Ел тынысы

Бұл сайлау жаңа дәуірге жол ашады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік дипломатиялық ­миссиялардың басшыларымен кездесті.

Президент Қазақстанда тіркелген дипломатиялық миссиялар және халықаралық ұйымдардың басшыларына елімізде түрлі салада ауқымды реформалар жүргізіліп жатқанын айтты. Сондай-ақ адам құқықтарын қорғау мәселелеріне, соның ішінде өлім жазасын жоюға, конституциялық түзетулерді қабылдауға, Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің рөлі мен мәртебесін арттыруға ерекше назар аударды.

«Өз саясатымызда «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» деген постулатты берік ұстанамыз. Сондықтан азаматтық қоғамның рөлін арттыруға, түрлі қоғамдық күштерді біріктіруге, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатын іске асыруға маңызды іс-шаралар қабылданып жатыр» деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қасым-­Жомарт Тоқаев Қазақстанның демократияландыру және кешенді қоғамдық-саяси өзгерістер бағыты өзгермейтінін атап өтті.

«Жаңа модель биліктің тұрақты ротациясын және Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін одан әрі демократиялық тұрғыда дамуын қамтамасыз етеді. Бірнеше аптадан кейін өтетін кезектен тыс Президент сайлауында осы өзгеріс­тер ескеріледі. Бұл сайлау Қазақстанда жаңа саяси дәстүрді қалыптастырады, жаңа саяси дәуірге жол ашады. Біздің басты мақсатымыз – әрбір азамат өз әлеуетін іске асыруы үшін тең жағдай мен мүмкіндік жасалатын Әділетті Қазақстанды құру. Әділеттілік идеясы бұдан былай халықтың әл-ауқатын арттыруға, азаматтардың қажеттіліктері мен сұраныстарына жедел назар аударуға бағытталған Қазақстанның барлық мемлекеттік саясатының өзегі болады» деді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның қабылдаған жаңа экономикалық бағыты шынайы еркін нарықтық экономика құруға бағытталғанын ерекше атап өтті.

«Экономиканы монополиядан арылту – біздің ұлттық басымдығымыз. Біз дұрыс жолдамыз. Жетекші халықаралық қаржы агенттіктері Қазақстанның экономикалық өсімді ынталандыру жөніндегі күш-жігерін оң бағалады және Қазақстанның егемен рейтингін «тұрақты» болжаммен растады. Біз ашық экономика қағидатына берік болып қала береміз. Әлемнің 180 елімен сауда жасаймыз. Бүкіл әлемдегі экономикалық қиындықтарға қарамастан, біздің шикізаттық емес өнім экспорты шамамен 40 пайызға өсті. Біз алдағы уақытта да инвестиция тарту бойынша Орталық Азиядағы көшбасшылық позициямызды нығайта береміз» деді Президент.

Мемлекет басшысы аймақтық күн тәртібіндегі мәселелерге де тоқталды. Сондай-ақ әлемдегі бұрын-соңды болмаған тұрақсыздық жағдайында Қазақстан теңгерімді, көпжақты және конструктивті сыртқы саясат ұстанатынын айтты.

«Қазақстан бейбітшілік, ынтымақтастық және сенім құндылықтарын берік ұстанады. Біз БҰҰ-ның жарғысы мен халықаралық құқыққа негізделген мемлекеттердің теңдігі, егемендігі және территориялық тұтастығы қағидаттарын қолдаймыз» деді Президент.

Сонымен қатар Қасым-­Жомарт Тоқаев БҰҰ-мен тығыз ынтымақтастықта Қазақстан ядролық қаруды таратпау туралы шарттың негізгі қағидаттарын сақтауды қолдайтынын атап өтті.

«Ядролық қаруды қолдану туралы қауіпті мәлімдемелердің артқаны байқалады. Атом энергиясы адамзаттың орасан зор жетістігі екенін есте ұстаған жөн. Оны жойқын қару ретінде емес, халықтарымыздың тек бейбіт өмірі үшін пайдалану керек» деді Президент.

Сондай-ақ дипломатия халықаралық қатынастарды басқарудың, қауіп-қатерлерді азайтудың және қауіпсіздік пен әл-ауқатты нығайтудың бірден-бір құралы болып қала беретінін айтты.

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button