Елорда тынысы

Бұл ұсақ-түйек емес

«Біз ашылдық» деген жарнамадан аяқ алып жүре алмайтын халге жеттік. «Бізі» кім, «ашылдық» дегені несі? Көпшілік орындарда күніне мыңдаған, айына миллиондаған адам оқитын мемлекеттік тілдегі көрнекі ақпарат, біздіңше, ұсақ-түйекке жатпаса керек.

«Бұрын ешкім керек қылмады, жарытпады, қатырмады. Қазақ тілін жаудан жалғыз қорғап жүрмін, қалғандары бұғып қалды» деп жалған бедел жинап, жар салатындар мұндайды неге елемейді екен? Әлде кәкір-шүкірді сөз етуге арлана ма? Әрине, сауатты жазуды талап ету, қадағалау – үлкен мінберден сұмдық, сойқан сөз айтып, арзан атаққа ұмтылу емес. Ол үшін тиісті жауапты орындарға сілтей салу – жеткіліксіз, әрбір көрнекі ақпаратқа назар аударып, жанашырлық танытып, тыңғылықты жұмыс атқару керек. Кемшілікті көзге ілмей, кеудесін қағатындар құр майдан іздегенше, мемлекеттік тілімізді шалалықтан құтқаруға атсалысып, оны барлық салаға сауатты ендіруге күш, білік жұмсаса, өнеге көрсетсе, нәтиже әлдеқашан алға қарыштап жылжыр еді-ау.

Жоғарыда айтылған мысалға оралсақ, өкінішке қарай, бүкіл елімізде «менмұндалаған» жарнама мәтіні – орысша нұсқасының ебедейсіз, ашық-шашық, мағынасыз көшірмесі (яки калька, француздан енген «calque» – «көшірме» дегенді білдіреді). Мұнда ана тіліміздегі іс-әрекеттің тірі, ықылас нышаны да жоқ. «Біз ашылдық» дегені дүдәмал ойға жетелейді. Ал оның орнына «Біз жұмыс бастадық», «Біз қызметке кірістік», «Бізден – қызмет, сізден – ықылас», «Бізден – тауар, сізден – талғам», тіпті «Келіңіздер! Көріңіздер!» т.б. десе, мекеменің жаңадан ашылғанын, жаңа қызмет ұсынғанын ап-анық жария етер еді.

Сондай-ақ билбордта «Смелость быть первым» жарнамасын «Бірінші болу – батылдық» деп бадырайтып қотара салу да – қазақ тіліне қиянат. Бұл жарнама мән-мағынасын жұрдай етеді. Қысқасы, жадағайлыққа шақырудың орнына «Батылың жетсе, жол баста» деп аударса, қазақ тілі табиғатына үйлесіп, оқуға да, ұғымға да ыңғайлы, көкейге де тез қонар еді.

Жалпы, домбаз кірпіш тасығандай тікелей, төпелеп тәржіме жасау жат тілдің лексикасын тілімізге күштеп таңумен бірдей. Калька аударма – ана тілімізді құртудың да, тұқыртудың да төте жолы. Өйт­кені ол қазақ тілінің нормасы мен заңдылығын, ерекшелігін бұзады. Сондықтан көптің назарына ұсынылатын кез келген жарнама, көрнекі ақпарат мінсіз болу керек. Яғни өте сауатты жазылуға тиіс. Жергілікті атқарушы билік орындары, жеке меншік иелері, кәсіпкерлер барлық жарнама мәтіндерін әуелі мемлекеттік тілде жазуды міндетіне алса, мемлекеттік тілді дамытуға қосқан зор үлесі болар еді. Бұл – әділетті Қазақстан құру кезеңінде ұлттық, қоғамдық сананың шарты, өлшемі деп ойлаймыз.

Дархан МЫҢБАЙ,

Мәжіліс депутаты

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button