Басты ақпаратҰлт ұпайы

Бұйығы ұрпақтың болашағы бұлыңғыр

Елімізде балалар туралы қалам тербеп жүрген жазушылардың қатары тым көп емес. Балаларымыз көк жәшікке телміріп, шетелге аңсары ауған шақта оларды баурайтын тартымды шығарма жазу да екінің бірінің қолынан келе бермейді. Міне, осы бір бос кеңістікті толтырып, өз қарым-қабілетін ұлтының әдебиеті мен мәдениетінің дамуына, ұрпақтарымыздың сана-сезімін байытып, рухани жақтан мәйек алуына елеулі үлес қосып жүрген қаламгердің бірі – Баянғали Әлімжанов. Жақында оның балаларға арналған «400 тәтті тақпақ» кітабының ­тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан еді. «Сәлемнің де сәті бар» дегендей, сол тұсаукесерде қаламгерді сөзге тартып, әдебиет, өнер жайлы әңгімелескен едік.

– Баянғали Тоқанұлы, «жігітке тоқсан өнер аз» дегендей, сізді жұрт ақын, драматург, жазушы, айтыс ақыны, жыршы-жырау, манасшы, кинорежиссер, сценариші, актер, әдебиет пен өнер зерттеушісі, мәдениет қайраткері, сыншы, сатирик, кинодокументалист және тележүргізуші ретінде таниды. Осы «атақтарыңыздың» ішінде қайсы қырыңызбен өз қатарыңыздан биік тұрмын деп ойлайсыз?

– Бұл сұрақ маған жиі қойылады. Баянғали бұрын айтыс ақыны еді, енді жазушы, жазушыдан жыршы, жыршыдан манасшы, одан балалар әдебиетіне ауысып кетті дейді. Бірақ бұл бір-біріне ауысып кететін мансап емес, бұл – менің рухани байлығым, қазынам, менің көркемдік әлемім. Шығармашылықтың әр саласына жаныммен беріліп, ақыл, ой-санаммен еңбек етіп келе жатырмын.

Адам өзін бір нәрседен артық санаса, ол астамшылық, күпіршілік болады. Сондықтан сұрағыңызға бір-ақ ауыз өлеңмен жауап берейін.

Аталар аспандағы әруағымыз,

Ағалар асқар таулар

ардағымыз,

Оттан ұшқын, асылдан

сынық деген

Біздің де ізгілік жол арманымыз. Демек, біреуді біреумен салыстырудың  да, таластырудың да қажеті жоқ, әрбір адамның өзінің жеке дара жолы бар. Мен өз жолыммен жүріп келе жатқан адаммын, ешқашан өзімнің шығармашылық өмір жолымды, еңбегімді басқа ештеңеге айырбастамаймын. Өмірі басшылық қызметке ұмытылған адам емеспін, байлық, мансап қуып кеткен жоқпын, маған оның қажеті де жоқ. Себебі сая­саттың өз адамы бар, маған қазір сенатор бол десе, одан бас тартар едім, маған өз салам ұнайды, халқыма беретінім – осы шығармашылығым.

Ал атам қазақ балаларын тыйыммен міндеттеп, тәрбиелеген. Жаман жерді баспа, ұяны бұзба, құйынды қума деген сияқты тыйым арқылы да көп нәрсені санасына сіңірген. Сол сияқ­ты «мына кітапты дауыс­тап оқы, жатта» деп бағыттауымыз, білуге деген құштарлығын оятуымыз керек

Балалар әдебиетіне еріккеннен келгенім жоқ

– Сіз көркем әдебиеттің әр жанрында құлаш сермеген қаламгерсіз. Өз басым, сол шығармашылық еңбектеріңіздің арасында балалар әдебиеті жайлы жазғандарыңыздың орны бөлек деп ойлаймын. Б.Әлімжановтың балаларға арналған өлең-жырлары «Шыршадағы шытырман» деген атпен жеке кітап болып шыққанын білеміз. Жақында «400 тәтті тақпақ» кітабыңыз жарық көрді. Оқырмандар бұл кітапты өте жақсы бағалап жатыр. Айтыңызшы, біздегі балалар әдебиетінің жағдайы қалай?

