≫ ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Жаңабергенов, Халық қаһарманы, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бақытжан Ертаев, Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев сөз сөйлеп, сәт-сапар тіледі. Ал өз кезегінде әскерге алынатын жастар болса, болашақта аға буын дәстүрлеріне адалдық танытатындарын білдірді. Олар әскер қатарында болу әр азаматтың борышы деп есептейді. Шара әскерилендірілген ≪Жас сарбаз≫ атты турнирмен аяқталды.

Еркежан СӘТІМБЕК

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button