Мәдениет

Бұл дүние – ақиреттің егісі

Дін қайраткері Садуақас Ғылманидың насихат өлеңдері туралы бірер сөз

 

Белгілі дін және қоғам қайраткері, ақын, аудармашы Садуақас қажы Ғылманидың артында қалған өшпес мұраларының бірі – өлең-жырлары. Соның ішінде насихат өлеңдерінің («Құрбан айт», «Үгіт», «Хадис аудармасы», «Мәуліт айы», «Мүнәжат», «Зейін ашу бәйіті» және т.б.) алатын орны ерекше. Мәселен, діндар ғұлама «Зейін ашу бәйіті» атты өлеңінде дін оқуы мен  дүние оқуын бірдей ұстау мәселесін көтереді. Қазіргі кезде екі түрлі оқуды бірдей ұстау қиынға соғып тұр. Тіпті, қараша жұрт біржақты оқумен шектеліп жатқан жоқ па деген сауал да туындайды. Міне, бұл тақырыпқа қатысты ойын Садуақас Ғылмани атамыз өз өлеңдерінде ашық айтқан.  

Ертедегі халық түсінігі бойынша, дінді жетік білген адам – сол кездегі оқыған адамдардың алдыңғы қатарында тұрған. Біз болсақ, дінді тек о дүниеге қатысты нәрсе деп түсінеміз. Ал, дін дегеніміз – адамның екі дүниедегі өмірін жақсарту. Яғни, екі дүниелік мәселені қозғау. Бұл тұрғыдан ислам діні жалған дүниеге де, ақиретке де пайдалы тәрбие береді. Міне, С. Ғылмани хазірет өз өлеңдерінде осыны уағыздайды. Оның түсінігінше, діндар адам дүниелік ғылымдардан да хабардар болуы керек. Қазіргі кезде дін жолына түскен жандардан осы нәрсе талап етіледі. Бұл сөзімізге дәлел ретінде дінге еш қатысы жоқ әйгілі физик И. Ньютонды мысалға алайық. Жердің тартылыс күші туралы (алманың Ньютонның басына құлауы) заң – Жаратқанның бар екеніне дәлел. Яғни, шариғат пен дін дегеннің өзі – білім, ғылым деген мағынаны білдіреді. Ислам дінінің басқа діндерден бір айырмашылығы – дінге ғылым деп қарауында. Ұлық пайғамбарымыздың: ≪өзіне пайдалы ілім алу, оны талап ету – әрбір мұсылман еркекке, мұсылман әйелге парыз≫ дегені – осының дәлелі.

Діни қайраткердің насихат өлеңдерінде көтерілген тағы бір мәселе – білімнің қай саласын игерген абзал. Әрине, жалпы білімнен хабардар болу, бір ғылымның маманы болу – әркімге парыз. Әр адам өз қабілетіне қарай игерген ғылымының жемісін жейді. ≪Қандай ғылымды таңдау керек?≫ деген сұраққа ғалымдар: ≪Иль муль хал≫ деп жауап береді Хал дегеніміз – жағдай.

Кез-келген жағдайға байланысты туындайтын ғылымнан әр мұсылманның хабары болуы тиіс. Ал, адамның өміріне қажетті ғылымды игеру – парыз болып саналады. Кез-келген ғылымды я болмаса жай бір нәрсені білімсіз игеру – исламға қарсы. Мұндай пікірді ұстанған ұлы хәкім Абай: ≪Адам өзі білмеген нәрсесіне дұшпан болады≫ деп жазған. Яғни, ең бастысы – пайдалы ілім. Бұл тұрғыда, Алланың елшісі, ұлық пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу ғаләйһи уә сәллам былай деген: ≪Кімде-кім дүниені ойласа – саудагерлік жасасын, кімде-кім ақиретті ойласа – тақуалық жасасын, ал кімде-кім осы екеуін де ойласа – ілім алсын≫.

Сонымен қатар, ағартушы діндар өз еңбектерінде екі дүниені бір-бірімен байланыстырып суреттеген. Мысалы, бұл дүние, яғни, өткінші дүниенің өзі – ақиретке дайындық болып саналады. Пайғамбарымыз саллалаһу ғаләйһи уә сәлламның бұған байланысты мынадай хадисі бар: ≪Әддүния мәзрәгәтул – ахирет≫. Яғни, қазақша мағынасы ≪Бұл дүние – ақиреттің егін зары≫ немесе ≪Дүние – ақиреттің егістік алқабы≫ дегенді білдіреді. ≪Егін зары≫ деген сөзді бұл дүниеде бір нәрсені ексек қана о дүниеге сандығымыз толып барып, сол еңбегіміздің жемісін көреміз деп түсінуіміз керек. Сөздің тоқетерін айтқанда, дүниесін де, ақиретін де ойлаған адам шын бақытқа кенеледі деп ой түйіндейді.

Ақмарал Рақымжанова, оқушы, Астана қаласы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button