– Маған осы әр саладағы шығармашылық өнердің барлығы да жақын. Өйткені олар – менің жанымнан туған, ақыл, ой-санам еңбегімнің жемісі, барлығы маған ыстық. Оларды бөліп жара алмаймын. Балалар әдебиетіне келсек, ол салаға кейінірек келдім. Ертеректе «Балдырған» журналында жұмыс істегем, Мұзафар Әлімбай ағамыздың редактор болып тұрған кезінде. Жақсылық Үшкемпіров пен Әмен Қайдаровпен кездесіп, солардың балалық шағы жөнінде жаздым. «Төгілген қаймақ» деген әңгіме жазғам, сол әңгімемді «Балдыр­ғаннан» алған болуы керек, сонау 90-жылдардан бері орыс мектептеріндегі қазақ әдебиеті деген сабақта оқытылып келеді. Тағы бір шығармам – «Мейірімді Асқар» деген ертегі. Бұның бірінші бөлімін орыс тілінде жаздым. Ол кейін сол «Мейірімді Асқар» деген атпен Мәскеуде «Детский роман» газетінде басылды. Соңынан ағылшын, өзбек тілдеріне аударылды.

Мен балалар әдебиетіне еріккеннен келгенім жоқ. Немерем балабақша тәрбиешілері берген өлеңді түсінбей әжесіне әкеліпті, әжесі «мынаны мен түсінбедім, сен ақынсың ғой, сен түсінесің бе?» деп маған көрсетті. Оны мен де түсінбедім, былай қарағанда өлеңнің бағыты дұрыс, бірақ бала ұғымына ауыр. Содан өзім өлең жазып бере бастадым, немерелерім қолма-қол жаттап алғаннан кейін, мұның қажет екенін сезіндім. Осылайша балаларға біраз еңбектер жаздым. Оның ішінде таяуда ғана шыққан «400 тәтті тақпақ» балалар өлеңінің қорытындысы секілді. Бұл – балаларға рухани азық болсын деген игі тілекпен әр тақырыпта жазылған дүние. Әр қазақтың үйінде тұрса екен, балалар оқыса екен ниетпен жазылды. Бұл – бастауыш 5-сыныпқа дейін жеткіншектер оқитын шығармалар. Өткенде халықаралық кітап көрмесі болғанда бұл кітап ең көп сатылды. Сол жерде жүріп қолтаңбамды бердім, сонда қарапайым оқырмандарымыз келіп, қызығып сатып алып жатты, тіпті бір ақсақал туғанына 5 күн болған немересіне сатып алды. Әуелі кейбір адамдарға жетпей қалып, қайдан алсақ болады деп іздеп жүргендері де болды.

– Қазір жұрт арасында «қазақ тілінде жазылған дені дұрыс балалар шығармасы жоқ» деген пікір де айтылады. Сіз мұнымен келісесіз бе? Шығарма жоқ па, әлде бар шығарманы көріп, білмей танымай жүрміз бе?

– Бізде балалар әдебиеті бар және ол өте бай әдебиет. Біз  балалар әдебиетіне біреулердің көңілі толмайды екен деп оны жоққа шығара алмаймыз. Ы.Алтынсарин атамыздан бастап қаншама қазақтың қаламгерлері балалар әдебиетіне қалам тартқан. Тіпті, өзінің шығармашылық өмірін балаларға арнаған ағаларымыз болған. Бірақ сол шығармалардың көбі оқырмандардың қолына жете бермейді. Өйткені ол кітаптар көп болса, 1000 тиражбен шығады, ол елдің бәрінің қолына түсе бермейді. Оның үстіне кітап тарату ісі кішкене кемшін қалған сияқты, аудан, ауылдардағы оқырмандарға мүлде жетпейді. Қазір қайта интернеттен көріп, содан оқып, біліп жатқан жағдайы бар.

Адамға жыр  қонады, соны айтқысы келіп, айтпасам тұра алмаймын деген жағдайда жырлап айтқан. Міне, жыршылықтың қасиеті де – осында. Қазір балалардың жыр түгілі, бір шумақ өлеңді жаттап айту қабілеті төмендеп кетті, өйткені бәрі технологияға сеніп, мидың жұмысын әлсіретіп алған

Біз қазақтың балаларына бала күнінен кітап оқуға баулуға және соларға түсінікті, қызықты деген кітаптарды жеткізуге міндеттіміз. Бұған, әрине, мемлекеттік органдар да атсалысуы керек. Білім министрлігінен бастап барлық азаматтар атсалысса, өте жақсы болар еді. Мысалы, «400 тәтті тақпақтың» бір қайраткер азамат біразын сатып алып, Түркиядағы қазақ бауырларымызға таратып жатыр екен. Бұл – қуантарлық жағдай.

