Басты ақпаратРуханият

Бүгінгі күннің дерті – қазақ пен қазақ қазақша сөйлеспейтіні

Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде беделге ие болуы үшін не істеу керек? Әрине, ең алдымен қажеттілік туғызу қажет. Еліміздің әр азаматы өз бетімен үйренуге, таза сөйлеп, жазуға, өмірде қолдануға мәжбүр болуы керек. Қайда барса да, алдынан қазақ тіліне деген қажеттілік шығуы тиіс. Сонда ғана қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тілге, еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға мүмкіндік бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек ҚАБАМЕН сұхбатымыз мемлекеттік тілдің бүгінгі жай-күйі мен болашағы туралы өрбіген еді.– Әділбек Күнесханұлы, ана тіліміздің қазіргі жай-күйі алаңдатарлық күйде. Ол оған деген қажеттіліктің екінші орынға ысырылып келе жатуымен байланысты. Сондықтан да мемлекеттік тілге деген қажеттілікті қалай туғызу керек деп ойлайсыз?
– Заңдарды жұмыс істету, заңмен міндеттеу, бақылауды күшейту. Ең керегі – осы. Заң болғанда да ол солқылдақ, жұмыс істемейтін заң болмауға тиіс. Ондай заңымыз бар. Қолданыстағы заңның бақылау, талап ету құзыреті жоққа тән. Айтайық, бүгінгі күнде сауатсыз жарнамалардан көз сүрінеді. Жарнама ғана емес, көше бойындағы дүкендердің, фирмалардың, жекеменшік нысандардың маңдайшасында тұрған атауларының қазақшасын оқыған жұрттың ашуы келеді. Жергілікті тіл басқармаларына барып шағымданғанмен, басқарма қызметкері тексеріп, бақылауға алатын заң бабын 2013 жылы алып тастаған. Бүгінгі жағдайда ескерту жасаудан аса алмайды. Осының алдын алу үшін біз биыл «Көрнекі ақпараттар туралы» заңға бақылау тетігі болатын бап ұсынған едік. Алайда кәсіпкерліктің, бизнестің қызметіне кедергі болады деген желеумен «Атамекен» бұған қарсы болып, алынып қалды. Ол бап енген жағдайда кәсіпкерлер өзінің ілетін жарнамалық мәтінін жергілікті тіл басқармасына көрсетіп, сауаттылығын тексертіп алар еді. Ал қазір ілген жарнамасын немесе маңдайшадағы атауын қате болғандықтан алып тастау­ға немесе қайта жасатуға мәжбүр болады. Бұл оларға қып-қызыл зиян әкеледі. Одан бөлек қате жарнама ілген кәсіпкер күлкі, мазаққа қалып, бизнесінің атына нұқсан келеді, беделі түседі. Ендігі үміт Парламентте. Алдағы күндерде осы заң Парламентте қаралса, біз айтып отырған бақылау тетігі болатын баптардың енуіне ықпал етеді деп сенеміз. Мұны тілге қажеттілік туғызудың бірінші жолы деп қойыңыз.
Екінші жолы, әрине әр азаматтың тілді үйренуге деген құлшынысын ояту, жағдай туғызу, орта қалыптастыру, патриоттық рухын, сүйіспеншілігін арттыру. Бұл – тоқтаусыз жүргізілетін жұмыс. Айта кетерлігі, мемлекет осы жұмысты 30 жыл бойы жүргізіп келді. Орыс тілділер «бізге мүмкіндік беріңдер, оқытыңдар, үйретіңдер» деді. Оқытудан, мүмкіндік беруден кенде болғамыз жоқ. Әлі оқытып жатырмыз. Тілді оқытуға, миллиондаған, мүмкін миллиардтаған ақша жұмсады. Нәтиже қайда? 30 жылда 30 ауыз сөз үйренбесе, оған мемлекет кінәлі ме? Ең өкініштісі, тіл үйренбек түгілі жөргектегі балалардың тілі орысша шыға бастады. Бұл – ұлт қауіпсіздігі үшін қауіпті. Тілін жоғалтқан ұлт – ұлт болудан қалады. Өзге үстем ұлтқа сіңіп кетеді.
Иә, рас. Іс-қағаздар қазақша жүре бастады. Алайда іс-қағаздар сөз жүзінде жүз пайыз қазақшаға көшті деп айтуға ерте. Әсіресе, бизнес саласында. Ақиқатында әр құжаттың артында орысшасы бірге жүреді. Көбіне құжаттар алдымен орысша дайындалады, сосын оны көз үшін, есеп үшін қазақшаға аударады. Заңдарымыз сияқ­ты. 30 жылда жоқ дегенде қазақша 3 заң жаза алмаған соң не шара? Міне, мемлекеттік тіл төңірегінде осындай ұшы-қиыры көрінбейтін мәселелер, атқарылуға тиісті жұмыстар бар.
