Басты ақпарат

Бурабай Дубайдан арзан ба?

Соңғы жылдардағы статистикаға қарағанда, еліміздің ішкі туризмі жанданып, туристер саны еселеп өскен. Мәселен, 2021 жылы ұлттық парктерге келген туристердің саны 1,5 млн адамға жеткен. Бұл 2020 жылға қарағанда 40 пайызға жоғары. Бүгінгі таңда Қазақстанда жалпы ауданы 2,7 млн гектарды құрайтын 14 ұлттық парк бар. Мұның үшеуі – Ақмола облысында. Атап айтқанда, «Көкшетау», «Бурабай», «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері жалпы туристердің де, елорда тұрғындарының да ең көп баратын демалыс аумағы саналады. Әсіресе аты әлемге әйгілі «Бурабай» ұлттық паркі жаз келсе саяхаттай келген туристерден босамайды.

[smartslider3 slider=3178]

Елордадан 220 шақырым қашықтықта орналасқан Бурабай – Арқа төсіндегі ең ажарлы өлке. Көгілдір көлі, көк орманы, көркем тау шоқыларымен ерекшеленетін бұл өңір Бурабай, Шортанды, Үлкен Шабақты, Кіші Шабақты, Қотыр­көл сынды бір-біріне жақын орналасқан ұсақ көлдерге толы. Міне, осы көлдердің жағасы қазір үлкенді-кішілі демалыс орындарына айналған. Бүгінгі таңда, Щучинск-Бурабай курорттық аймағы қарқынды дамып келеді. Аймақ аумағында 3 мыңнан астам туристі қабылдайтын 189 демалыс орны бар. Бұған өз үйлерін туристерге жалға беретін жергілікті тұрғындардың «отбасылық қонақ үйлерін» қоссақ, Бурабайда туристерді қабылдайтын орындар аз емес. Бірақ жазғы саяхаттың қауырт кезінде, әсіресе, мереке-мейрам, сенбі-жексенбі күндері Бурабайда жатын орын да, дәмханалар да жетіспей қалады. Оның үстіне, Қазақстанда туристерге қызмет өтеу жүйесі дамымаған. Алакөл, Каспий жағалауы, Бурабай, Баянауыл сияқты «атағын ат көтере алмайтын» саяхат орындарының өзінде, жоғарыда айтқанымыз­дай, жаз мезгілінде қонақүй, асхана жетіспейді. Кейбір демалыс орындарында жатар орын болса, тамақ жоқ, тамақ бар жерде жамбас сыяр жер тапшы. Сондықтан да отандастарымыз бір жерге барып демалу үшін аз дегенде бір апталық азық-түлігін ала жүруге мәжбүр. Жаздың шіліңгір ыстығында оны сақтау да оңай емес. Міне, бұл – елімізде туристерге қызмет өтеу саласы көлемденбегенінің айқын дәлелі. Сондықтан да отандастарымыз азық-түлігімізді көтеріп, жататын жер іздеп шаршағанша, бәрі дайын, тамағы, жатар орны да арзан шетелге кеткенді жөн көреді. Міне, осыдан барып еліміздің қыруар экономикасы саяхатшылардың қалтасымен шетел асады да, ел іші туризмі дамымайды.