Ресейде, Қытайда, Өзбекстанда т.б. елдерде қаншама қазақ бауырларымыз тұрып жатыр, солардың балаларының тәрбиесіне қажетті оқулық ретінде біздің кітабымыз жетуі керек. Ал біз алысты түгілі, өзіміздің Қазақстандағы балаларға кітап жеткізе алмай отырмыз. Бұл – ойланатын мәселе.

Кезінде мектеп, балабақша кітап алып тарататын еді, қазір оған мән бермей кетті ме, әлде тыйым салды ма білмедім, сол үрдіс үзіліп қалды. Қазір балабақшаның көбі жекеменшік болып кетті ғой, олар не оқытып, қандай бағыт беріп жатқанын біреу біле ме? Бақылап жатқан адам бар ма? Жарайды, балабақша жекеменшік болсын, бірақ ондағы рухани тәрбие мемлекеттік болуы керек. Бала тәрбиесіне ата-анасынан бастап балабақшадағы тәрбие­шісі, бастауыш мұғалімдері барлығы тізе қосып, атсалысуы керек. Бала  – бәріміздің баламыз, олар біздің болашағымыз. Бүгінгі балаң қандай, ертеңгі халқың сондай. Сондықтан да бұған аса көңіл аударып, еңбек етіп жатқаным осы.

Баланы бастан…

– Қайтсек, балаларда кітап оқу мәдениетін қалыптастырамыз?

– Балаларға кітап оқитын әдетті кішкентай күнінен қалыптастыру керек. Рас, қазір, заман басқа, смартфонсыз, ғаламторсыз болмайды, пайдалансын. Бірақ кітап оқытып, бала күнінен үйрену керек, оған бәріміз атсалысуымыз қажет, кітап оқуға қызықтырып, былайша айтқанда, міндеттеу керек. Баланың құқығы, оның еркін сақтау керек деген бізге жат дүние, оның ар жағында зұлым саясаттың жатпасына кім кепіл? Балаларды бұзудың, азғырудың, бетімен жіберудің саясаты жатуы мүмкін. Ал атам қазақ балаларын тыйыммен міндеттеп, тәрбиелеген. Жаман жерді баспа, ұяны бұзба, құйынды қума деген сияқты тыйым арқылы да көп нәрсені санасына сіңірген. Сол сияқты «мына кітапты дауыстап оқы, жатта» деп бағыттауымыз, білуге деген құштарлығын оятуымыз керек.

– Қаламгердің қарымы шығарған кітабының санымен өлшене ме, әлде жазған тақырыбының өзектілігі, халыққа қажеттілігімен бағалана ма?

– Әрине, әдебиеттің сапасы, кітаптың қасиеті оның санымен өлшенбейді. Кейде бір ғана өлең, бір ғана поэма, бір ғана роман үлкен дәрежеге көтеріліп, бүкіл халықтық, адамзаттық қазынаға айналған кездері де аз емес. Әр нәрсені жазу ішкі қажеттілігінен туады, халыққа ішіңдегіні айтқың келеді. Оның сапалы болғаны, деңгейі жоғары болғаны жақсы. «Сен неге көп жаздың, сен неге аз жаздың» деуге де болмас, қай шығарманың бағы жанып, халықтық қазынаға айналатынын білмейсің. Біздікі – жақсы үмітпен, жақсы тілекпен жақсы шығармалар жазу.  Қай шығарма болмасын оның рухы сау болуы керек, адамның бойындағы ізгі сезімдерін оята білуі қажет. Жаманнан бездіріп, жақсылыққа шақыру. Ізгілік үшін күресу – бұл өнердің жолы.

– Сіз 50-ден астам кітап жаздыңыз. Бәрі де үлкен еңбек, десе де осы шығармалардың ішінде өзіңіз «Кенжекейім бір төбе» дейтіндей айрықша артық бағалайтын еңбегіңізді айтыңызшы?

– Осы күнге дейін 70-ке жуық кітап жаздым, 25 томдық шығармалар жинағым шықты. Әр салада: поэзия, драматургия, балалар әдебиеті, айтыс жайында, сондай-ақ танымдық, әдеби дүниелерді де, зерттеу еңбектерін де жаздым. Өзімді қызықтырған, айтқым келген дүниелерді қазақша болсын, орысша болсын, жазып жүрген жайым бар. Себебі біз басқа ұлт өкілдеріне қазағымыз туралы айтқымыз келсе, осындай өрісі кең айдынға шығуымыз керек.