– Сіз келгелі Тіл комитеті БАҚ та, әлеуметтік желі де белсенді болып жатыр. Сіз журналист болған соң солай ма, әлде басқа мақсат бар ма?
– Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» саясаты бұқарамен ортадағы әл-ауқат­тық қана емес, рухани да қатынастарды нығайта түсуге негізделген. Осы орайда еліміздегі барша БАҚ пен әлеуметтік желілердегі тілге қатысты айтылған мәселелер мен жарияланымдарға мониторинг жасап, жедел назар аударуды, қажетті шаралар қабылдауды қолға алдық. Тіл мәселелерін әлеуметпен бірлесе талқылап отыру үшін соңғы екі аптада фейсбук, инстаг­рам, телеграм әлеуметтік желілерінде Тіл комитетінің акаунттарын аштық. Енді азаматтар өздерін толғантатын мәселелерді, тілге қатысты заңсыздықтарды осы жерде жаза алады. Мүмкіндігінше тез назарға алып, шешімін ұсынуға тырысатын боламыз.
– Жақында «Тіл қорғандары» атты онлайн топ құрдыңыз, оған белгілі саясаткерлер, тіл жанашырлары, этнос өкілдері мүше болып жатыр. Мақсаты қандай, олар тілге қалай қызмет етеді?
– Айтып өткенімдей, қазір қоғамдық көлікте, дүкенде, қызмет көрсетуде болсын, тіпті мемлекеттік қызмет пен бизнесте жастар өзара орысша сөйлесетін үрдіс белең алып барады. Оның үстіне көшелердегі жарнамалардағы сауатсыздықты қосыңыз. Ойын-сауық және сауда орындарында барлық хабарландырулар мен ақпараттар көбіне тек қана орыс тілінде. Біз осындай келеңсіздіктермен осы уақытқа дейін өздерінше күресіп, тіл үшін отқа да суға да түсіп жүрген тіл жанашырларын жинадық. Дос Көшім бастаған тіл жанашырларының, «Тіл майданы» тобы белсенділерінің басын қостық.
Жиында Мәжіліс депутаты Генадий Шиповских: «Әсіресе, шетелден келіп жатқан атақты фильмдерді дубляждау жалғаса беруі қажет. Голливудтық кинолар қазақ тілінде сөйлеп тұрғанын көргенде кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Бірақ отандық киноөнімдердің прайм-тайм уақытынан тысқары қалуы көңілге қонбайды. Тағы бір өзекті мәселе – мемлекеттік қызметкерлерге қатысты. Өкінішке қарай, олардың ішінде өз ойын қарапайым қазақ сөздерімен жеткізе алмайтындар кездеседі, бұл әрине, тұрғындар тарапынан орынды реніш туғызады» деді. Белгілі саясаттанушы Дос Көшім қазақ тілі ахуалын орыс тілді азаматтарымызға түсіндіру мәселесі кейінге ысырылып қалғанына өкініш білдірді. Қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы «Тіл саяса­ты комитетіне арнаулы құзыр беріп, немесе өз алдына бөлек Агенттік ашу керек» деген пікір айтты. Мәдениеттанушы Серік ­Ерғали жарнама мен көпшілік орындардағы ақпараттар туралы мәселеде сөзді кім қалай түсінсе, солай беталды жаза беру аудармашылық кәсіптің сертификатталмай келе жатқаны деп нақты ұсыныстарын берді. Танымал заңгер, тіл тәжірибесіне заңдық-практикалық тұрғыдан белсене атсалысып жүрген ана тіліміздің жанашыры Абзал Құспан мәселеге мына қырынан келді: «Дүниежүзі елдерінің оң тәжірибесіне көңіл бөлген дұрыс. Мысалы, Нидерланд бұдан он жыл бұрын өз Конституциясына елге келген барлық иммигрант­тардың нидерланд тілін білу міндеттілігі туралы норма қосты. Испанияның Конституция­сына сәйкес, бұл елдің әрбір азаматы испан тілін білуге міндетті. Бельгия елінде азаматтық алудың бірден-бір шарты сол елдің тілін ғана емес, салт-дәстүрінде жеткілікті білу болып табылады» дей келіп, бұдан кейін мемлекеттік қызметке мемлекеттік тілді еркін меңгерген азаматтарды ғана алуды «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңмен міндеттеу керек, бұл мемлекеттік қызметті қазақ тілінде тұтынушылардың құқығын қорғайды деген ұсынысын білдірді. Жиналғандар тарапынан: «Ендігі жерде тілге жанашыр болып жүру аз, тілдің қорғаны болуымыз керек» деген пікір айтылып, Президенттің мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын жүзеге асыру үшін Тіл саясаты комитеті жанынан «Тіл қорғаны» онлайн тобын құру туралы шешімге келдік.