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың мәліметінше, 2021 жылы бұл өлкеге демалуға келушілер саны 38% өсіп, жалпы туристер саны бір миллион адамға жуықтаған. Облыс әкімінің болжамынша, бұл көрсеткіш биыл 1,2 млн адамға жетсе, 2025 жылға қарай Бурабайға демалуға келетін туристер саны 1,6 млн адамнан асуы мүмкін. «Ақмола өңірінде 600-ден астам туризм саласына жататын мекемелер бар. Оның 341-і – туристерді қабылдау нысандары, 12-сі – сауықтыру-курортты мекемелер, 207-сі – жол бойында қызмет көрсету нысандары. Облыста 73 турис­тік маршрут жұмыс істейді, оның ішінде Көкшетау, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын және Ерейментау аудандары мен Біржан сал ауданының тарихи және киелі орындары қамтылған. Бұлардың дені – Бурабай аумағына орналасқан» дейді облыс басшысы. Демек, Бурабай өңірінің саяхат шаруашылығының әлеуеті жыл сайын артып келді. Бірақ басқа өңірлермен салыстырғанда баға жағынан қымбаттау. Мәселен, бұл өлкеде ең қарапайым орындардың өзінде жамбас ақысы 10000 теңгеден жоғары болса, үш уақыт тамақ 5000 теңгеден жоғары. Оның үстіне елімізде биыл жазғы демалыс орындарының ақысы қымбаттап барады. Мәселен, Алакөл, Бурабай, Зеренді өңірлерінде тынығу құны биыл 20 процентке өскен. Мамандардың айтуынша, оған бірнеше себеп бар. Бастысы, валюта бағамының құбылуы, инфляция және тауардың қымбаттағаны басты себеп болған. Оның үстіне, ел аузында «Бурабайда демалғаннан Дубайда демалған арзан» деген сөз бар. Бұл былай қарағанда жай айта салған сөз сияқтанғанымен, шын мәнінде, негізсіз айтылған сөз емес. Себебі Бурабай саяхаты басқа өңірлермен салыстырғанда жай басталып, ерте аяқталады. Жазда думандатып жататын жағажайлар иен қалып, көл бетін көксүңгі мұз құрсайды. Жазда адам сыймай қалатын қонақүйлерде адам азайып, мейрамханалардың саудасы тоқтайды. Былайша айтқанда, Бурабай саяхатының қызатын мезгілі бір айдан аспайды. Жаңбырлы жылдары оған да жетпейді. Оның үстіне, Бурабайға туристердің көбі көлге шомылып, тауға шығу үшін баратындықтан, бұл өңірдің саяхаты ауа райының әсеріне қатты ұшырайды. Сондықтан да кәсіпкерлер саяхаттың қауырт мезгілінде опырып ақша тауып қалуға тырысады.

Бурабайда тау, орман, көлден басқа да туристерді тартатын тарихи орындар, қазақ мәдениетімен ерекшеленетін этноауылдар да бар. Ботай-Бурабай музейі, Кенесары ханның үңгірі, Қыз Жібек фильмінің бір үзік көрінісін алған Жетімкөл сияқты өңірлер де туристер бір бармай кетпейтін өңірлер саналады. Қазақстандағы алғашқы ашық аспан астындағы «Ботай- Бурабай» этнокешені ерекше қызығушылық тудырады, ол Қазақстан даласында жылқының қолға үйретілуінің ежелгі тарихын ашады. Алты мыңжылдық тарихы бар Ботай қонысы атақты археолог Виктор Зайберттің көпжылдық ғылыми-зерттеулері мен тәжірибесінің негізінде салынған. Ескі қоныстағы 7 үңгір үй тоннель арқылы тұтасқан. Жобаны жүзеге асыруға облыс бюджетінен 70 миллион теңге бөлінген. Дегенмен осындай әлемге әйгілі орында келген туристер таңдайын жібітіп сусын ішетін қалтқы да жоқ. Бір ауыз сөзбен айтқанда, қызмет көрсету жағы қатты ақсап тұр. Бұдан сырт, «Абылайхан» экспозициялық кешені де бүгінгі күні туристерді тартатын жаңа орынға айналса, «Discovery» аумағында іске қосылған аквапарк та туристерді тартудың жаңа түйініне айналған.

Ендеше Бурабайға қалай баруға болады? Елордалықтардың дені бұл өңірге көбінде өз көліктерімен барса, алыстан келген саяхатшылар такси жалдап барады. Такси бір адамға – 3000-4000 теңге. Ал шағын автобустармен барса, бір адамды 1500-2000 теңгемен жеткізіп тастайды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button