Басты ақпарат

Бұл сынақтан аман-есен өтеміз!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда парламентке Қазақстан үкіметінің жаңа құрамы туралы ұсынысын енгізеді. Бұл туралы мемлекет басшысы ҰҚШҰ сессиясында мәлімдеді. Президент мемлекеттік органдар қазақстандағы жағдай тұрақталуы үшін бар күшін салып, жұмыс істеп жатқанын айтты.

[smartslider3 slider=1723]

Кеше елімізде қалыптасқан жағдайға байланысты Қазақстан Президентінің бастамасымен шақырылған Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясы бейнебайланыс режимінде өтті. Жиынға Қасым-Жомарт Тоқаевпен қатар Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров және ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зась қатысты. Онлайн басқосу бір минут үнсіздіктен басталды.

Алматы трагедиясы деген атпен қалады

Мемлекет басшысы сессия қатысушыларына елімізде қалыптасқан ахуал мен оны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәлімет берді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі террорлық актілерге шетелдік содырлардың да қатысқанын ашық айтты.

«Бандиттер полицейлерге, әскерилерге шабуыл жасап, оларды асқан қатыгездікпен ұрып-соққан. Екі әскери қызметкердің басын кесіп алған. Бұл шабуылға террористердің қатысы барын сеніммен айта аламын. Оның ішінде Қазақстанға қарсы шетел содырлары бар. Бүлікшілердің түнде мәйітханаға шабуыл жасап, қаза болған жақтастарының мәйітін алып кеткені жай емес. Содырлар да соғыс алаңынан жақтастары мәйітін алып кетеді. Бұл – әлемдік белгілі террористік топтардың қолданысындағы тәжірибе. Дәл осылай олар ізін жасырады. Біздің шекара аумағында бүлік жасап, билікті басып алу ойы болғаны айқын көрініп тұр» деді Президент ҰҚШҰ жиынында.

Мемлекет басшысы биліктің бейбіт шерушілерге ешқашан оқ атпағанын, кейбір дереккөздер ақпаратты бұрмалап бергенін мәлім етті.

«Қазақстандық күштік құры­лымдар аз уақыт ішінде шабуылдаушыларға қарсы шығып, тәртіпсіздікті өз бақылауына алды. Өкінішке қарай, бұған тәртіп сақшылары мен бейбіт тұрғындардан айырылған соң қол жеткіздік. Күштік құрылымдардың 16 қызметкері қайтыс болды, 1300 адам жараланды. Бейбіт тұрғындар арасында да қайтыс болғандар бар. Нақты саны анықталып жатыр. Кейбір ақпарат көздері Қазақстандағы билік бейбіт шерушілерге қарсы күрес жүргізіп жатқанын мәлімдеп отыр. Бұл – жалған ақпарат. Біз ешқашан бейбіт шерушілерге қарсы қарулы күштерді қолданған емеспіз, қолданбаймыз да» деді Қ.Тоқаев.

Террористер Ақорданы басып алмақ болған

Онлайн жиында Президент лаңкестердің елордадағы Президент резиденциясын басып алмақ болғанын, Алматы мен 9 облыс орталығы бандиттердің қолына өткенін жасырмай айтты.

«Жасырын шабуылдаушыларды анықтау мақсатында жоспар жасалып жатыр. Олар ерекше түрде жасырынады – азаматтық киім киеді, сақалдарын қырады. Қарқынды жұмыс істеу қажет. Бірінші кезекте бейбіт шерулер өтті. Кейін Алматыда саяси митингтер өтті. Содан соң қалаға үш бағыттан қарулы күштер басып кірді. Басында өздерін бейбіт демонстранттар секілді ұстап, тұрғындарды арандатты. Кейін тарихта Алматы трагедиясы деген атпен қалатын оқиға басталды. Алматы мен 9 облыс орталығы бандиттердің қолына өтті. Біз контртеррористік режим жарияладық. Қазақстан ҰҚШҰ-ға жәрдем көрсету өтінішін жасады. Біздің өтінішіміз дер уақытында қабылданды. Елордаға үш әскери-көлік ұшағының келгенін білген содырлар Президент резиденциясын басып алуға бағытталған жоспарларын дереу тоқтатты. Осының арқасында біз қосымша күшті Алматыға жіберуге және қаланы содырлардан қайтарып алуға мүмкіндік алдық» деді ол.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті агрессияның бір мезгілде 11 өңірді қамтып, Алматы мен өзге қалаларда нағыз шайқас болғанын мысалға келтірді.