– Қоғамда қабылданған терминдерге қатысты әр түрлі пікір бар. Кейбір терминдер сынға ұшырап жатады. Әнұранның «гимн», сыныптың «класс», пайыз­дың «процент» болып қайта өзгергеніне де куә болдық.
– Ең алдымен, біздің терминолог ғалымдар «қабылданған терминдер» деген сөзді «мақұлданған терминдер» деп қолдану дұрыс деген пікірде. Өйткені өзге елдерде терминдер стандартталады, арнайы бекітіледі. Ал біздегі терминдер мақұлданғанымен, олар стандартталмаған. Мына терминді міндетті түрде осылай қолдану керек деген бекіту жоқ. Жарыспалы синонимдері де қолданыла береді. Жалпы, термин жасау мен оны бекітуге дейінгі аралықта жолға қоятын жұмыстар өте көп. Осы орайда жақында еліміздегі терминолог ғалымдар мен мамандарды жинап, онлайн конференция өткізіп, онда елімізде осы уақытқа дейін мақұлданған 27 мың терминге қайта мониторинг жүргіздік, сәтсіз терминдерден арылу міндетін қойдық. Жалпы, өзге мемлекеттерде термин жасаумен бүкіл бір институт, ғылыми орталық айналысады. Ал біздің елде бір-ақ басқарма бар. «Тіл комитетінде атағы дардай басқарма бар» деген аты болғанымен, онда бар болғаны екі-ақ адам жұмыс істейді. Терминология­лық комиссияның құрамы да кәсіби терминолог ғалымдар емес. Мемлекеттік органдардың, басқа да құрылымдардың жанындағы секцияларда да кәсіби емес мамандар басым. Осыдан келіп жұмыс сапасы ақсайды. Дұрысы, Тіл саясаты комитеті қасынан термин жасау мәселесін ғылым ретінде дамытатын ғылыми-практикалық орталық құрып, кәсіби мамандар тарту керек. Жоғарғы оқу орындарында терминолог мамандарды оқытып, даярлау да аса маңызды.
– Президент латын әліпбиін жетілдіру туралы тапсырма бергелі жылға жуықтады. Не істелді? Биыл әліпби қабылдана ма?
– Мемлекет басшысы латын графикасына негізделген әліпбиді жетілдіруге қатысты берген тапсырмасынан кейін бекітілген әліпбиді ғылыми тұрғыдан зерделеп, практикалық тұрғыдан апробациядан өткізу жұмыстарын орфографиялық жұмыс тобы ғалымдары жүргізді. Осы уақыт ішінде бұл топтың жалпы оннан астам отырысы өтіп, онда қоғам тарапынан ұсынылған ұсыныстар, пікірлер зерделенді, ұтымды ұсыныстар назарға алынды. Талқылауға тәуелсіз-сарапшылар тартылды.
Бірінші, тапсырма берілген соң Тіл комитеті бұған дейін атқарылған жұмыстарды түгелдей қайта пысықтап, қорытындылады. Екінші, жұмыс барысында қолданыста болған əліпбидегі кейбір дыбыстардың таңбалануы жазылым мен оқылымда қолайсыздықтар тудыратыны анықталды, техникалық жағынан кемшіліктер шықты. Үшінші, әліпбиге жаңа жобалар ұсыныла бастады. Латын графикасына негізделген 40-тан астам жоба қарастырылды. Төртінші, ғалымдардан құралған жұмыс тобы әліпбидегі әрбір әріптің жазылуын, оқылуын, әдістемелік тұрғыдан қабылдануын, техникалық мүмкіндігін халықаралық тәжірибе мен қазақ тілінің заңдылығы негізінде қайта зерделеді. Бесінші, IT мамандардың пікірлері тыңдалды, əріптердің Unicode стандартына сай болуына, компьютерде танылуына, оқылуына жəне конверторлануына назар аударылды. Техникалық сүйемелдеу бойынша жұмыс тобы мүшелерінің пікірінше, диакритикалық таңбаның қай түрі алынса да, Unicode стандартына сәйкес келеді және ешқандай кедергі туындамайды. Алтыншы, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде әліпбиге сынама өткізу және талқылау ұйымдастырылды. Жетінші, әліпбиді Банк жүйесін­де қолданылуда да еш қолайсыздық туындамайтынына арнайы сынама арқылы көз жеткізілді. Сегізінші, латын әліпбиін жетілдіру мәселесі бойынша түркі тілді елдер арасында ғылыми конференция өткізіп, әліпбиімізді халық­ара­лық деңгейде талқыладық. Түркі тілдес мемлекеттер арасында тіл саласы ғалымдары арасында бірлестік құру мәселесі көтерілді.