Ал енді осының ішінде қайсысы жақын десең, бұлардың бәрі жаныма жақын, ішінде көбірек танылғаны бар, салмағы ауыр үлкен дүниелер де бар. Кейбіреуі тек өз ұлтымызға ғана немесе ауыл, аймаққа ғана арналған дүниелер болуы мүмкін. Бірақ оның бәрінің ішінде менің жанымның бөлшегі бар. Мен ешнәрсені сол қолыммен,  қалай болса солай салқын отырып жаза салған адам  емеспін. Әйтеуір бір ауыз сөзім болсын оның ішінде жүрегімнің оты, жанымның жылуы, ойымның қуаты бар.

Ал енді прозада «100 жылдық толғау» атты романым қазақтың 100 жылдық қасіретті тарихын, 100 жасаған қарияның тағдырымен байланыстырып, 150 беттік кітапта айтып беруге тырыстым. Оны орыс оқырмандарым оқып «У вас какой лёгкий, изящный стиль» деді. Бірінші орыс тілінде жазғам, одан қазақ тіліне аударылды. Ағылшын, араб тілдеріне аударылды.

Мәшһүр Жүсіп, Шоқан Уәлиханов, Шәкәрім Құдайберді аталарымыздың  жазып кеткен аңыздары бойынша  «Абылай хан мен батыры» деген шығарма жаздым, ол орысша 5 мың дана тиражбен шықты, ағылшыншаға да аударылды, жақында түрік тілінде 3 жарым мың тиражбен Ыстанбұлда жарық көрді. Оны шығарған – Явуз Селим Пинарбашы. Ол – өзі жазушы, ғалым адам, көп томды кітаптар жазған кісі. Сол осы кітапты оқып отырып 100-ден астам сөз жазып алған және бұл кітапты күллі түрік оқу керек деген баға берді. Бұл кітаптың қазақшасы жарыққа шықпаған еді, енді «Фолиант» баспасы қолға алып жатыр.

Жыршылық қанмен даритын қасиет

– Баянғали Әлімжанов туралы сөз болса, оның жыршылық, манасшылық қырына соқпай кету мүмкін емес. Сіз қазақтан шыққан бірден-бір манасшысыз. Қазақтың «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын», «Ер Тәуке», «Арқалық батыр» сынды қаншама жыр-дастанды жатқа айтасыз. Елімізде сіз сияқты жырды таңнан таңға айтатын адам жоқтың қасы. Қытайда Қазым Әлменұлы деген қиссагер бар, қазақтың 104 қисса-дастанын жатқа айтады. Қытай елі сол ақсақалды «Қазақ жыршыларының мұрагері» деп танып, мемлекеттен арнаулы қаржы бөліп, шәкірт тәрбиелетіп, жыршылық өнерге мән беріп отыр. Біздің елде жыршылық өнерге мемлекеттік қолдау бар ма?

– Жалпы қазақтың жыршылық өлеңіне мемлекеттік қамқорлық бар. Мысалға, Қызылордада Қорқыт ата университетінде факультет бар жыршы-жырауларды оқытатын. Демек, жалпы қазақ жырына, қазақтың жыршылық өнеріне мән берілген. Өйткені шет елдерде, дамыған елдерде, өркениетті елдерде өздерінің сол жыршылық өнерін жоғалтып алып, оны қайтадан қалпына келтіре алмай жатқан жайы бар. Бізде сақталып қалды, дегенмен әр заманның өзінің рухани қажеттілігі  бар. Ескі замандағы жыршылар халықтың, заманының талабынан пайда болған, халықтың талантты ұл-қыздары әдеби туындыларды жаттап алып, қағазға түспей тұрған кезде ауыздан ауызға, ұрпақтан ұрпаққа жеткізген, былайша айтқанда, көшпелі кітапхана сияқты рөл атқарған. Ал заманы келіп қағазға түсіп, кітап болып жазылғаннан кейін де ескінің көзі ретінде өшіп қалмай, жалғасын тауып келе жатыр. Бірақ оның миссиясы баяғы замандай мол емес. Осы заманда балаларға жыр жаттатып, оны жыршы қылам деп жасанды жыршы жасаудың керегі жоқ. Адамға жыр  қонады, соны айтқысы келіп, айтпасам тұра алмаймын деген жағдайда жырлап айтқан. Міне, жыршылықтың қасиеті де – осында. Қазір балалардың жыр түгілі, бір шумақ өлеңді жаттап айту қабілеті төмендеп кетті, өйткені бәрі технологияға сеніп, мидың жұмысын әлсіретіп алған.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button