Елорда тынысы

Бұл күннің бәсі басым

Патшалық Ресейдегі Ақпан, Қазан төңкерістерінен кейін билікке келген большевиктер құрған Кеңес Одағы – өткен ғасырдағы ең қуатты державалардың бірі болғанына тарих куә. Езілген еңбеккерлердің мұң-мүддесін басты орынға қойып: «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер!» деп ұран көтерген большевик көсемдер жыл өткен сайын коммунистік мемлекеттердің қатарын көбейте түскені белгілі.

Мен өзім әлем картасында Кеңес Одағынан кейін екінші пайда болған коммунистік мемлекет Моңғолияда туып-өскен қазақпын. Бір социа­листік лагерьдегі дос-жар елдер дегенімізбен, жыл сайын оқуға аттанатын он шақты студент пен білім жетілдіруші мамандар барып-келетіні болмаса, былайғы жұрттың атажұртпен араластығы тым аз еді. Бірақ ең маңыздысы, Қазақстанда шығатын газет-журналдар, қазақ мектебіне арналған оқулықтар Моңғолияға үздіксіз келіп тұруы – ондағы қазақтардың тілдік, ділдік тұрғыда таза сақталуына оң әсер еткен басты фактор еді. Сексенінші жылдар соңында ақын-жазушылар, өнер майталмандары да жиі ат басын бұра бастады. Сондықтан да Моңғолиядағы қазақтар Кеңес Одағында, соның ішінде Қазақстанда болып жатқан оқиғалар мен өзгерістерден хабардар болып, елеңдеп отырды деуге толық негіз бар.

Сексенінші жылдар соңы – мыз­ғымастай көрінген қуатты Кеңес империясының шаңырағы ортасына түспесе де, уық-керегелері сықырлай бастаған кез еді. Одақтас он бес рес­публика бірінен соң бірі өздерінің Тәуел­сіздік туралы декларациясын жариялап жатты. Мұның бәрі теледидардан айтылып, газеттерде жазылып жатты. Хабардармыз. «Қазақ елі қашан Тәуелсіздік декларациясын жариялар екен?» деген үміт шеттегі қазақтың да көкірегіндегі аңсаулы сұрақ екені сөзсіз еді. Ақыры 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларация қабылданғаны туралы ақпарат шартарапқа тарап жатты. Қуандық. Сөйтіп жүргенде, Кеңес Одағы ыдырауға бет алған тұста, 1991 жылдың наурыз айында атажұртқа көштің алды басталып та кетті. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алды.

Егемендік туралы декларация қабылдаған сол бір толқынысты сәттен бері де отыз төрт жыл өткен екен. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында шеттен құйылған көштің қатарында орындалмастай арман болған атажұрттың шекара сызығынан өтіп, ендігі тағдырымыз­ды Отанымызбен байланыстыр­дық. Оқып, білім алдық. Тәуелсіз мемлекетіміздің нығайып, өсіп- өркендеуіне өз үлесімізді қосып, еңбек етіп келеміз.

Қазақстан – өз егемендігін жария­лаған 1991 жылдан бері тәуелсіз Қазақстан сан түрлі сындарлы асулардан өтіп, барлық жағынан үлкен-үлкен жетістіктерге жетті. Осы жылдар жүзінде Қазақстан халықаралық белді-беделді ұйымдарға мүше болып, жаһандық өркениеттің ажырамас бөлігі әрі өзіндік бет-бейнесі бар тәуелсіз мемлекет ретінде дамып келе жатыр. Қазақстанның тәуелсіз ел ретіндегі барша жетістіктерінің бастауында 1990 жылдың 25 қазанындағы Егемендік туралы декларация тұрғаны анық. Отыз төрт жылдық уақыт ішінде қолға келген жетістіктеріміз де, қапы қалған әттегенайларымыз да бар шығар. Ең бастысы, ата-бабамыздың сан ғасыр­лық аңсар-арманы Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Қазақстан мемлекетін құраушы қазақ ұлтының пайыздық үлесі 40-тан 70-ке көтерілді. «Сан сапаға жетелейді» деген қағидатқа сүйенсек, алдағы кезеңде оның да жемісі көрініп қалар. Алыс та жақын шетелде туып-өсіп, тәуелсіздік таңы атысымен Отаныма оралып, барша халқыммен бірге азаттықты қорғауға қалам қарымыммен атсалысып жүргенімді өмірлік бақытым санаймын. Қазақтың зеңгір көк аспанында жүзген алтын күннің астында қалықтаған қыранның көзіне шексіз-шетсіз дала төсінде еңбегінің нәсібін терген бейбіт халықтың қызу қайнаған мақсатты тірлігі ғана көрінері анық. Әрқашан солай бола берсін дейміз!

Асылбек БАЙТАНҰЛЫ,

ҚР Журналистер одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін»
төсбелгісінің иегері

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button