Латын негізді қазақ әліпбиін жетілдіру жұмыстары қортындылау кезеңіне жақындады деп айтуға болады. Алайда жекелеген таңбаларға, диакритиканы қолданылуына, дыбыстарды таңбалауға қатысты өз көзқарастары бар ғалымдарымыз да бар. Олардың да пікірі ескерілуге тиіс.
– Қазақ тілі техникалық, ғылыми, заңнамалық салаларға келгенде бауырын жаза алмай тығырыққа тіреліп жатады. Сөздік қор мәселесі туралы ойыңыз қалай?
– Әуелі, сұрақтың өзіне қатысты айтарым, ғылыми сала дегенге бәрі де кіреді: техника, әлеуметтік, т.б. саланың әрқайсысы ғылым саласы. Техника саласындағы құжаттар, заңнамалық құжаттардың түпнұсқасы орыс тілінде дайындалып, қазақ тілі аударма тілі қызметін ғана атқарып келгені жасырын емес. Ал аударманың сапасы да әр уақытта өз деңгейінде бола бермейді. Сондықтан да өзіңіз сұрағандай, қазақ тілі бауырын жаза алмай, тығырыққа тіреле беретін тұстар аз емес. Біздің алдағы міндетіміз – мемлекеттік тіл туралы заң қабылдануы тиіс.
Сөздік қор мәселесі туралы айтар болсам, мамандардың айтуынша, қазақ тілінде 600 мыңнан аса сөз бар екен, яғни бай тілдердің қатарында. Дегенмен қазіргі жаһандану заманында ақпарат кеңістігінің ашықтығына байланысты шеттілдік сөздер лек-легімен келіп жатыр. Тіліміздің баюына оның да айтарлықтай үлесі бар. Бірақ бұл ағынды барынша тежемесек, тілімізге қауіп төніп, жұтылып кетуі мүмкін. Сондықтан сөзжасам, оның ішінде терминжасам мәселесіне назар аудармасқа болмайды. Ал егер сауал және заң саласы бойынша, сөздік қор мәселесі туралы болса, салалық терминдер жасалып халық қолданысына ұсынылды. Тек сол сала мамандары тарапынан қолданыс табуы кемшін десек болады, бұл көңіл бөлуді қажет етеді. Осы мақсатта Тіл саясаты комитетінің ұйымдас­тыруымен семинар, ойталқы сағаты т.б. ұйымдастырылып жатыр. Мысалы, әдебиет және лингвистика саласы бойынша терминдердің ұлттық болмысына қатысты ойталқы қорытындысы шығарылып, ұтымды терминдер сөздік қордан орын алмақшы, яғни сөздік қорды толықтыру бойынша нақты қадам жасала бастады.
– Күні-түні жұмыста жүретін ата-ана баланың қасында көп бола алмайтындықтан, қазіргі балаларды телефон, ютуб тәрбиелеп жатыр. Соңғы бес-алты жылда туған балалардың тілі орысша шығуда. Сондықтан ютубты қазақшалау керек деген ұсыныстар бар. Оның тетіктері қандай болмақ?
– Ютубты қазақшалау деген сөз, сол контентті қазақ тіліндегі сапалы материалдармен толықтыру деген сөз. Комитет Мемлекеттік бағдарлама аясында жарыққа шыққан барлық жобаларды (мультфильмдер және т.б.) міндетті түрде сайттарға салып отырады. Осы жерде айта кететін мәселе, аталған бағдарлама аясында барлығы 20-дан аса портал құрылды және қазіргі таңда олар жұмыс жасап тұр («Tilmedia.kz», «Balatili.kz», «Тіл-құрал», «Tilalemi.kz» және т.б.). Бұл салада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан да жаңа жобалар қолға алынып, қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта ютубтағы қазақ тілді контенттің көлемі одан ары артатынына мен сенімдімін.
Ең бастысы – қоғамның қазақ тіліне деген құрметін арттыру керек. Бүгінгі күннің дерті сол – қазақ пен қазақ орысша сөйлесетін болды. Бұрын арасында бір өзге ұлт өкілі отырса, орысша сөйлесетін. Қазір жүз пайыз қазақтар отырса да, жиындарда, отбасылық отырыстардың өзінде орысша сөйлесу дағдыға айналып, қанға сіңіп барады. Бұл біреулер ойлағандай ұсақ түйек емес. Ұлттық қауіпсіздік, ұлт тұтастығы мемлекеттік тілді құрметтеуден, оны ел өмірінде толыққанды қолданудан басталады.
– Тіл қорғаны ретіндегі жанкешті қызметіңізге сәттілік тілейміз!

 

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button