Басты ақпарат

Бүркітші қыздың биігі

Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында тұратын, есімі әлемге танылған қазақтың өрімдей бүркітші қызы Айшолпан Нұрғайып­қызы анасымен бірге тарихи атамекеніне, ел ордасы – Астанаға келіп, он шақты күннен бері туған халқының ыстық ықыласына бөленуде.

Айшолпан жасынан әкесінен үйренген бүркітшілік өнерді кәсіп еткен қыз бала. Ол туралы алғаш 2014 жылы ағылшынның Daily Mail басылымында «Қазақтың асыл құндылықтардың бірі – құсбегілік өнерді игерген он үш жасар жалғыз қыз» атты мақала жарияланды. Осы дүние оны әп-сәтте жаһанға танытты. 2016 жылы атақты америкалық режиссер Отто Белл Айшолпан туралы «Бүркітші қыз» (The Eagle Huntress) деп аталған деректі фильм түсірді. Бұл туынды да қазақтың қаршадай қайсар қызының даңқын жер жүзіне жайды. Фильм жарыққа шыққаннан кейін оны атағынан ат үркетін Гарвард және Оксфорд университеттері өздерінде білім алуға шақырды.
Былтыр «Қазақстан» ұлттық арнасының тілшісі Ғабит Бөкенбай Баян-Өлгейге барып Айшолпан туралы тамаша сюжет жасап, жұртшылыққа көрсетті. Сонда бүркітші қарындасымыздың «Google»-дің мәліметі бойынша, XXI ғасырда қазақты әлемге әйгілеген 5 адам болса, соның біреуі екендігін, одан қалды, Айшолпанды көреміз деп Баян-Өлгейге 31 мемлекеттен туристер келгендігін естіп, таңдай қаққанбыз. Сол кезде қарындасымыздың атамекенді бір көрсем деген арманы да бар екендігін білдік.
Міне, Айшолпанның сол арманы толықтай орындалды. Айтпақшы, бүркітші қыз бала ұлттық арна қолға алған «Көшпенділер» деректі фильміне де түскен. Бұл фильмдер топтамасы 12 бөлімнен тұрады. Онда шет елде тұратын қандастардың өмірі, тағдыры баяндалған. Туынды ұлттық арнадан 14 қазаннан бастап көрсетіле бастайды.

Сондай-ақ елімізге алғаш табаны тиген Айшолпанға «Білім – инновация» қоғамдық қоры да тамаша сый жасады. Қор басшысы Дархан Өте оған тарихи отанында қалып, елордадағы «Spectrum» халықаралық мектебінде оқуын жалғастыратын, құны 20 мың доллар тұратын білім грантын салтанатты түрде тапсырды. Қазір ол Баян-Өлгейдегі жергілікті мектепте 12-ші сыныпта оқиды екен. Дархан Өте өз сөзінде Айшолпанға әлемдік үздік жоғары оқу орындарында білім алуға бар мүмкіндікті жасау үшін осы грантты ұсынып отырғанын айтты. Ал «Spectrum» халықаралық мектебінің басшысы Артур Төлепбеков Айшолпанға барлық жағдай жасалатынын жеткізді. Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университеті де өздерінің кез келген мамандыққа оқуға түсетін білім грантын сыйлады. Осындай көл-көсір қуаныш үстінде халқымызды жер жүзіне танытқан жеткіншекті өмірге әкелген анасы Алмагүл көзіне жас алып, қызының жақсы білім алуына мүмкіндік туғызған азаматтарға алғысын айтса, Айшолпан да қолдау көрсеткен ағаларына ризашылығын білдірді.

 

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button