«Алматыда полиция департаментінің ғимараты маңындағы ұрыс 2 түнге созылған. Полицейлер террористердің шабуылына тойтарыс берді. Бір ғана Алматыда 7 қару дүкені басып алынған. Бұл – жақсы дайындықтан өткен кәсібилердің, оның ішінде арнайы винтовкалары бар снайперлердің әрекеті. Террористердің жеке байланыс құралы болған, олар әскерилер мен құқық қорғаушылардың формасын киген. Олар арсыздықпен жаппай тәртіпсіздік қатысушыларының арасына жасырынып, тірі қалқан ретінде қолданды. Полицейлер мен әскери қызметшілерге саны бойынша бес есе көп бандиттер шабуыл жасады, оларды асқан қатыгездікпен азаптады, екі полиция қызметкерінің басы кесілді. Ауруханаларға да варварлық шабуылдар болды. Мемлекет ресурсын түгесу үшін шабуыл ұйымдастырушылар үлкен майдан ашты. Агрессия бір уақытта 11 өңірді қамтыды» деді Мемлекет басшысы.

Өз сөзінде Президент терроризмге қарсы операция аясында қылмыстарға қатысқан адамдардың анықталып жатқанын айтты. Бүгінде полицияға 8 мыңнан аса адам жеткізілген. Құқық қорғау және арнайы органдар олардың терроризмге, адам өлтіру, тонау және басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтап жатыр.

«Таяу уақытта, алдын ала тергеулер аяқталғаннан кейін әлемдік қоғамдастық сотына елімізге қарсы террорлық басқыншылықты дайындау және өткізуге қатысты қосымша дәлелдер ұсынатын боламыз» деді Президент.

Тұрақтылық пен қауіпсіздікті қорғайды

Мемлекет басшысы ҰҚШҰ бойынша әріптестеріне көрсеткен көмектері үшін ризашылығын білдірді. «Шын мәнінде, ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің бірінің қауіпсіздігін, тұрақтылығы мен тұтастығын қамтамасыз ету үшін ұйымның бітімгерлік күштерінің ауқымды түрде жұмылдырылу жағдайы бірінші рет болып отыр. Біз үшін ҰҚШҰ бойынша әріптестеріміздің әскери ғана емес, моральдық қолдау көрсетуі де аса маңызды. Ұйымға мүше мемлекеттердің бәрі біртұтас майдан болып, Қазақстанның үндеуін бірауыздан қолдады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұйымның бұдан пайдалы әрі жақсы тәжірибе алатынын, осал тұстар талданып, тиісті шешім шығарылатынын, реттеуші құжатқа түзетулер енгізілетінін атап өтті.

Саммитте сөз сөйлеген Ресей Президенті В.Путин ҰҚШҰ бітімгерлік әскерінің өз қызметін орындаған соң Қазақстан аумағынан шығарылатынын мәлімдеді.

«Бауырлас Қазақстан халқына көмек көрсету бойынша бірлескен қадамдар барынша жедел келісілді. Осы орайда ҰҚШҰ тетігі нақты іске қосылды. Қазақстанға ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгер күштерінің контингенті бағытталды. Олар мерзімі бойынша шектелген уақытқа жіберілді. Яғни ол қажетті мерзімді Қазақстан Президенті айқындайды» деді В.Путин.

Саммит барысында ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары Қазақстан Республикасындағы жағдай жөнінде пікір алмасып, еліміздің басшылығы жасап жатқан іс-әрекеттерді қолдайтынын айтты. Сондай-ақ тұрақтылық пен конституциялық тәртіпті қалпына келтірудің маңызды екеніне назар аударды.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button