Қоғам

Бұл қай басынғаны?

Астанаға күн сайын қонақ ағылып келіп жатады. Жұрттың көбі алдын ала қонақүй іздейді. Оның еш қиындығы жоқ. Қалта телефоныңнан «Астана қонақүйлері» деп жазып, тетікті басып қалсаң, алуан түрлі қонақүйлердің суреттері, класы, мекенжайы, бағасы, т.б. жыпырлап шығады. Іздеген адамның бағасына бірден назар аударатыны анық.

Жуырда бір келеңсіздікті көзіммен көрдім. Астанадағы қонақүйлердің (90 пайызға жуығының атаулары ағылшын тілінде) көпшілігі қызмет бағасын теңгемен емес, рубльмен көрсетеді. Егер сенбесеңіз, booking.com, hotels.com деген сайттарға кіріп көріңіз. Өйткені қонақүй іздесеңіз, ғаламтордан бірден осы сайттар ашылады. Бұл қай басынғаны? Сонда әлгі қонақүйлер қай мемлекеттің аумағында орналасқан? Оның қожайындары қай мемлекеттің ауасын жұтып, суын ішіп отыр? Ол ол ма, шетелдік сайттар (жоғарғы жағындағы тіл таңдау тетігін бассаңыз) қолданатын 43 тілдің ішінде қазақ тілі жоқ. Жай ғана мысал. Сіз Ресейге барғанда қандай бір сайттан қонақүй іздегеніңізде бағасын теңгемен жазғанын көрдіңіз бе? Жоқ.
Мемлекеттік тілді сыйламау – сол елді, ұлтты сыйламау деген сөз. Астананың төріндегі қаптаған қонақүйлерден сол пиғыл менмұндалап тұр. Қазақша айтқанда, «әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ». Мұны кім қадағалайды? Мәселенің мәнісіне үңілмек болып, нөмірлердің құнын рубльмен көрсеткен «Шаңырақ» қонақүйіне телефон шалдым. Тұтқаны көтерген әкімші Ақбөкен атты қыз бұған ешқандай таңданыс білдірмеді. «Booking.com деген – ресейлік компания. Ол ғаламтордағы жарнамада қонақүйдің бағасын қай тілде жазатынын өзі біледі. Меніңше, мұнда тұрған ештеңе жоқ» деді ол таңдайын тақылдатып.
«Біз орыс тілінен қорғануымыз керек!» деп мәлімдеп еді кезінде саясаттанушы Берік Әбдіғалиұлы. Тәуелсіз ел болып, елдіктің тұғырын нығайтқанымызға 25 жылдан асса да, көрші елдің ақпараттық, тілдік экспансиясы толастамай тұр. Меніңше, ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде мемлекеттік тілімізді қорғауға бірінші кезекте маңыз беруіміз керек.

Төлен ТІЛЕУБАЙ

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button